- Advertisement -

Етік тігіп, ел алғысына бөленген ағайындылар

281

- Advertisement -

Аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Бауыржан Төлендиев бірде «Бесағаш ауылында етікші әйел бар. Інісі екеуі шағын цех та ашқан» деп бір жаңалықтың ұшын шығарған. Жаңалыққа жаны құштар тілші қауымы ондайда қалай байыз тапсын. Оның үстіне әйел етікші деген соң, тіпті оған жолыққанша асыққанбыз.
Күндердің күнінде ондай сәт те туып Бесағаш ауылына бардық. Сірә, келетінімізден алдын ала хабардар болса керек, біз іздеген ағайынды етікшілер үйлерінде болып шықты. Олардың нағыз істің адамы екенін бір көргеннен-ақ аңғарғандаймыз. Өзін Рысбек деп таныстырған 55 жастағы ер кісі етікшілік кәсіппен айналысып жүргеніне 25 жылдың жүзі болғанын айтты. Әпкесі Рыскүл де ризығын осы кәсіптен тауып, он бес жыл бойы ел алғысына бөленумен келеді екен.
Біздің «Етікшілік кәсіпті неге таңдадыңыз?» деген сауалымызға «Мен де, ол да, кейінгі жастардың бәрі де сот, есепші, шенеунік болса, қара жұмысты кім атқарады? Кім малшы, тігінші, етікші болады? Осы ой мені мектеп бітірген жылы мазалай бастаған. Әкемнің айтуымен жоғары оқу орындарының біріне құжат тапсырып, алғашқы емтиханда сүрінгенімде аса қатты өкінген жоқпын. Өйткені бұл мамандық менің қалауым емес еді. Етікші болғым келген. Кейін әкем түсінсе керек: «Жар таңдағанда, мамандық таңдағанда қателеспеу керек. Сен дұрыс істедің», – деп, ылғи да риза болып отыратын.
Осылайша мен етікші болдым. Оған еш өкінбеймін. Қазір әпкем Рыскүл де, жиенім Рамиль де етікші. «Жұмабай» жеке кәсікерлігін ашқанбыз. Рыскүл екеуміз етік тіксек, жиеніміз Рамиль пішуші, яғни шеттен әкелінетін шикізаттарды (тері және басқа да тұтынатын материалдарды) өлшеміне қарай кесіп, пішеді. Біздің Тараз қаласында және ауылда етік тігетін шағын цехтарымыз бар. Ерлер, әйелдер, балалар аяқ киімдерін де тіге береміз. Тапсырыс та қабылдаймыз. Көкпаршылар мен бишілердің де етіктерін тігеміз. Облыс орталығындағы «Айша бибі» би ансамблінің бишілері бізге көптен бері тапсырыс берумен келеді. Дер кезінде әрі сапалы етік тігу – біздің басты міндетіміз. Бүгінгі күнге дейін тұтынушылардан реніш естіген жоқпыз», – деп жауап берді Рысбек.
Олардың айтуынша, ағайынды етікшілер түрлі мемлекеттік бағдарламалардың көмегіне де жиі арқа сүйейді. Аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы кәсіпкер ретінде алғаш рет 1 миллион 200 мың теңге көлемінде несие алса, екінші мәрте 2 миллион теңгеге қол жеткізген. Алайда несиелік қаражаттар екі жылға ғана беріледі екен. Бұл жұмыста демалыс дегенің жоқ. «Егер несие бес жылдық мерзімге демалысымен берілсе, ісіміз өрге домалар еді» дегенді айтады олар. Әкпелі-інілі ісмерлер алдағы уақытта өз өнімдерін сататын арнайы дүкен ашуды да көздеп отыр. Өздері тұратын үй ауласындағы цехтың тар болуына әрі қыстыгүні мұнда жұмыс істеу мүмкін болмауына байланысты ауылдық округ әкімі өзі отырған әкімшілік ғимаратынан етік цехы үшін бір бөлме босатып беруге уәде берген көрінеді. Бұл шеберлерді жаңа істерге жігерлендіруде.
Бүгінде олар жоғары сапалы былғарыларды Шымкент қаласынан, Бішкектен, Ресейден алдыртуда. Болашақта Түркиямен арада қатынас орнықтырмақ. Ағайынды шеберлердің алға қойған мақсаты – өздері өндіретін өнім түрі бойынша «Сауда белгісі» маркасын иелену, осы жолда күндіз-түні тынбай жұмыс жасау үстінде.
Ауылдағы шағын цех өнімдеріне қысы қатал Жуалы, Мойынқұм аудандары мен Астана қаласының тұрғындары тарапынан сұраныс мол. Жергілікті жерде де қолжетімді бағада сатылуда. Осы жолы өзіміз көз жеткізгеніміздей, сөреге қаз-қатар қойылған аяқ киімдердің бірінен-бірі өтерліктей екен. Ұстап та, киіп те көрдік. Ұнады. Мұндағы етіктердің бәрі таза былғарыдан тігілгені көрініп тұр.
Бір сөзбен айтқанда, бесағаштық қарапайым кәсіп иелері Рысбек пен Рыскүл Жұмабаев­тардың, Рамиль Хамзиннің іскер­лігіне әбден тәнті болып қайттық сол жолы. «Кәсіп түбі – нәсіп» деген, сірә, осы болар.

Дүйсенбек ОРМАНОВ,
журналист.

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support