Қоғам

Қант қызылшасын өсіру қарқын ала бастады десек те...

Қант қызылшасын өсіру қарқын ала бастады десек те...

Елімізде ауыл шаруашылығын алға шығару мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы барған сайын кеңейе түсуде. Оның ішінде отандық тұқым шаруашылығын оңтайландырып арттыруға айрықша көңіл бөлініп отыр. Бұл жағынан Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың жүктеп отырған тапсырмалары мен міндеттері ұшан-теңіз. Осы бағытта қант қызылшасына ерекше назар аударыла бастады. Енді осы бір мәні мен маңызы зор көкейкесті мәселені ғылыми тұрғыдан байыпты түрде таразыға салсақ, тағылымы жетерлік талай жайларға қаныға түсеміз.

Әлемдегі қант нарығына үңілер болсақ, қант негізінен қант құрағынан және қант қызылшасынан алынады. Қант құрағының өндірісі 1,4 миллиард тоннаны құрайды. Ал, қант қызылшасының үлесі 270 миллион тонна. Әлемдегі қант өндірісінің жалпы көлемі 131 миллион тонна болса, оның ішінде қант құрағынан – 98 миллион тонна, қант қызылшасынан – 33 миллион тонна (25,2 пайыз) өнім шығарылады. Бразилия, Үндістан, Қытай, АҚШ әлемдегі қант құрағы өнімінің ең ірі өндірушілері болып табылады. Бүкіл дүниежүзі бойынша қант қызылшасының егістігі 5 миллион гектар жерді алып жатыр. БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің ақпараты бойынша қант қызылшасының ірі өндірушілері қатарындағы Ресей – 45, Франция – 33, АҚШ – 31, Германия – 27, Украина – 18, Түркия – 15 миллион тонна тамыр жемісті жыл сайын өндіріп отырады екен. Әр тұрғынға шаққандағы қантты тұтыну деңгейі жетекші орында тұрған Украинада 37, Ресей мен Белоруссияда 35 килограмнан айналып тұр. Енді Қазақстандағы қант қызылшасын өндірудің қазіргі жағдайына тоқталатын болсақ, соңғы жылдары еліміздің жаңа әлеуметтік-экономикалық бағыт-бағдарына байланысты республиканың ауыл шаруашылығында, оның ішінде қант қызылшасы өнеркәсібінде күрделі өзгерістер болды. Осы заманғы аграрлық қарым-қатынастағы елдердің даму тенденциясына талдау жасау Қазақстанның АӨК-нің (агроөнеркәсіп кешені) ары қарай дамуы мемлекеттік қолдаудың тиімділігі және қант зауыты төңірегіне топтасқан кооперативтік бірлестіктерді құру есебінен инновацияны енгізуге тең дәрежеде ыңғайлы жағдай жасау арқылы бәсекеге қабілеттілікті арттыруға жұмылдырылуы керек екендігін көрсетеді. Республикада қант қызылшасын өсірген жылдардағы егістік алқабының ең жоғарғы көлемі 80,8 мың гектарға жетіп, орташа өнімділік әр гектарына 270 центнерді құраған еді. Бұл ретте қызылша ауыспалы егістігі айналымын игеру үшін 213,5 мың гектар суармалы жер пайдаланылды. Осының арқасында өнімділік жөнінен ең жоғары нәтижеге 1972 жылы қол жеткізілді. 73,1 мың гектардың әр гектарынан 338 центнерден тәтті түбір жиналып, мемлекетке 2349,5 мың тонна қант қызылшасы өткізілді. 