Экономика

Есептеу құралын орнатсаң, есең кетпейді

Есептеу құралын орнатсаң, есең кетпейді

Жалпыүйлік жылу қуатын есептеу құралдарын алу және орнату жөнінде

Қазақстанда 2014 жылдың аяғына дейін республиканың көппәтерлі тұрғын үйлеріне жалпыүйлік жылу есептеу құралдарын орнатуды аяқтау міндеті қойылып отыр.

Жеке меншік тұрғын үй иелерінің міндетті түрде жалпыүйлік жылу есептеу құралдары болуы керектігі Қазақстан Республикасының «Табиғи монополиялар және реттелетін рыноктар туралы» Заңымен бекітілген. «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға сәйкес жылу қуатын есептеу құралдары жалпыүйлік меншік болып табылады. Бүгінгі таңда республика бойынша тұрғын үй қорының жалпыүйлік жылу есептеу құралдарымен қамтамасыз етілуі – 21 пайыз ғана. Жылу қуатын есептеу құралдарын орнату тұтынушылардың тұтынбаған жылу қуаты үшін төлеуінің жолын кеседі. Сондай-ақ, қуат сақтау іс-шаралары мен технологиясының меншік иесі үшін тиімділігін қалыптастырады. Тұтынушылардың экономикалық қызығушылығын арттыру үшін барлық жерде жылу қуатына сараланған тарифі енгізілуде. Бұл жылу қуатын есептеу құралы бар тұтынушылар үшін төменгі тарифті пайдалануды қарастырады. Мысалы, Тараздағы жылу есептеу құралы орнатылған 9 қабатты үйде бір шаршы метр жердің нақты төлемі 51,6 теңге, ал, есептеу құралынсыз – 110,16 теңге. Тараз қаласы тұрғындары үшін жылу қуатының тарифі (есептеу құралымен де, есептеу құралынсыз да) 2669,91 теңге/Гкал тұрады. Жалпыүйлік жылу есептеу құралдарын қайтарымды негізде орнату үшін «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту қоры» акционерлік қоғамының жарғылық капиталын республикалық бюджет есебінен көбейтуге 8 миллиард теңге бөлінген. Есептеу құралдарын орнату оларды жеткізуші, жылу беруші және «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту қоры» акционерлік қоғамының қатысуымен жасалған тиісті келісімшарт бойынша қаржылық лизинг механизмі арқылы қамтамасыз етіледі. Есептеу құралдары жылу беруші ұйым тапсырысымен техникалық жағынан дайын және апатты жағдайда емес көппәтерлі тұрғын үйлерге орнатылады. Есептеу құралдары үшін төлемді орындаушыларға «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту қоры» акционерлік қоғамы қамтамасыз етеді. Ал, қаржының қорға қайтарылуы жылу беруші ұйым арқылы. Өз кезегінде жылу берушілер есептеу құралын алуға және орнатуға жұмсалған шығынды тұтынушының коммуналдық қызметке төлемі есебіне төрт жыл қатарынан қосып отырады. Әрине, үйдің жалпы аумағындағы тұтынушының тұрғын алаңы үлесіне қарай. Осылайша бюджет қаржысы мемлекеттік қорға қайтарылып, әрі қарай тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында басқа да инвестициялық жобаларды қаржыландыруға жұмсалады. Құрал орнату үдерісі мәліметтерді алу және беруді автоматтандыру, өлшеудің бірыңғай тәсілдерін енгізу арқылы бірыңғай техникалық саясатқа негізделген. Бұл шаралар сервистік қызмет көрсетудің жоғары деңгейін қамтамасыз етіп, нәтижесінде нақты уақыт жағдайында жылумен қамтамасыз ету сапасының мемлекеттік мониторинг жүйесін қалыптастырады. Есептеу құралын орнату ақысы коммуналдық қызмет есебінде келісілген көпшілік келісімшарты негізінде жеке көрсетіледі. Осы келісімшартқа сәйкес пәтер иелерінен түскен қаржы жылу беруші ұйым арқылы «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту қоры» акционерлік қоғамына қайтарылады. Сіз «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту қоры» акционерлік қоғамы туралы қосымша мәліметті Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігінің ресми сайтынан ала аласыз.