- Advertisement -

Бізге де бір Оғыз Доған қажет шығар…

180

- Advertisement -

«Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауына

Қазақ баспасөзінде тіл тақырыбы қашан да маңыздылығын жойған емес. Бұрындары тіл үшін «өйту керек, бүйту керек» деген тек жалынды қызыл сөздер көп айтылса, қазір технологияның дамыған заманы болғандықтан шығар, іс-әрекетке көшкендер қатары көріне бастағандай.
Әрекет болғанда, мемлекеттік тілде қызмет көрсетпейтіндер мен оны аса қажетсінбейтіндердің әрекеттерін аудиотаспаға, бейнекамераға жазып алып, әлеуметтік желіде жариялау үрдіс ала бастады. Мұның «жарқын үлгісін» түрік журналисі Оғыз Доған көрсетіп берді. Алғашында ұшақта мемлекеттік тілде жауап беруден бас тартқан Air Astana компаниясын сотқа беріп, жеңіп шыққан ол кейін «Қазкоммерцбанк» басшыларын да дәл осылай қатты састырды. Қазақ тілінде қызмет көрсеткісі келмеген банк қызметкерлері осы бейнежазба жарияланған күннің ертеңіне-ақ өз қылықтары үшін жалпақ жұрттан кешірім сұрап әлек болды.
Неге Оғыздың әрекетін өзіміз жасамаймыз осы? Аталған банк қызметкерлерінен мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді өтінген жағдайды Оғыз Доған заңның аясында мәдениетті, сыпайы түрде ұйымдастырды, өзін өте сабырлы ұстады, шектен шықпады. Иә, бұл үшін бізге жүректілік қажет. Олай жасағымыз келеді, бірақ қымсынамыз, ұят сықылды. Әлде қазақ болып жаратылып, қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап етуге құлықсызбыз, әлде «ішкі комплексіміз» кедергі болады.
Белгілі заңгер Абзал Құспан Akjunis.kz
cайтына берген сұхбатында оның себебін Оғыздың Осман империясының өкілі екендігімен, империялық рухта тәрбие алғандығымен, ал біздің бала кезден кедергілерге тап болып, өзімізді өзгелерден төмен санап, қаймығып өскендігімізбен байланыстырады.
Әрі қарай былай дейді:
«…Қарапайым бір ғана мысал – ең алғаш 2009 жылдары Орал қаласында бүкіл қоғамдық көліктерді қазақшалаймын деп жалғыз өзім кірістім. Қарап отырсам, бәлен жылдық жоғары заңгерлік білімім бар, прокуратурада істеген тәжірибелі заңгермін. Солай бола тұра, менің өзіме қазақ тілі үшін күресу оңай болған жоқ. Әртүрлі психологиялық-әкімшілік кедергілерге тап болдым. Ең алдымен қоғамдық көлікке отырып, қазақша қызмет көрсетпейтін үш-төрт факті тіркеуім керек болды. Сол үшін екі-үш қоғамдық маршрутты таңдап алып, солардың қызметін тіркемек болдым. (Ол кезде әлеуметтік желі деген болған жоқ, болса да, кең тараған жоқ, мен ол кезде ешқандай желіде жоқ едім… Телефонға түсіру деген болған жоқ…) Содан үстімде костюм, галстук… көлігімді бір аялдаманың жанындағы тұраққа қойдым да, бір автобусқа міндім. Қарасам, кондуктор бір дәу, жалпиған орыс тілді әйел екен. Оның қазақша қызмет көрсетпейтіні айдан анық. Міне, соған қазақшалап, «қазақша қызмет көрсетіңіз, әйтпесе мен төлемеймін» деп айту үшін үлкен күш қажет болды. Былайша айтқанда, екі тізем дірілдеп кетті. Ал анау әйел бақырып-шақырып жатыр… Айналып келгенде, артымда тұрған қазақтар маған айғайлады, «біздің уақытымызды алып жатырсың» деп. Сол кезде мен өз-өзімнен қысылып, іштей өте бір жайсыз күй кешіп, келесі аялдамадан түсіп қалғам. «Мен не істеп жүрмін?..» деп біраз есеңгіреп отырдым. Сосын есімді жиған соң, «заңгер басыммен мен заңды іс жүзінде асыра алмасам, басқалар не істей алады? Кімге не деп өкпелейміз?..» деп, қайтадан қайратымды жиып алып, қайтадан автобусқа мініп, мемлекеттік тілде қызмет көрсетуден бас тартқан автобустарды тіркеп, автопаркке сотқа дейінгі талап қойып, олар кінәсін мойындап, қазақтілді кондукторларды жұмысқа алып… қысқасы, осындай жағдайлар болған. Сол кезде мен қалыптасып қалған қоғамдық дағдымен күрестің оңай емес екенін өз басымнан өткіздім. Батыл әрекет етіп, дұрыс талап қойсақ, мақсатымызға жететінімізді де бар жан дүниеммен сезіндім».
Міне, көпшілігіміздің іштей тіл үшін күрескіміз-ақ келеді, бірақ қоғамдық орындарда, халыққа қызмет көрсететін мекемелерде нақты жүзеге асыруға шыдамымыз жетпейді.
Осы орайда тіл үшін күресіп жүрген павлодарлық Руза Бейсембайтегін де атап өтпеуге болмас. Руза Бейсембайтегі де жолаушылар тасымалдайтын автобустарда, дүкендерде қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап етіп құзырлы органдарға дейін барып күресіп жүрген тіл жанашырларының бірі. Бір қынжыларлығы, ол да автобуста «қазақша сөйлеңіз» деп кондукторлардан талап еткенде жолаушылардың өзі оған жабылып ұрысып берген. Біздегі қазақ тілінің бет-бейнесін көргіңіз келсе, осылай халыққа қызмет ететін орындардан бастау керек.
Облысымызда халыққа қызмет көрсетуде мемлекеттік тілге басымдық берілетінін білеміз. Алайда тілді шұбарлап немесе қазақша сөйлесеңіз, орысша шүлдірлей жөнелетіндер де жоқ емес. Кейбір ресми жиындарда «сәлеметсіздермені» сақаулап бастап, әрі қарай орысша желдірте жөнеліп, баяндамасының ең соңына келгенде қайтадан кекештеніп, «назар қойып тыңдағандарыңызға рахмет» деп аяқтайтын басшылар да жиі кездеседі.
Сондықтан, оларды тезге салу үшін мүмкін бізге де бір Оғыз Доған қажет шығар. Қалай дегенде де, тіл үшін күресетін шетелдік «Суперменді» күтіп жата бермей, өз іс-әрекетімізді көрсетейік дегім келеді. Ол үшін ең бірінші міндет – қандай қызмет түрі болсын қазақша қайырылу. Мейлі, дүкен, асхана, қоғамдық көлік, банк болсын. Тіпті терминалдан айлық жалақы алғанда да қазақ тілі деген батырманы басуды ұмытпайық…

Шынар Сағиева

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support