Спорт және туризм

Василий Ломаченконың жаңа рекорды

Василий Ломаченконың жаңа рекорды

Бұған дейін екі салмақта өзінің әлемде теңдессіз екенін әйгілеген украиналық боксшы Василий Ломаченко 12 жекпе-жектен кейін үш салмақта әлем чемпионы атанып, шын мықтыға тұсау жоқ екенін дәлелдеді. Жеңіл салмақ дәреже­сінде венесуэлалық Хорхе Линареспен қолғап түйістірген Василий Ломаченко қарсыласын 10-раундта бауырынан ұрып баудай түсіріп, нокаутпен жеңіске жетті. Сөйтіп WBA тұжырымы бойынша чемпиондық белбеуді иеленді. Бұған дейін Васяның өзі алтыншы раундта нокдаун алған болатын. Васяны тікелей соққымен қарсы алған Линарес украиналықты кәсіпқой рингте есеңгіреткен алғашқы боксшы атанды. Екі дүркін Олимпиада чемпионы Василий Ломаченко, кәсіпқой және әуесқой рингті қоса есептегенде, 414 кездесу өткізіп, мансабында екінші рет нокдаун алып отыр. Украиналық былғары қолғап шебері үш салмақта чемпион атағына ең жылдам қол жеткізген саңлақ ретінде тарихқа есімін алтын әріптермен жазды. Ол үшін Ломаға 12 кездесу жеткілікті болды. Бұған дейін жапониялық Кадзуто Иока 18 жекпе-жектен кейін үш салмақта теңдессіз екенін айқындап, рекорд орнатқан еді. Мамандар талантын айрықша бағалайтын Василий Ломаченко алдағы уақыттарда да үлкен жекпе-жектер өткізуді көздейді. Ол енді кіммен қолғап түйістіріп, қандай рекордты жаңалағысы келеді екен?

Табиғат АБАИЛДАЕВ.