1976 жылы Талдықорған облысының екі ауданы: Киров (5,2 мың гектардан) және Талдықорған (9,2 мың гектардан) тиісінше 366 және 375 центнерден өнім алды. 2004 жыл мен 2014 жыл аралығында елдегі қант қызылшасы алқабы 22,3 мыңнан 1,2 мың гектарға дейін күрт қысқарды. Қант қызылшасы – біздің елімізде қант алуға арналған негізгі шикізат, оның өндірілу деңгейі елдің азық-түліктік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Қазақстан қызылша өсіруді қайта дамыту әлеуетіне де ие. Республиканың табиғи-климаттық жағдайы бұл дақылды Алматы облысының 10 ауданында (Алакөл, Ақсу, Еңбекшіқазақ, Ескелді, Жамбыл, Іле, Қаратал, Көксу, Сарқанд, Талғар), Жамбыл облысының 5 ауданында (Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Мерке) және Оңтүстік Қазақстан облысының 4 ауданында (Мақтарал, Отырар, Сарыағаш, Шардара) өсіруге мүмкіндік береді. Әрине, бұл ретте өнімділіктің, өнімнің сапасы мен шығын көлемінің айтарлықтай әртүрлі болары анық. Өткен жылдардағы қант қызылшасын өсірудің тәжірибесі республикада суармалы жердің әр гектарынан 400 центнерден, тәлімі жерден 200-250 центнерден тұрақты өнім алуға болатынын көрсетеді. Қазіргі кезде Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Ол бойынша 2021 жылы қант қызылшасы алқабын 32 мың гектарға дейін жеткізу және жалпы өнім көлемін 1,0 миллион тоннаға өсіру жоспарланып отыр. Осы арқылы ішкі нарықты отандық шикізаттан алынған қантпен толтыру, импорттық шикізатқа тәуелділікті төмендету, қант қызылшасын өндіретін шаруашылықтарға жұмысын алға бастыру үшін қолдау жасау белгіленгенін де атап айтуымыз керек. Республиканың жыл сайынғы қантқа сұранысы 400 мың тоннаны құрайды. Сарапшылардың есебі бойынша Кедендік одақ елдерінде (Ресей, Белорусь, Қазақстан) тәтті түбірдің жаңа жиналымынан 5,3 миллион тонна қант өндірілген. Бұл Кедендік одақ елдерінің жыл ортасына дейінгі тұтынушылық талабын қанағаттандыруға және артылғанын экспортқа шығаруға жетеді. Жамбыл облысындағы қант қызылшасы өндірісі жайлы ойымызды ортаға сала кететін болсақ, облыста өткен ғасырдың 30-шы жылдарынан бастап 42 мың гектардан астам жерге қант қызылшасы өсірілді. Әр гектардан орташа 300 центнерге дейін өнім алынып келгені белгілі. Алайда КСРО күйрегеннен кейін қызылша өсірудің көптеген дәстүрі жоғалып кетті. Бүгінде облыста осы дақылдың даңқын қайта жаңғыртуға, өсіру технологиясын қалпына келтіруге, бұрынғы өнім көлеміне қол жеткізуге күш салынуда. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша, 2017 жылы 9,5 мың гектарға қант қызылшасы егіліп, оны жинау кезеңіне 8,0 мың гектары сақталыпты. Дақылдың орташа өнімділігі 220 центнерді құраған. Көп жерде бұл көрсеткіш 200 центнерден аспаған. 2015 жылы жергілікті шикізаттың үлесін көбейту есебінен Жамбыл облысындағы екі қант зауыты қант қызылшасын өңдеуге толық көшуі жоспарланған, бірақ та Тараз қаласындағы зауытта қант құрағы шикізаты әлі де өндірістің негізгі көзі болып қалып отыр. Осы жылдан бастап Меркі ауылындағы жергілікті қант зауытын өздерінің шикізатымен толық қамтамасыз ету де жоспарланған. 2016 жылы облыстық бюджеттен қант қызылшасын себетін шаруашылықтарға жалпы 420 миллион теңге бөлінді. Оның 220 миллион теңгесі тұқым сатып алуға, ал 200 миллион теңгесі техника алуға бағытталған. 