Мәдениет

Сергелдеңге түскен серілер

Сергелдеңге түскен серілер

[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="67939,67946,67948"]

Қанабек Байсейітов пен Қуандық Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай!» атты комедиясы сахна төрінен түспегеніне жарты ғасырға жуықтаса да, өз маңызын жойған емес. Классикалық үлгідегі комедияны облыстық қазақ драма театрының сахнасынан тамашалаған жұртшылық уақыт өтсе де ғасырлар арасындағы қайсыбір үндестіктің әлі де жойылмағандығының куәсі болды. Еліміздің әр қиырында түрлі режиссурамен сахналанған «Беу, қыздар-ай!» қойылымын жамбылдықтар Рүстем Жаныамановтың фантазиясы негізінде көріп, күлкіге қарық болды. Бұл күні режиссурадан гөрі, актерлердің образы басым түскендей көрінді. Әлбетте, сахнаға шығарылған құрылғылардың бәрі қимылсыз қалған жоқ, би де, ән де, диалог те бір-бірімен үйлесе кеткен. Тіпті комедиядағы романтикалық эпизодтар да еріксіз жымитады. Шын өмірде өз сүйіктісін оқу үшін құрбандыққа шалып, тіпті Көкдала ауылындағы атақты сауыншы Айсұлуға ақын, суретші, доцентті бірінен соң бірін жөнелтіп жіберу оқиғасы орын алуы мүмкін бе? Газет қиындысынан сауыншы қыздың суретін көрген серілер үштігі бір сұлуға аңсары ауса ше? Бәлкім сәйкестік, бәлкім қиял жетістігі болар, кім білсін?! Осы жерде ғой, әлгі үштіктің тағдыр тәлкегі басталатыны. Ақын Әубәкір рөліндегі Мәмбет Қожалиевтің, суретші образын сомдаған Жандар Қырықбаевтың, доцент Абзал Дәулетбақовтың образы – ауыл азаматының характері. Онда сенгіштік, шынайылық, адалдық бар. Қойылымдағы басты үндестік – ауылға келген азаматтардың шым-шытырық оқиғаларға тап болып, ауыл тіршілігіне араласып кетуі. Былайынша айтқанда, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы іс жүзінде көрініс табады. Айсұлудың қарамағындағы Күнсұлу, Жансұлу, Нұрсұлуды ұршықша иірген (рөлдерде Жадыра Құлтаева, Индира Мұстафаева, Ризат Қылышбаева), полиция Гүлшара (Анар Алтыбаева), колхоз басшысы Әбдіқадір (Әбу Шоңбаев) өз рөлдерін сәтті сомдап шықты. Кәрі қыздарды үш серімен жарастыру операциясын сәтті орындаған бұлардың сахнадағы әрекеті, шопан Серкенің (Бексұлтан Әлекешов) аңғалдығы көрермендерді тәнті етті. Енді суретші Сұлтан, доцент Хасен, ақын Әубәкірдің сахнадағы образы қалай шықты деген сауалға тоқталсақ. Әлбетте, әр кәллада – бір қиял. Шығармашылық адамдардың ой-қиялына шектеу болған ба? Соған қарағанда суретшінің тым нәзік жаратылыс иесі болуы, көз жасына ерік беруі, өзгеше мимикалары елдің көңілін жадыратты. Ақынның сахнадағы жүріс-тұрысы, Айсұлу деп өлең оқуы да көңілдерге қонды. Әрине, шын мәніндегі Айсұлуды көре тұра сенбей, өз Айсұлуларын тапқан олардың әпенділігі шын мәніндегі ауыл адамының мінез-құлқына сай келеді. Әсіресе білім іздеген доценттің ауыл өмірінің машақатына кірісіп кетуі әрі күлкілі, әрі иронияға толы болды. Түйіп айтқанда, әр кейіпкердің өз характеріне сай таңдалған спектакль елдің көкейіне қонды. Режиссердің ойы өз нәтижесін берді. Сарсаңға түскен серілердің махаббатын тауып, ерке Серкенің (Бексұлтан Әлекешов) комедия кейіпкерінен трагедия кейіпкеріне айналып, ақыр соңында өкпешіл Айсұлумен көңіл жарастырғаны да жүректерге жетті. Сауыншылар көлігімен келген махаббат хикаясы аталмыш көліктегі қосылулармен түйінделгені де жымдаса кеткен. Бастысы, режиссура мен актерлердің шеберлігі қатар үйлескен қойылым көпшіліктің көңілін бір серпілтіп тастағаны анық.

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.