- Advertisement -

Ақкөлге «Бақ құсы» қайта қонады

337

- Advertisement -

дейді ауылын көркейтуге 29 миллион теңге жұмсаған түлектер

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы талайдың мақсатына бағдаршам болып, талай жақсы істерге жол ашқаны мәлім. Жүздеген ауыл, мектептер мәдени-спорттық нысандармен қамтылып, жөндеуден өтіп, ажарлана түсті. Аталған мақала аясындағы «Туған жерге туың тік» жобасына қолдау білдіргендер қатарында ақкөлдік түлектер де бар. Осындай туған жерін қастерлейтін перзенттердің арқасында бұл ауыл тотыдай түрленді. Әлбетте, қай мектептің түлектері болса да алтын ұяларына соңғы қоңырау салтанаты кезінде атбасын бұрады. Ақкөлдік азаматтардың тартуы да осы рәсім кезіне тұспа-тұс келді.

Ақкөл – тоғыз жолдың торабындағы ауыл. Саудакент, Жаңатас, Мойынқұм, Шығанақ, Қамқалы жақтардан ағылған барлық көліктерді Таразға жалғап жатыр. Ауданның 90 жылдық тарихы бар десек, оның 64 жылында Ақкөл аудан орталығы болған екен. Міне, осындай ғажайып ауылға мектеп түлектерінің тарту жасап, қарлығаштың қанатымен су сепкендей жанашырлық танытуы тұрғындар көңіліне үлкен үміт сыйлады. Ақкөлдің кіреберіс жолайрығына орнатылған «Бақ құсы» монументі бұрынғы аудан орталығының ұшып кеткен бақ құсын қайта қондырғандай әсерге бөледі. Мұнда биік тұғырда жершары, оның үстіне алыс арманға қанат қаққан алтын қыран, тұғырдың төменгі бөлігіне үш алып барыс бейнеленген. Түйіндеп айтқанда, ауылға айбар болатын, рухты оятатын құндылық. Монумент құрылысына 8,5 миллион теңге жұмсалыпты.
«Бақ құсы» монументінің ашылу салтанатында аудан әкімі Досмұхамед Әлиев сөз сөйлеп, Елбасының бағдарламалық мақаласы аясында туған ауылдарына атбасын бұрып, қолдау білдіріп, осы монументті салып берген түлектер «Пырақ-құрылыс» компаниясының директоры Талғат Жолтаевқа, «Талас-құрылыс» компаниясының директоры Әсет Ахатаевқа, «Даму стройсервис» компаниясының басшылары Нұрлан Бердиев пен Шәріп Әбдірәсіловке алғысын білдірді. Сондай-ақ ол тұрғындарды ауылдың түрлене түсуімен құттықтады. Мұнан соң Ақкөл ауылдық округінің әкімі Асқар Қуаныш, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байұзақ Көлбаев елге жанашыр түлектерге алғысын білдірсе, Ақкөл ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрғанбай Тәжібеков аталар жолымен батасын берді.
Бір айта кетерлігі, Ақкөлдегі іс-шараға сонау Германия елінен де қонақтар келді. Олар: Ақкөл мен Ойық ауылдарының тұрғыны болған Владимир Каракин, Владимир Вернер, Александр, Валентина, Оля, Светлана Штромдар. Қуанышты жиында Владимир Каракин мен Оля Штром сөз сөйлеп, алыста жүргенде Қазақстанды, Таласты аңсайтындарын айтып, өздері туып-өскен мекеннің гүлдене беруіне тілек білдірді. Сондай-ақ құрылысшы түлектер атынан Талғат Жолтаев сөз сөйлеп, қолдау білдірген көпшілікке рахмет айтты.
Мұнан соң жиналған көпшілік Ақкөл ауылында 1981 жылы туған түлектер 15 миллион теңге қаржыға салып берген Ақкөл күрес кешені мен 1971 жылы осында өмірге келген азаматтар 5 миллион теңгеге салған жазғы мәдени-спорттық демалыс алаңының ашылуына куә болды. Бұл жерде де аудан әкімі Досмұхамед Әлиев сөз сөйлеп, Байұзақ Көлбаевпен бірге лентаны қию құрметіне ие болды. Бұл ретте 30 жылдық түлектер арасынан Сағи Бейсенбековті, Жасұлан Сартаевты, Айдар Болтаевты ерекше атап өткен жөн. Атап айтқанда ақкөлдік түлектер 29 миллион теңгеге ауылға көмек көрсетіп отыр.
Кейін айтыскер Басқанбек Раев арнау айтып, көпшіліктің көңілін жадыратты. Жергілікті өнерпаздар концерттік бағдарлама ұсынды. Сондай-ақ қазақ күресінен облыстық деңгейде «Түйе балуан» бәсекесі, аудандық жасөспірімдер бәсекесі өтті.
– Бұрын мектептің залдарында күреске бала дайындап жүрдік. Отыз жеткіншек болатын. Енді 60 баланы қазақ күресіне, самбоға баулуға толық мүмкіндігіміз бар. Қазірдің өзінде Мақсат Таубай, Болат Нұрмұхамед деген шәкірттеріміз республикалық жарыстың жүлдегері болып үлгерді. Алдағы уақытта одан да үлкен табысқа жетпекпіз. Осы кешенді салып берген түлектерге алғысымыз шексіз, – дейді ауылдағы күрес үйірмесінің аға жаттықтырушысы Досан Қалаубеков.

Есет Досалы,
Сәулембай Әбсадықұлы.

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support