2017 жылы тәтті түбірді өсіру үдерісін, яғни тұқым себуден өнімді жинауға дейінгі жұмыстарды үйлестіру өкілеттілігі берілген арнаулы комиссия бақылап отырды. Өкінішке орай, тұқым өндірісі жөнінен біз елдің тұтыну деңгейінен әлдеқайда артта қалдық. Тұқым нарығында импорттық тұқым 95 пайызды құраса, ал, отандық өнімнің үлесі бар болғаны 5 пайыз ғана. Яғни елімізде бұл дақыл тұқымының өндірісін мүлдем дерлік жоғалттық деуге болады. Бұған қоса көптеген аймақтарда, себілетін тұқым сапасына деген бақылаудың жоқтығынан, карантиндік зиянкестер мен аурулардың еніп кету қаупі туындауда. Қазақстанда қант қызылшасы тұқымын өңдеу, жетілдіру зауытының жоқтығы және элиталық тұқым шаруашылықтарының болмауы алынған қант қызылшасы тұқымын осы заманғы халықаралық стандарттарға (сорттау, кептіру және т.б.) сай себу кондициясына жеткізуге мүмкіндік бермейді. Осыдан барып жылдағы 25-30 мың егіс бірлігі көлеміндегі зауыт салудың қажеттілігі туындап отыр. Ол бізге жоғары сапалы тұқым алуға және оны төмендетуге мүмкіндік туғызбақ. Жалпы қажеттіліктегі тұқымның отандық өндірісінің үлесін 45-52 пайызға жеткізіп, оның материалдық-техникалық базасын жаңғырту керек. Қазақстан Республикасының 2021 жылға дейінгі өңдеу өнеркәсібін дамытудың «Мастер-жоспарына» сәйкес қант саласына қолдау көрсету үшін мемлекеттік қолдаудың әртүрлі жолы, тәсілі арқылы 2021 жылға дейін 11 миллиард теңге бағыттау жоспарлануда. Бұл үстіміздегі онжылдықтың аяғында отандық шикізаттан алынатын қант өнімі көлемін 2013 жылғы 8 мың тоннадан 100 мың тоннаға жеткізуге мүмкіндік береді. Осы арқылы тұрғындардың қант өніміне деген сұранысын есепке ала отырып, ішкі қажеттіліктің 25% қамтамасыз етуге болады. Қазіргі кезде қант қызылшасы тұқымының фабрикалық репродукциясын шығарумен ешкім айналыспайды. Тұқымды өсіру бір жұмыс, оны әрі қарай өңдеп, сатылымға шығаруға жеткізу керек қой. Мұндағы тағы бір мәселенің бірі – оларды егіске сапалы дайындау. Бұл тұқымның өміршеңдік тұрғыда іріктелуіне, жақсы қорғалуына, дұрыс сақталуына қатысты болмақ. Техникалық мүмкіндіктің, яғни тұқымды жетілдіретін зауыттың жоқтығынан біз ұтылып отырмыз. Қазіргі кезде тұқымды себуге әзірлеу қарабайыр тәсілмен жүргізілуде. Тұқым дайындау қарапайым әдіспен түрлі електерден өткізу және «ТМТД» препаратымен дәрілеу арқылы жасалып отыр. Осының салдарынан республикада әлі күнге дейін отандық селекция будандары өндірісте пайдалануға жіберілгендігіне қарамастан, тұқым дайындау халықаралық стандартқа сай келмегендіктен, айрықша сұранысқа ие емес немесе аз мөлшерде ғана қолданылады. Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты (ҚазЕжӨШҒЗИ) Қазақстандағы қант қызылшасы өндірісін ғылыми жағынан қамтамасыз ететін бірден-бір мекеме. Бұл ретте өнімі сапалы, өнімділігі жоғары әрі ауруға төзімді жаңа сорттар мен будандарды шығаруға, бастапқы және элиталық тұқым әзірлеуді өз деңгейінде жүргізуге, сондай-ақ оны өндірудің технологиясын жетілдіруге ерекше назар аударылады. Біздің міндетіміз – қант қызылшасының элиталық тұқымы мен аудандастырылған будандарының бастапқы компоненттерін көбейту. Мәселен, республикада жоғары репродукциялы қант қызылшасы тұқымын шығарумен бүгінгі уақытта тек Алматы облысындағы аттестаттаудан өткен екі элиталық-тұқымдық шаруашылық: «ҚазЕжӨШҒЗИ» және «Қамқорлық» ЖШС айналысады. Осы орайда институт жылдық мөлшері 1,5 тоннадан 4,0 тоннаға дейін жететін өзіндік элиталық тұқым