Сәулетті неке сарайы
Сәулетті неке сарайы
Тараздың сәнін аша түсер еді
Еліміздің оңтүстік астанасы Алматы қаласындағы «Жас отау» неке сарайының көркі көз тойдырады. Сәулеті келіскен, қазіргі заман талабына сай мұндай ғимараттар республика облыстарының бәрінде дерлік бар. Астана, Шымкент, Атырау, Семей сынды қалаларды айтпағанда, кішігірім Жаңаөзен қаласында да биылғы жылдың мамырында арнайы неке сарайы бой көтерген екен. Ал, Тараз тұрғындары үшін мұндай салтанат үйі әзірге арман күйінде қалып отыр.
Біз сөз еткен Алматы шаҺарындағы Неке сарайының негізі 1971 жылы қаланған. Шырайлы Шымкенттегі салтанат сарайының тұрғызылғанына да төрт жылдың жүзі болыпты. Ал, жамбылдықтар оларға тек қызығумен келеді. Өкінішке қарай, Әулиеата жастары өмірлеріндегі ең маңызды оқиғаны сәтін салған жерде өткізуге мәжбүр. Олай деуге себеп те жоқ емес. Тараз қалалық әділет басқармасының АХАЖ бөлімі осы күнге дейін кезбенің күйін кешіп жүргені ешкімге де жасырын емес. Некеге тұрушы жас жұбайлар алғашында «Достық» алаңындағы «Әділет үйін» жағаласа, одан кейін салтанатты рәсімді «Премьер Қазақстан» тойханасында, соңында Рахимов көшесіндегі қалалық Мәдениет үйінде өткізетін болды. Ал, қазір халыққа қызмет көрсету орталығын паналап отыр. Ол жерге талапқа сәйкес, мемлекеттік рәміздермен жабдықталған арнайы бөлме дайындап қойыпты. Алайда, ғимараттың өзіне кіру қиямет. Шаңырақтарының берік, керегелерінің кең болуын қалайтын жастар заңды құжаттарын алу үшін тар текпешекпен көтерілуге мәжбүр. Көрер көзге тым сүйкімсіз.
Тараз қалалық әділет басқармасының басшысы Гүлнар Көшекованың айтуынша, мерейлі күннің сәнін асырғысы келетіндердің рәсімді Тұңғыш Президент саябағы аумағындағы жеке меншікке тиесілі кешенде тегін өткізуге мүмкіндіктері бар. Ол үшін басқарма қалалық әкімдіктің рұқсатымен кәсіпкер Шаушеновамен келісімшарт жасасқан. Бірақ, бұл қайбір жетіскеннен дейсің. Осы салада жиырма жылға жуық уақыттан бері қызмет етіп келе жатқан Г. Көшекова Неке үйі мәселесін әкімдік жиындарында талай көтерген. Тіпті, қала әкімдігі алдағы екі-үш жылдың ішінде Неке үйі салынады деп уәде беріпті. Бірақ, оның қашан орындалатыны әзірге жұмбақ күйінде қалып отыр. Қаламыздың аумағы ұлғаюда. Халық саны өсіп келеді. Аптаның әр күні үйлену тойынсыз өтпейді. Сондықтан Неке сарайы керек. Оның тәрбиелік мәні де зор. Неке үйі болса, тек неке қию рәсімін ғана емес, сонымен бірге күміс той, алтын тойды да сонда өткізуге болар еді. Жас жұбайлардың өмірі – неке қию рәсімінен басталады. Ендеше, шаңырақ көтеруге бел буғандар, ең алдымен, оны салтанатты түрде өткізуді қалайды. Осы орайда, біз әділет басқармасына өтінішпен келген жастармен тілдескен едік. Тараз қаласының тұрғындары Нұржігіт Әміртаев пен Мөлдір Тілеуова отау құрмақ ниетте. Қос аққудай жарасқан жастар өмірлерінде бір-ақ рет болатын күнді мейлінше сәнді етіп өткізгісі келеді. «Бұл мен үшін қайталанбас ерекше күн болғандықтан, оның естен кетпестей болуын қалаймын. Әсем қаламыз Таразда Неке сарайы салынса, керемет болар еді. Және бұл жеке менің ғана емес, барша тараздықтардың арманы десем қателеспеспін. Жастардың тілегін жоғарыда отырған ағалар ескерсе екен», – дейді жас қалыңдық. Ал, жақында ғана неке куәлігін алып, ақ босағадан аттаған келін Әсел Зайнулина: «Біз неке куәлігімізді жеке салтанат сарайында алдық. Бірақ, ондай жерлерді жалдауға көпшіліктің қалтасы көтере бермейді ғой. Сондықтан, мемлекеттік неке үйі өте-мөте керек, – десе, қала тұрғыны Самат Шыныбеков: «Достық алаңындағы бұрынғы «ЗАГС» дұрыс еді. Бірақ Неке сарайы керек-ақ, – деп өз пікірін білдірді. Тараз қаласында былтыр 3793 жас отау құрса, биыл жыл басынан бері 1662 жұп некеге тұрған екен. Яғни, осыншама жан жаңа өмірін бастады. Бірақ, олардың неке қию рәсімдері қайда өтті екен? Неке – отбасының, ал отбасы – қоғамның негізі екенін ескерсек, облыс орталығында Неке сарайының болуы өркениетке ілескен өңір үшін өте маңызды. Қол ұстасқан екі жастың үлкен өмірге қадам басқан сәтінің сәулеті сүйсіндірерлік әсем сарайда өтуі ғажап қой. Оның үстіне аңызға айналған Қарахан мен Айша бибінің махаббат хикаясының куәсі болған тарихи қала – сәулетті Таразда Неке сарайының болмауы сын емес пе?
Назгүл ӘБУШӘРІПҚЫЗЫ, «Ақ жол».
Тараз қаласы.