- Advertisement -

«Құралайдың салқыны» ұзап бара ма?

284

- Advertisement -

Наурыз бен сәуірдің «салқын қабақ» танытқанына мақұл делік. Ал мамыр айына не жорық? Міне, бітуге таяу, ал, мамыражай күнді көрмедік. Қыстың соңғы айынан-ақ көктем шуағын сезінетін біздің өңірліктер биыл жаздың ыстығын асыға күтуде. Рас, соңғы кейбір күндері сынап бағанасы 30 градусқа дейін көтерілген ыстық күндер болды. Алайда арты дауылға ұласып, біршама тал-дарақтарды сындырған жауын-шашынға ұласты. Қара суық та жұрттың есінде. Сол тұста ғой, Т.Рысқұлов, Жуалы аудандарындағы тауларға жұқалтаң қар түскен. Қариялардың сөзінше, биыл жеміс-жидек жылдағыдан аз болатын сыңайлы. Өйткені апта айналып секундына 20-25 метрге дейін соққан жел енді ғана гүлдеген жеміс ағаштарын зақымдап үлгерген.
Күн райы неге құбылып тұр? Бұл – көпшіліктің көкейіндегі сауал. Жылда бұл уақытта суға түсіп, тауға шығып демалатын жұртқа биылғы көктем «жылы қабақ» танытар емес. Күні кеше солтүстік өңірлерде қалыңдығы 5-10 сантиметрге дейін қар түссе, іргеміздегі Алматы мен Оңтүстік Қазақстан облыстарында қатты жел тұрғанын айтады ары-бері жолаушылап жүргендер. Ал «Қазгидромет» мамандары алдағы 2-3 күнде облысымызда +5 – +7 градус температура сақталатынын болжауда. Бұл дегеніңіз, әбден ыстыққа үйренген біздің жерлестеріміз үшін әжептәуір салқын.
– Бүгін облысымыздың кей жерлеріне тұман түсіп, найзағай ойнайды. Ертең де осындай болады деп күтілуде. Ал Қордай, Меркі аудандарында жаңбыр жауады. Ауа температурасы қалада жылылық болғанымен, кей жерлерде түнде +3 – +8 градус аралығында сақталады, – дейді «Қазгидромет» РМК облыстық филиалының инженер-синоптигі Жанат Маткерова.
Реті келгенде айта кетейік, ресми жұлдызшылар келесі айдың алғашқы және соңғы онкүндіктерінде күн +30 градусқа дейін ысығанымен, орта тұсында тағы да біршама салқын болатынын болжауда.
Ал енді көнекөздердің сөзіне құлақ түріп көрейік. Бабалар ұғымында «Құралайдың салқыны» деген бар. Бүгінде бұл сөз сирек қолданылуынан жадымыздан көмескіленіп бара жатыр.

Ауылдағы қариялардың аузынан оқтын-оқтын естіп қалатынымыз болмаса, қаладағы жұрттың көбі әлдеқашан ұмытқан. Мамырдың орта тұсында қалың киімінен жеңілдеп, жылы ауаға бой үйрете бастаған көпшілікті бір тоңдырып өтетін қоңыр салқын күндерді «Құралайдың салқыны» деп атаудың өз мәні бар. Қоршаған ортасымен тығыз қарым-қатынаста болған бабаларымыз киіктің жаппай төлдеуі, төлін аяқтандыруы табиғаттың құбылмалы, салқын кезіне дөп түсетіндіктен, бұл кезді «Құралайдың салқыны», «Құралайдың суығы», «Киіктің лақ өргізбесі» деп атапты. «Құралайдың салқынында» күн күрт бұзылып, таулы, шоқылы жерге бұлт үйіріледі. Мұндай қолайсыздық бір аптаға, кейде он шақты күнге созылады. Осы тұста төлдеуі жақындаған түз тағысы бұлт үйірілген жерге топтасатын көрінеді. Оның мəнін аңшылар «Қоңыр аңдар күннің көзінен таса жерге төлдеуге ұмтылады» деп түсіндіреді. Ел арасында «Киік лақтаса, найзағай ойнайды» деген сөз бар.
Құралайдың салқыны амалында аспанды бұлт торлап, аздаған жел тұрады. Осы кезде жаппай төлдеген киіктердің лақтары желге қарсы жүгіріп, тынысын ашып, тез аяқтанып кетеді екен. Бір ғажабы, киік қанша көп болса да, 2-3 күн ішінде түгелдей төлдеп үлгереді. Сонымен қатар аналық киіктер кез келген құралайды емізіп, бауырына ала береді. Құралайдың айдалада жетім, жалғыз қалмайтыны осыдан-мыс.
Қариялардың сөзінше, «Құралайдың салқыны» кей жылдары суық жаңбырға ұласып, мал мен жанға қолайсыздық əкеліп, əбігерге салатын кездері де болады. Биылғы амалдағы күн райының оң қабақ танытпай тұрғанының себебі де осы сыңайлы.
Айтпақшы, біз жоғарыдағы ұғымды әдеттегідей ғаламтордан іздеп көрдік. «Уикипедия» мынадай дерек ұсынды: «Құралайдың салқыны» – Қазақстанда шамамен 20 мамырдан бастап он шақты күнге созылатын ауа райының құбылысы.
Диқандар мен шаруаларға қайырын бергей!

Асхат РАЙҚҰЛ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support