өндірсе, ал «Қамқорлық» ЖШС жыл сайын отандық будан тұқымын 7-ден 10 тоннаға дейін шығарады. Алдағы уақытта тұқым өндірудің осындай көлемі және оны қосымша ұйымдастырылатын тұқым шаруашылықтары арқылы ұлғайту егістік алқабының жоспарланған деңгейіне қол жеткізер еді. 2017 жылдың аяғында біздің институт ғалымдары «Ғылым қоры» АҚ-ның өндіріске дайын әзірлемелерді коммерциялау мақсаты бойынша гранттық қаржыны «Отандық селекциядағы жоғары сапалы қант қызылшасы тұқымын өндіру технологиясы» жобасы бойынша ұтып алды. Жоғары сапалы тұқым өндірудің ұсынылып отырған технологиясы «Агроөнеркәсіп кешені саласындағы қолданбалы ғылыми- зерттеулер» атты республикалық ғылыми-техникалық бағдарлама аясында жасалған. Кейінгі жылдары ғылыми-техникалық бағдарламаның орындалуы нәтижесінде институтта Қазақстан Республикасы өндірісіне жіберілген қант қызылшасының отандық буданы шығарылуда. Алайда республикада қазақстандық селекциядан шыққан буданның тұқым шаруашылығын, яғни, тұқымды халықаралық стандартқа жеткізетін зауыттың болмауынан, осы уақытқа дейін кеңінен қолданылмай отыр. Жоба бойынша осы заманғы отандық селекциядағы тұқымды тазалау желісінің құрылысы, супер-элиталық, элиталық тұқым мен отандық бірінші репродукциялық буданның өндірісі, ҚР тұқым дайындайтын шаруашылықтары мен тауар өндірушілерін жоғары сапалы отандық селекциядағы будан тұқымымен қамтамасыз ету, тұқым өсіретін шаруашылықтарға, шаруа қожалықтарына, фермерлік шаруашылықтарға консалтингтік, зертханалық және басқа қызметтер көрсету көзделген. Осының бәрі қант қызылшасының отандық буданын ілгерілетуге, бірінші репродукциялық тұқым өндіретін үш шаруашылық ұйымдастыруға, экологиялық сортты сынау нәтижесінде ерекшеленген бәсекеге қабілетті, жоғары өнімді будандарды өндіріске енгізуге, республикалық, облыстық семинар-кеңестер, «Егінжай күндерін» ұйымдастыруға ықпал етеді. Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының жекеменшік әріптестері – «Қамқорлық» элиталық тұқым шаруашылығы ЖШС-мен және «Жылыбұлақ» ЖШС-мен бірлесе отырып, отандық қант қызылшасы тұқымының үлесін 2020 жылға дейін кезең-кезеңімен жалпы қажеттіліктің 50 пайызға жеткізуді, отандық өндірісті егістік сапасы жоғары тұқыммен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. «Ақсу», «Айшолпан», «Тараз», «Шекер» атты қазақстандық қант қызылшасы буданын, сондай-ақ қант қызылшасының жаңа бәсекеге қабілетті түрлерін өсіру жөніндегі ұсыныстарды республикада ғана емес, осындай табиғи-климаттық жағдайымен бұл бағалы дақылға сұранысы бар Қырғызстан мен Өзбекстанда да пайдалануға болады. Мемлекеттің қант қызылшасы кешенін экономикалық дамуымыздағы негізгі рөлі – елдің азық-түліктік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданған талаптар негізіндегі, жалпы экономиканы өркендету аясында кеңейтілген жұмыстарға институционалды жағдай жасауда жатыр. Жобаны жүзеге асыру қант қызылшасы егіс алқабын және қант қызылшасы көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл тұтастай алғанда, осы әлеуметтік маңызды өнім бойынша азық-түліктік қауіпсіздікті нығайтады.

Серік КЕНЕНБАЕВ, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі.