Экономика

Аграрлық саладағы атқарылар іс ауқымды

Аграрлық саладағы атқарылар іс ауқымды

Бүгінде еліміздің ауыл шаруашылығы саласын дамыту айрықша маңызға ие. Әсіресе суармалы жерлерді пайдалану, су қатынастарын құқықтық реттеу, шалғай жайылымдықтардағы мал шаруашылығын дамыту мәселелері оңтайлы шешілуі керек-ақ. Бұл облыстық әкімдікте өткен Парламент Сенаты депутаттарының аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті мүшелерінің көшпелі отырысында кеңінен талқыланды. Кеңес жұмысына облыстың бірқатар мемлекеттік органдарының, шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылығы кооперативтерінің басшылары да қатысты.

Жиынды жоғарыда аталған комитеттің төрағасы Жеңіс Нұрғалиев ашып, Мемлекет басшысының биылғы дәстүрлі Жолдауында: «Аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек. Шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығуымыз қажет. Сонымен қатар жерді барынша тиімді игеретіндерді ынталандырып, ал дұрыс пайдалана алмайтындарға шара қолдану керек. Тиімсіз субсидияларды ауыл шаруашылығы кешені субъектілеріне арналған банк несиелерін арзандатуға қайта бағыттау қажет. Бес жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын, тиісінше, кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырамын», – деген тапсырмасын еске салып өтті. Жеңіс Мирасұлы өз сөзінде Жамбыл облысы суармалы жерлердің көлемі бойынша елімізде алдыңғы қатардың бірінде екенін, алайда салада бірқатар өзекті мәселелердің де барын атап өтті. Мәселен, Ауыл шаруашылығы министрлігі су ресурстары жөніндегі комитетінің мәліметтері бойынша, аймақтағы 229,7 мың гектар суармалы жердің 86 мың гектары өз мақсатында пайдаланылмауда.

