Спорт және туризм

Аргентина мен Бельгия ширек финалда

Аргентина мен Бельгия ширек финалда

Кеше Әлем чемпионатының плэй-офф кезеңінде алғашқы ойындарын өткізген Аргентина мен Бельгия ұлттық құрамалары жеңіске жетіп, ширек финалға жолдама алды. Енді жартылай финалға шығу үшін қос команда өзара мықтыны анықтайтын болады.

Швейцариямен болған ойынды аргентиналықтар көпке дейін ұмыта қоймас. Еуропаның "ортаңқол" командасы әлемнің екі дүркін чемпиондарын әбден састырды. Тіпті, швейцариялықтардың бірінші таймда гол соғатын бірнеше мүмкіндігі де болған. Алайда, бірде доп қиыс кетсе, екіншіде тәжірибесіздік тұсау болып жатты. Швейцария ұлттық құрамасы 90 минут бойы азулы қарсыластарымен тең ойнап, мәселені пенальти арқылы шешіп көргісі келген. Алайда, төреші белгілеген отыз минуттық овертаймның екінші жартысында Аргентина жартылай қорғаушысы Анхель Ди Мария еуропалық жанкүйерлердің үмітіне су септі. Кездесу аяқталуына небәрі 2 минут уақыт қалғанда ол қақпашының қателігін ұтымды пайдаланып, өз командасына жеңіс сыйлады.  src=Бельгия мен АҚШ арасында болған матчта да мәселе овертаймда шешілді. Тоқсан минут бойы бірін-бірі ала алмаған қарсыластар төреші қосқан қосымша уақытта үш бірдей гол соққан. Алдымен Бельгия сапынан Кевин де Брюйне (93 минут) мен Ромелу Лукаку (105 минут) көзге түссе, 107 минутта америкалық Джулиан Грин есептегі басымдықты қысқартты. 2:1 есебімен жеңіске жеткен бельгиялықтар ширек финалда Аргентинамен кездеседі.

Ақпарат көзі: www.baq.kz