Экономика

Натрий цианидін өндіретін зауыт іске қосылды

Натрий цианидін өндіретін зауыт іске қосылды

Еліміз енді химиялық реагент импортына тәуелді болмайды

Кеше Астана қаласында Елбасы Н. Ә.Назарбаевтың қатысуымен «Назарбаев орталығы» Тұңғыш Президент кітапханасында Үкіметтің Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жұмысы туралы есебі тыңдалды. Шара аясында бірқатар Үкімет мүшелері өз жұмыстарының нәтижелерін баяндап, өңірлермен телекөпір ұйымдастырылды. 

19

Мемлекет басшысы алдымен ғимарат ішіне орналастырылған отандық өнім шығаратын индустриялық-инновациялық бағдарламалар аясында жұмыс атқарып жатқан үздік кәсіпорындар көрмесімен танысты. Оны Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев бастаған топ (жоба жетекшілері) Елбасыға егжей-тегжейлі баяндап, түсіндіріп шықты. Ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында Индустрияландыру картасы аясында 21 жоба пайдалануға беріліп, 2 мыңға жуық тұрақты жұмыс орындары ашылған. Ал, екінші жартыжылдықта шамамен 100 жоба іске қосылып, тағы 8 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2014 жылдың бірінші жартыжылдығының нәтижелерін шығару барысында ұйымдастырылған телекөпір арқылы еліміздің бірқатар аймағындағы аталмыш бағдарлама бойынша жүзеге асырылып жатқан жаңа кәсіпорындар мен білім және мәдениет нысандарының ашылуына рұқсатын беріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Олардың қатарында Талас ауданы, Қаратау қаласы қасында орналасқан «Talas Investment Company» ЖШС-ның натрий цианидін өндіретін химиялық зауыты да бар. Кәсіпорынның бас директоры Бақтияр Алдашовтың айтуынша, зауыт жылына 15 мың тонна химиялық реагент өндіреді. Бұл өнімді алтын өндіруші кәсіпорындар тұтынатын болады. Сонымен қатар, натрий цианидін өндіру барысында шыққан қалдықтарды кәдеге жаратуда құнды минерал тыңайтқышы сульфат аммоний алынбақ. Бұл өнімнің көлемі жылына кем дегенде 5 мың тоннаны құрайды. Оны жергілікті ауылшаруашылық тауар өндірушілері пайдаланады.

«Еліміз енді химиялық реагент импортына тәуелді болмайды. Керісінше, экспортқа шығаруға қуатымыз бар. Зауытта автоматтандырудың ең жоғары желісі енгізілген. Барлық жұмыстың қауіпсіздігіне компьютерлік мониторинг жүргізіледі. Мұнда 500 адам тұрақты жұмыс істейтін болады. Зауытты іске қосуға рұқсат беруіңізді сұраймын», – деді Б. Алдашов телекөпірмен байланыстағы Елбасының алдында сөйлеген сөзінде. Жаңа зауыттың жұмысына сәттілік тілеген Елбасы Н. Ә. Назарбаев: «Бұл Қазақстанға өте қажет зауыт. Еліміздің химия өнеркәсібіндегі тұңғыш кәсіпорын, ол жаңа тауар шығаратын болады. Мемлекет еліміздің оңтүстігінде өндірісті өркендетуге үлкен күш салып жатыр. Ел халқының көпшілігі Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында тұрады. Бұл аймақтарда жұмыссыздық та басым. Жыл сайын еңбекке келетін жастардың саны да көп. Сондықтан, біз Жамбыл облысында химиялық өнеркәсіпті одан әрі дамытуға күш салатын боламыз. Өйткені, бұл өңірде фосфорит кен орны бар. Соның арқасында осындай зауыттардың салынуы өте қажет», – деді. Айта кетейік, натрий цианидін өндіретін химиялық зауыт еліміздегі Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған бірегей жоба. Кәсіпорын құрылысы 2012 жылы басталған болатын. Жалпы, жұмсалған инвестиция көлемі 12,9 миллиард теңгені құрайды. Мамандардың айтуынша, бүгінде өндірісте натрий цианидіне деген сұраныс өте жоғары. Кәсіпорын заманауи технологиямен жарақтандырылған.

Фариза ӘБДІКЕРІМОВА,  «Ақ жол».

Талас ауданы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.