Әлеумет

Ерліктің тойы ерекше өтеді

Ерліктің тойы ерекше өтеді

Мамыр – елдік пен ерлікке үндейтін, өткенді жаңғыртып, келешекке бағдар түзейтін айтулы мерекелер тойланатын ерекше ай. Әсіресе 7 мамыр – Отан қорғаушылар және 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнінің мәні мен маңызы жоғары. Бұл күндері осынау бейбіт заманды сыйлаған Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, ерлік пен батылдықтың өлшеусіз үлгісін көрсеткен барлық жерлестеріміздің ерлік ісі ұлықталып, өткенді қайта жаңғыртамыз. Бүгінгі тыныштығымыздың сақшыларының еңбегін дәріптеп, жалпақ жұртқа паш етеміз.

Облыс орталығындағы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағының күрделі жөндеуден өтіп, қайта жаңғыртылып жатқаны облыс жұршылығына мәлім. Бүгінде қоғам өкілдерінің пікірі ескеріліп, бұл саябақтың атауы «Ерлік» мемориалды кешені болып өзгертілді. Жыл сайын орталық алаңда тойланып келген 7,9 мамыр мерекелері биыл сол нысанда өткізілмек. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ғалия Боранбаева кеңінен баяндады. – Отан қорғаушылар және Жеңіс күндері биыл жоғары ұйымдастырушылық және идеологиялық деңгейде ұйымдастырылады. 7 мамыр күні түрлі форматта іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Бұл күнгі негізгі мерекелік шара сағат 11.00-де Қордай ауданындағы Гвардейск кентінде Елбасының қатысуымен өтетін жауынгерлік шеру болмақ. Биылғы шерудің ерекшелігі – заманауи қару-жарақ пен әскери техниканы, авиацияны жауынгерлік тұрғыда қолдана отырып, барлау бөлімшелерінің шынайы тактикалық іс-қимылдары көрсетілетінінде. Жауынгерлік шеру негізгі екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде облыс, қала әкімдеріне жауынгерлік туларды тапсыру рәсімі өткізілсе, екінші бөлімде шартты заңсыз әскери құралымдардың базасын басып алу бойынша шынайы жауынгерлік іс-қимылдардың тактикалық көріністері қойылатын болады. Оған 3 мыңға жуық әскери қызметші, 300 бірліктен аса қару-жарақ пен әскери техника және шамамен 30 бірлік ұшу аппараты тартылған. Жауынгерлік шеру еліміздің және облыстық телеарналарда тікелей эфирде көрсетіледі. Ал осы мерекелік шерудің жалғасы іспетті шаралар Тараз қаласының Т.Рысқұлов саябағында ұйымдастырылады. Онда әскерилердің қатысуымен салтанатты жиналыс өтіп, жауынгерлік шерудің тікелей көрсетілімі ұсынылады. Аудандарда Мәдениет үйлеріндегі LED-экрандар арқылы жұртшылыққа көрсетілетін болады, – деген басқарма басшысы 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесіне орай өтетін шараларға да тоқталып өтті. «Зейнетақы төлеу орталығының» мәліметіне сүйенсек, облыста 100 Ұлы Отан соғысының ардагері мен мүгедегі, 1130 оларға теңестірілгендер, 5239 тыл еңбеккері тұрады екен. Бұл – 3 мамырға дейін жасалған тізім. 9 мамырдағы мерекелік шаралар осы ардагерлердің құрметіне арналады. Осы күнге жете алмай кеткен майдангерлердің рухы ұлықталып, ерліктің өшпес даңқы қайта жаңғырады. Бұл күнгі шаралар сағат 8.30-да бір мезгілде облыс жұртшылығының қатысуымен Ұлы Отан соғысында қаза болған жауынгерлерге арналған ескерткіштерге салтанатты гүл қою рәсімдерінен бастау алмақ. Бұдан соң А.Сухамбаев ескерткішінен және орталық «Достық» алаңынан 2 бағытта «Қаhарман ұлт – Бессмертный полк» шеруі ұйымдастырылып, олардың жолы «Ерлік» мемориалдық кешенінде түйісіп, «Мәңгілік алау» жағылады. Баспасөз конференциясында Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама баcқармасы басшысының орынбасары Сара Мәдиева мереке күндері атқарылатын жұмыстар туралы қосымша баяндады.

Камила БОРАШОВА