Жастар жат ағымның жетегінде кетпесін десек...
Жастар жат ағымның жетегінде кетпесін десек...
Ол үшін мәселенің салдарымен емес, себебімен күресу керек
Жастар жат ағымдардың жетегінде кетіп, өзін де, жұртты да жардан жықпас үшін қарқынды күрес, жүйелі жұмыс қажет-ақ. Сондықтан бұл мәселеде салдарынан гөрі, себебін барлаудың маңызы зор. Барынша алдын алу шараларының барысына көңіл бөлгенде ғана сан соғып қалмай, түйткілдің түйінін бүгіннен тарқатуға болады. Өңірдегі діни ахуалдың жайын саралаған жиында облыс әкімі Асқар Мырзахметов осыны айтты.
Облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаровтың айтуынша, аймақ тұрғындарының 86,7 пайызы – мұсылмандар, 1,43 пайызы өзге діндерді ұстанушылар көрінеді. Барлығы 340 діни бірлестік бар. Бұл статистика ғана. Ал өңірдегі діни тұрақтылықты сақтау бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Асқар Мырзахметов басқарма басшысына сұрақты осылай төтесінен қойды. Жангелді Омаровтың сөзіне сүйенсек, басқарма мамандары айына бір рет әр ауданға шығып, ондағы діни ахуалға талдау мен зерделеу жұмыстарын жүргізіп отырады. Талдау мен зерделеу қорытындысында түрлі жайттар анықталып, хаттама толтырылады. Соның нәтижесінде бүгінгі таңда өңір мешіттеріндегі жоғары білімді имамдардың тапшылығы мен мектептердегі «Дінтану негіздері» пәнінен сабақ беретіндердің денінің арнайы діни білімі жоқтығы белгілі болды. Бұл – ойландыратын жай. Дінтану негіздерін үйретіп жүргендердің басым көпшілігі тарихшылар десек, қалғаны – басқа пәндердің мұғалімдері. Осыған алаңдаған Асқар Исабекұлы аталмыш пәнді оқытуда сабақтың қалай өрбитініне жіті мән беріп, мұғалімдермен қатар оқушылардың да алған білімдерін тексеріп, сынақ алып отыруды тапсырды. Жиында облыстағы жеті мешітте имамның жоқтығы, тыйым салынған ағымның жетегінде кеткен 1009 адамның бар екендігін айтқан Жангелді Жайлауұлы олармен оңтайландыру жұмыстары жүргізіліп жатқандығын тілге тиек етті. Әйтсе де бұл көрсеткіш қаншалықты шындыққа жанасады? – Облыста 1009 ғана адам жат ағымның жетегінде жүр дегенге сене алмаймын. Бұл цифр бұдан да көбірек болуы мүмкін. Оған күнделікті өмірде кез болып жүрген көріністерді дәлел етуге болады. Сондықтан нақтылауды күшейту керек. Ашығын айтқан жөн, біз көбіне мәселенің салдарымен күресуге көп көңіл бөліп, себебіне аса мән бермей жатамыз. Бүгінгі өскелең ұрпақты дәстүрлі діни біліммен сусындатсақ, ертең опық жемейміз. Бірақ беріліп жатқан білімнің сапасына барынша мұқият болған абзал. Ал мешіт имамдарын оқыту курстарын жергілікті жерлерде, өзімізде ұйымдастырсақ тиімдірек болар еді. Осы жағын да ойласайық, – деген өңір басшысы бұл бағыттағы жүргізіліп жатқан жұмыстарға назар аударып, басқарма мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар алдағы уақытта «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» мен «Оңалту орталығын» біріктіру жайы да қозғалды. Мұның заңдылығы мен жолдарын анықтау жауапты тұлғаларға тапсырылды.
Жанғазы АХМЕТ