Экономика

Бюджетті жоспарлау, атқару және игеру жұмыстарында арқаны кеңге салу болмасын

Бюджетті жоспарлау, атқару және игеру жұмыстарында арқаны кеңге салу болмасын

Жамбыл облысы бойынша  тексеру комиссиясы төрағасы Мырзақасым  Байбековпен сұхбат

– Мырзақасым Ниязбекұлы, 2013 жылғы бюджеттің атқарылуын қалай бағалайсыз?

– Біздің бағалау бойынша жалпы алғанда облыстық бюджет қанағаттанарлық деңгейде атқарылған. Дегенмен, бюджетті жоспарлау және атқару барысында Қазақстан Республикасының бюджет жүйесінің бірқатар принциптерінің сақтала бермейтіндігі анықталды. Мысалы, облыстық бюджеттің өзіндік кірістері 99,5 пайызға орындалған немесе бюджет кірісіне 87,9 млн. теңге кем түскен. Кірістердің орындалмауының басты себебі болып салықтық түсімдердегі 5 жіктеме бойынша 135,3 млн. теңгенің және салықтық емес түсімдердегі 2 жіктеме бойынша 74,8 млн. теңгенің кем түсуі табылған, дегенмен салықтық емес түсімдер бойынша жоспар 19,9 млн. теңгеге артық орындалған. Осылайша, негізділік принципі - яғни, бюджет жобасын қалыптастыруда қандай да болсын түсімдерді және олардың көлемдерінің негізділігін айқындайтын нормативтік-құқықтық актілер және басқа да құжаттар негізінде бюджетті жоспарлау қағидасы тиісті мөлшерде сақталмаған. Салықтық емес түсімдердегі орындалмаған екі жіктеме бойынша сабақтастық принципі сақталмаған, яғни, жергілікті бюджетті жоспарлауда өткен кезеңде бекітілген әлеуметтік-экономикалық даму болжамдарына, бюджеттік мониторинг қорытындыларына, нәтижелерді бағалауға негізделмеген. Жергілікті бюджетке бірнеше мәрте түзетулер мен өзгерістер енгізілгеніне қарамастан, бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің тарапынан бюджет қаражатын толық игеру қамтамасыз етілмеген. 2014 жылдың 1 қаңтарына бюджетті атқару 99,8 пайызға орындалған. Игерілмеген қаражат 276,6 млн. теңгені құрады, оның ішінде: республикалық бюджеттен бөлінген трансферт есебінен 197,5 млн. теңге, жергілікті бюджет есебінен 79,1 млн. теңге. Игерілмеген 276,6 млн. теңгенің ішінде 157,5 млн. теңгесі мемлекеттік сатып алудың нәтижесінде қалыптасқан үнемделген қаражат екендігін атап өткім келеді. Игерілмеген қаражаттың басым бөлігі республикалық бюджет есебінен бөлінген трансферттерден құралғандығын ескерсек, онда жасалған Келісімдерде көзделген тікелей және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізбеудің, онда көрсетілген міндеттемелерді толық орындамаудың салдарынан ҚР бюджет жүйесінің жекелеген принциптері сақталмаған, атап айтқанда: - нәтижелілік – бюджетті жоспарлау барысында мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарында қаралған тікелей және түпкілікті нәтижелерге бағдарланған бюджеттерді әзірлеу және атқару; - тиімділік – бюджет қаражатының бекiтiлген көлемiн пайдаланып, ең үздiк тiкелей нәтижеге қол жеткiзу қажеттiлiгiн негiзге ала отырып, бюджеттердi әзiрлеу және атқару немесе бюджет қаражатының аз көлемiн пайдаланып, тiкелей нәтижеге қол жеткiзу.

– 2013 жылы мемлекеттік және салалық бағдарламалардың тиімділігіне бағалау жүргізілді ме?

Мемлекет басшысының тапсырмасын барынша тиімді әрі нәтижелі іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында, 2013 жылы Тексеру комиссиясының тарапынан келесі бағдарламаларға бөлінген бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігіне бақылау жүргізілді: «Бизнестің жол картасы – 2020», «Өңірлерді дамыту», «Жұмыспен қамту – 2020», «2012-2020 жылдарға арналған моноқалаларды дамыту», ҚР денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы және «2011-2020 жылдарға арналған ҚР тілдерді дамыту» бағдарламасы. Аталған бағдарламалық құжаттарды іске асыру бойынша облыс көлемінде жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен, жүргізілген бақылау іс-шараларының қорытындылары бойынша жалпы сомасы 6, 5 млрд. теңге бақылаумен қамтылып, 213,4 млн. теңгенің бұзушылықтары анықталды. Бақылау іс-шараларының қорытындылары бойынша анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою туралы нақты тапсырмалар, сондай-ақ, бағдарламалық құжаттардағы қаралған тікелей және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізуге бақылауды күшейту туралы ұсынымдар берілді.

– Облыстық және жергілікті деңгейлерде негізгі бағдарламалық құжаттың бірі – аумақтарды дамыту бағдарламалары. Оларды іске асыру қалай жүргізілуде? Қандай қиыншылықтар бар?

