Әлеумет

Ғаріптерге қуаныш сыйлағанға не жетсін

Ғаріптерге қуаныш сыйлағанға не жетсін

Қайырымдылық – ең ізгі қасиет. Исламда «оның қайтарымы Алладан» деп насихаттайды.Таяуда осындай бір қайырымдылық іс-шарасының куәсі болдық. «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Тараз» магистралды газ құбырлары басқармасы қаладағы «Ақыл-ойы дамуында кемістігі бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне демеушілік көмек ретінде 500 мың теңге қаржы аударды. 

– Біздің мекемеде бала жастан мүгедек 235 тәрбиеленуші бар. Оның 31-і биыл бітіргелі отыр, – дейді әлеуметтік педагог Г. Өтепова. – Оларды ешқандай оқу орындары (лицей, колледж) қабылдамайды. Сондықтан, өндірістік сынып ашуды жоспарлап отырмыз. Ашылғалы отырған ағаш шебері және тігінші мамандықтарына баулу сыныптарына 6 ұл және 6 қыз бала іріктеліп алынады. Демеушілер бөлген қаржыға ағаш өңдеу, бұрғылау, жиһаз құрастыру станоктары, тігін машиналарын сатып алып, шебер-мұғалімдердің қадағалауымен мамандыққа үйретеміз. Балаларды жаңа технологиялар бойынша оқыту басты назарда болады. Бізде мамандық игеруге қабілетті балалар бар. Мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамға бейімдеу – міндетіміз. Міне, осы міндетті жүзеге асыруға көмек қолын созып отырған «Тараз» магистралды газ құбырлары басқармасының ұжымына рахмет! – Біз әрқашан көмекке мұқтаж жандарға қолұшын беруге әзірміз, – деді басқарма директоры Ғалымжан Сағынтаев мекеме басшысы Қалдыкүл Ақжоловаға қаржы-сертификатын тапсырып тұрып. – Осы бір демеушілік көмегіміз арқылы балалардың мамандық игеруіне ықпал жасасақ қандай ғанибет. Ендігі жерде алынған құрал-жабдықты күтіп ұстап, игіліктеріңізге жаратыңыздар. Адамдарға қуаныш сыйлаудың өзі де бақыт қой.

Болат ЖАППАРҰЛЫ, «Ақ жол».

Тараз қаласы.