Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш
Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш
Осыдан үш жыл бұрын «Қазақфильм» киностудиясының режиссері Д. Өмірбаев «Студент» деген атпен көркем фильм түсірді. Режиссер өз фильмінде Жамбыл облысынан шыққан, өнері ел аузында жүрген талантты азаматтардың бірін (белгілі себептермен аты-жөнін жазбай отырмыз) қосымша кейіпкер ретінде алады да, оның жарын арбаға таңылған мүгедек, қыздарын мылқау және тұрмыстарын өте нашар етіп көрсетеді. Өмірде күйеуінің бетіне келмеген әйелдің сөзін «скотинадан» бастайтын шайпау етіп бейнелеген. Ең өкініштісі, режиссер осы фильмді түсіру барысында Алматы қаласынан Тараз қаласына келіп, өзі кейіпкер ретінде таңдаған азаматтың артында қалған жарынан, ұлы мен қызынан рұқсат сұрамаған. Келісімшартқа отыру қажеттігін де ескермеген. Керісінше, о дүниелік болып кеткен, бірақ артында іздейтін ұрпағы бар талантты азамат пен оның отбасын білетін қауымның төбе шашын тік тұрғызатын ойдан шығарылған сюжеттерді қоюлата түскен. Фильмдегі осы өрескел бұрмалаушылықтарға байланысты марқұмның отбасы мүшелері жақында режиссермен кездесіп, оның фильмінде көрсетілетін өнер иесіне байланысты желіге өз наразылықтарын білдірді. Әңгіме барысында өзінің кінәсін түсінген режиссер Д. Өмірбаев марқұмның жарынан, ұлынан және бір топ ағайынынан кешірім сұрап, «Студент» фильмінен бас тартатынын және оның бұдан былай кино, телеэкрандарда көрсетіліп, сайттар арқылы таралуына рұқсат бермейтінін өз қолымен жазып, мәлім етті.
Руханият бөлімі.
МӘЛІМДЕМЕ
Мен, кинорежиссер Дәрежан Өмірбаев «Қазақфильм» киностудиясында 2011 жылы түсірілген «Студент» атты фильмдегі кейбір кейіпкерлердің аты-жөні, тыныс-тіршілігі өмірде бар болғанына байланысты және сол кейіпкерлерімнің ұл-қыздары, жұбайы, туған-туысқандары фильмге наразылық білдіруіне байланысты аталған фильмнен өз еркіммен бас тартамын. Өйткені, шын мәнінде, автор ретінде өз тарапымнан біраз өрескел бұрмалаушылықтарға жол беріп алыппын. Сондықтан, осы Мәлімдемем жарияланған күннен бастап «Студент» фильмінің кино, телеэкрандардағы, сайттардағы көрсетілуіне өз рұқсатымды бермеймін және кино, телеэкрандардан, сайттардан алынып тасталуын талап етемін. Және осы фильммен халықаралық немесе еліміздегі түрлі кинофестивальдерге қатыспаймын.
«Қазақфильм» киностудиясының режиссері Дәрежан Өмірбаев. 28. VІ. 2014.