– Облыс тұрғындарының өмір сүру деңгейі аумақтарды дамыту бағдарламаларын іске асырудың нәтижелеріне тікелей байланысты екендігі шүбәсіз. Биыл біз алғаш рет бұл мәселені облыстың әр ауданында жеке-жеке зерделедік. Байзақ, Жамбыл және Жуалы аудандарында бағдарламаның мақсаттарына, міндеттеріне, сондай-ақ мақсатты индикаторлары мен көрсеткіштеріне 100 пайыз қол жеткізуді қамтамасыз еткендігі анықталды. Сарысу және Қордай аудандарында тиісінше 96,0% және 95,7%. Т. Рысқұлов, Меркі, Мойынқұм, Талас, Шу аудандары мен Тараз қаласы бойынша орындалу деңгейі 85,0% - 88,5% құраған. Аумақтарды дамыту бағдарламаларын іске асыру барысында жүйелі түрде кездесетін кемшіліктердің бар екендігі анықталды. Мысалы, жекелеген индикаторлардың орындалмауы, сонымен қатар тікелей және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізбеу, сондай-ақ, бағдарламаны тиімсіз іске асыру өңірлерді дамыту қарқынын едәуір төмендетуге алып келеді. Бұдан бөлек, үйлестірушінің тарапынан бағдарламаны іске асыру барысының жетімсіздігі, сондай-ақ, үйлестіруші мен бірлесіп атқарушылардың арасындағы өзара қарым-қатынастың тиімсіздігі де байқалады.

– Өткен жылы Тексеру комиссиясының тарапынан қандай жұмыстар атқарылды?

Тексеру комиссиясының қызметі жылдық және тоқсандық жұмыс жоспарларына сәйкес атқарылады. Бақылау іс-шараларын жоспарлау тәуекелдерді басқару жүйесіне сәйкес жүргізіледі. 2013 жылы Тексеру комиссиясының енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды қоса есептегендегі жұмыс жоспарына сәйкес 49 бақылау іс-шарасы жоспарланып, өткізілді. Аталған бақылау іс-шараларының аясында 2013 жылы 282 бақылау объектісінде жалпы сомасы 134,8 млрд. теңге бақылаумен қамтылды. Нәтижесінде 9,2 млрд. теңгенің бұзушылықтары анықталды. Оның ішінде 3,4 млрд. теңгесі қалпына келтіруге және бюджетке өндіруге жатады. 2014 жылдың 1 қаңтарына 2,8 млрд. теңге немесе 82,7% қалпына келтірілді, оның ішінде 140,2 млн. теңге бюджет кірісіне өндірілді. Айырмасы болып табылатын 587,8 млн. теңге қаулылармен бекітілген мерзімдері келгенде қалпына келтірілетін болады. Тексеру комиссиясының тарапынан жүргізілген талдау мен бағалаудың қорытындылары бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін әлі де болса жетілдіре түсу керектігін көрсетті. Осыған байланысты, бюджет қаражатын пайдаланудың және толықтай игерудің, сондай-ақ, мемлекет ақшасын басқарудың тиімділігін арттыру бойынша қосымша іс-шаралар жоспарын әзірлеу қажет.

– Жоғарыда аталған кемшіліктерге жол берген тұлғаларға қатысты қандай шаралар қолданылды?

Бақылау объектілерінің 163 қызметкері тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде: екеуі лауазымынан босатылды, алтауына қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескертілді, 2-еуі қызметінен төмендетілсе, 149 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 4 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бақылау объектілеріндегі лауазымды тұлғалардың тарапынан ҚР нормативтік-құқықтық актілерінің (Тексеру комиссиясының қаулылары) талаптарының сақталмауына байланысты, Жамбыл облыстық мәслихатына 2 Ұсыным жолданып, тұрақты комиссияның отырысында қаралды.

– Өзге қаржылық бақылау органдарымен өзара іс-қимыл жұмыстары қалай жүргізілуде?

Шын мәнінде, «тексеру комиссиясы облыстағы қаржылық бақылау инспекциясы сияқты басқа да қаржылық бақылау органдарының жұмыстарын қайталап жатпай ма?» деген сұрақтар туындап жатады. Бірден жоқ деп айтамын. Қаржылық бақылау инспекциясы ішкі қаржылық бақылау органы болып табылады. Оның арасында жұмыс жоспарын бекіткенге дейін өз жұмыстарымыз бойынша біз ақпарат алмасып отырамыз және бақылау іс-шараларының қорытындыларын өзара танып, мойындаймыз. Біздің жұмысымыз ҚР Бюджет кодексімен, сондай-ақ, республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті төрағасының және ҚР Қаржы министрінің бірлескен бұйрықтарымен бекітілген мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының өзара іс-қимыл ережесімен реттеледі. Аталған нормативтік-құқықтық актілерде ішкі және сыртқы қаржылық бақылау органдары қызметтерінің ара-жігі ажыратылып, айқындалған. Бұдан бөлек біздің тарапымыздан республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне мемлекеттік бағдарламаларға бірлескен бақылау жүргізу туралы ұсыныстар беріліп тұрады. Бақылау іс-шараларының қорытындылары бойынша бақылау объектілерінің лауазымды тұлғаларының тарапынан қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықтардың белгілері байқалған жағдайда бақылау материалдарын құқық қорғау органдарына немесе әкімшілік құқық бұзушылықтарды қарауға уәкілетті органдарға жолдаймыз. Мысалы 2013 жылы бақылау объектілерінің лауазымды тұлғаларына қатысты процессуалдық шешім қабылдау үшін екі материал облыстық прокуратураға жолданды. Есепті кезеңде Тараз қалалық мамандандырылған әкімшілік сотына әкімшілік құқық бұзушылық туралы тоғыз хаттама рәсімделіп, жолданды. Бұдан бөлек мемлекеттік сатып алу саласындағы орын алған заң бұзушылықтар бойынша төрт материал қаржылық бақылау инспекциясына, бір материал құрылыс жүргізу саласындағы заңнама талаптары бұзылғандықтан, бір материал Жамбыл облыстық сәулет-құрылысты мемлекеттік бақылау және лицензиялау департаментіне жолданды.

– Сұхбатыңыз үшін рахмет! Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін.

Әңгімелескен Көсемәлі Сәттібайұлы, «Ақ жол».