Саясат

Оңтайландыру артық шығындарды азайтады

Оңтайландыру артық шығындарды азайтады

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиында коммуналдық меншікті басқару проблемалары талқыланды. Онда қызметтері ұқсас, бір-бірін толықтырады-ау деген мекемелерді топтап, бір жерден басқару жүйесін енгізіп, қазына қаржысын біршама үнемдеу туралы мәселелер көтерілді. Мұндағы мақсат әкімшілік шығындарын азайтып, мемлекет қаржысын үнемдеу екендігі түсінікті.

Облыс әкімдігі қаржы басқармасының басшысы Гамлет Қайнарбековтің айтуынша, өңірде коммуналдық меншікте барлығы 1008 мекеме тізімделген. Асқар Мырзахметов осы кәсіпорындардың жұмыс нәтижелеріне талдау жасап, құзырлы мекеме мамандары мен аудан әкімдерімен бірлесіп, нақты іс-шараларды жоспарлауды тапсырды. Яғни аталмыш басқарма коммуналдық меншік нысандарына түгендеу жүргізіп, қай шаруашылықтың біріктіруге немесе қысқартуға жататынын анықтап, зерделеуі тиіс. Сонымен бірге мемлекеттік коммуналдық меншікті пайдалану үшін жалға алудан бюджетке түсетін қаржының көлемін нақтылаудың бірлескен шараларын пысықтау міндеттелді. Жиында аймақтағы сенімгерлік басқаруға берілген 11 мекеменің қаржы-шаруашылық жағдайы мен келісімшартта көрсетілген міндеттемелердің қалай орындалып жатқаны талқыға салынды. Гамлет Төреханұлының сөзіне сүйенсек, өткен жылды шығынмен аяқтаған 18, табыспен аяқтаған 76 мекеме бар екен. Коммуналдық меншіктегі, бірақ пайдаланусыз тұрған ғимараттар да жоқ емес. Басқарма басшысы жиында облыс әкіміне осы нысандарды пайдалану туралы ұсыныс жасады. Енді алдағы уақытта оларды кәдеге жарату үшін тиісті іс-шараларды жүргізетін арнайы жұмыс тобы құрылмақшы. Бұдан бөлек, музей, кітапхана, клуб, ветеринария, орман шаруашылығы секілді салаларды орталықтандырылған қаржылық басқаруға біріктіру жайы сөз болды. – Оңтайландыруға ұсынылатын ұйымдарды арнайы жұмыс тобы саралап, мән-жайға қанықсын. Содан кейін нақты шешім шығарылады. Барлығы жан-жақты зерделенгені жөн. Бұл шаралар экономикалық тұрғыдан тиімділік әкелуі тиіс, – деген Асқар Исабекұлы бірнеше ұйымның бір жерден басқару жүйесіне көшкенде ұйымдастыру жұмыстарында қиындықтар туындамауына баса назар аудару керектігін де ескертті.

Жанғазы АХМЕТ