Комитет төрағасының айтуынша, облыстың көптеген шаруашылықтарында дренаждық суландыру жүйелері мен шаруашылықаралық су құбырларының тозығы жеткен. Бұл нысандарға паспорттау рәсімдерін жүргізіп, тиісті деңгейде пайдалануға беру керек. Баяндамашы сонымен қатар жайылымдық жерлер туралы заңнамаға түзетулер енгізілуіне байланысты туындаған мәселелерге де тоқталып өтті. Оның пікірінше, бұл бағыттағы заңнамалық базаны жетілдіру жұмыстарын жалғастыра беру керек. Бұдан кейін сөз алған облыс әкімінің орынбасары Мәден Мұсаев 2017-2021 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы кешенін дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаны өңірде іске асырудың жай-күйі жөнінде баяндап берді. – Елбасы өзінің биылғы Жолдауында өнеркәсіп кешенін жаңа технологиялық деңгейге жеткізу міндетін алға қойғаны белгілі. Бұл өз кезегінде аграрлық саладағы еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Осы бағытта облыста бірқатар шаралар жүзеге асырылып, өңірдің ауыл шаруашылығы саласы жылдан-жылға даму үстінде. Бұған агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы оң септігін тигізуде. Осы бағдарлама шеңберінде облыстың агроөнеркәсіптік кешенін 2018-2021 жылдарға арналған дамыту картасы әзірленуде. Бұл картада әр ауданның ерекшеліктерін ескере отырып, ауыл шаруашылығы саласын одан әрі жаңа алдағы жылдары қол жеткізілуге тиіс мақсаттар айқындалып, жаңа мақсаттар алға қойылды. Жалпы, 2017 жылы саланы дамытуға 15,4 миллиард теңге қаржы бөлінсе, (республикалық бюджеттен - 6,4 миллиард, жергілікті бюджеттен – 9 миллиард теңге) биыл жергілікті бюджеттен 15,7 миллиард теңге қарастырылып отыр. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде, 2017 жылы ауыл шаруашылығы саласында 255,6 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 5,5 пайызды құраса, ағымдағы жылдың 4 айында 30,6 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 4,0 пайызға артқан, – деп атап өтті ол. – Жалпы, 2017 жылы пайдаланылмай жатқан жерлерді айналымға енгізу арқылы ауыл шаруашылығы дақылдары 630 мың гектарға орналастырылып, 2016 жылмен салыстырғанда 37 мың гектарға немесе 6,2 пайызға артты. Ал биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 650 мың гектар алқапқа орналастырылуда. Мемлекет басшысы өзінің 2017 жылғы Жолдауында жерді пайдалану тиімділігін арттырып, суармалы егіс алаңын 5 жыл ішінде 40 пайызға ұлғайтуды тапсырған. Осы тұрғыда былтыр облыста ылғал үнемдеу технологиясы 27 мың, су үнемдеу 15 мың гектар деңгейіне жеткізіліп, мұның алдындағы жылмен салыстырғанда 25,5 пайызға артты және түгендеу жұмыстарының нәтижесінде суармалы жер көлемін 184 мың гектарға дейін ұлғайттық. Биыл су үнемдеу технологияларын 18 мың гектарға енгізбекпіз, ал 2021 жылға дейін 27-30 мың гектарға жеткіземіз деген жоспар бар. Сонымен қатар облыстың жалпы 86,0 мың гектар суармалы жерін қайтадан қалпына келтіру үшін Еуропа және Азия қайта құру және даму банктері арқылы жалпы сомасы 42,1 миллиард теңге бөлу көзделген. Бұл қаржыға 4,0 мың километрге жуық ирригациялық жүйелерде жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Облыста 2014 жылы үдемелі бақтарды отырғызу қолға алынып, оның алқабы 2016 жылы 235, ал 2017 жылы 425 гектарға жеткізілді. Мәден Тоқтарбайұлы облыста мал саны мен мал шаруашылығы өнімдерінің, әсіресе асыл тұқымды малдың үлес салмағы артқанын, мүйізді ірі қара семіртілетін бордақылау алаңдары мен жылыжайлардың жұмысы жүйеленгенін, агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында басқа да ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев облыста мал шаруашылығының және шалғайдағы мал жайылымының бүгінгі күнгі жағдайы және оларды дамыту бағдарлары, облыс әкімдігінің жер қатынастары басқармасының басшысы Бейбітбек Жайлыбаев Жер кодексі мен «Жайылымдар туралы» Заңның орындалуы, «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл филиалының директоры Құдайберген Қалыбек өңірдің егістік жерлерін сумен қамту және су жүйелерін қалпына келтіру, «Қазфосфат» ЖШС-ның бас директоры Мұқаш Ескендіров минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету, Байзақ ауданы «Манат» шаруа қожалығының басшысы Саха Манатов ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау, Жамбыл ауданындағы «Қызыл диқан» өндірістік кооперативінің басшысы Нұриддин Бегманов вегетациялық кезеңде ауыл шаруашылығы дақылдарын сумен қамтамасыз ету мәселелері туралы ойларын ортаға салып, ұсыныстарымен бөлісті. Осы күні облыс әкімі Асқар Мырзахметов сенаторлармен кездесіп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының келешегі мен өңірде аграрлық өндірістік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жайын бірлесе талқылады. Депутаттар өздерінің жұмыс сапарлары аясында М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік универси-тетінің, «Қазфосфат» мекемесі мен Жамбыл ауданындағы «Шығыс бақшалары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің, Байзақ және Т.Рысқұлов аудандарындағы «Манат», «Шәушен» шаруа қожалықтарының тыныс-тіршілігімен танысты. Ал Жуалы ауданында «Гамбург» және «BURNOYE SOLAR-1» серіктестіктерін аралап көріп, облыс орталығындағы «Қазақ хандығы» ескерткіші мен Айша бибі кесенесінде, басқа да тарихи ескерткіш орындарында болды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.