Спорт және туризм

Астанада Арулар боксы басталды

Астанада Арулар боксы басталды

Бокстан Астана төрінде қыздар арасындағы Қазақстан чемпионаты басталды. Дуы басым додада еліміздің барлық облыстарынан кіл мықты спортшылар бақ сынайды. 76 үміткер 10 салмақ дәрежесі бойынша чемпиондық атақты сарапқа салады. Қыздар арасындағы Қазақстан чемпионаты 4 күнге созылмақ. Үздіктер ұлттық құрама сапын толықтырады деп күтілуде. Ел біріншілігі Азия ойындары мен әлем чемпионаты алдында жүрегі нәзік, жұдырығы жойқын аруларымыздың шарболаттай ширығуына жол ашатыны анық. – Ел біріншілігі – өз мүмкіндігің мен әлеуетіңді көрсететін дода. Меніңше, әйелдер құрамасының негізі бұрынғысынша қалады. Дегенмен 48, 51, 54, 57, 60 килограмм салмақ дәрежелерінде бәсекеге толы кездесулер күтіп тұр деп айта аламын. Әлем біріншілігі мен Азия ойындарының арасы ұзақ болмағандықтан, біз негізінен Азия ойындарында жақсы нәтиже көрсетуді мақсат етіп отырмыз. Әлбетте, қыздарымыз барлық сынға тастүйін дайын, – дейді әйелдер құрамасының аға жаттықтырушысы Вадим Присяжнюк. Елордағы «Дәулет» спорт кешенінде өтіп жатқан Қазақстан чемпионатында талай аламандарда топ жарып жүрген белгілі былғары қолғап шеберлерімен қатар, жас таланттар да топқа түседі. Түйіп айтқанда, барлық боксшы қыздардың өз шеберліктерін әйгілеуге мүмкіндігі зор. Ендеше шын мықтылардың қатарынан оза шабатынына сенгіміз келеді.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.