Ерлер есімін тарихта қалдыру – абыройлы міндет
Ерлер есімін тарихта қалдыру – абыройлы міндет
– Әлеу, Қибат қарағым, жағдайларың қалай, отбасың аман-есен бе? Мәйкөн көкең мазалап тұрған. Менің хабарласып отырғаным, өзің де естіп-біліп отырған шығарсың, Ұлы Отан соғысына Жамбыл жерінен аттанған кісілердің есімдері Тараздағы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағына қойылатын мемориалдық тақтаға жазылады екен. Сол тізімге Тілеуқұл Асқарбеков ілінбей, қалып қоймасын. Мен де өзімнің туыстарымды тізімнен түгендеп шықтым. Осыны ескертіп қояйын деп хабарласып жатырмын, – деп телефонын өшірді көкем. «...Кеңес әскері шабуылға шығып, неміс фашистеріне соққы беріп жатыр. Кенеттен жаудың бірнеше ұшағы шыға келіп, төбемізден бомбаны бұршақша жаудырды. Әуеден ысқырып келе жатқан бомбалар тура өзімізге түсетіндей үйдегі балалар бір-бірімізге тығыла түсеміз...». «Освобождение» киноэпопеясын бізбен бірге көріп отырған әкем осы сәтте «былшылдапсың» деп орнынан тұрып, сыртқа шығып кететін. Тәтем есік алдында темекісін шегіп, үйге кіргенде біз теледидар алдында «соғысты жеңіп», еркін тыныстап отыратынбыз. Содан барлығымыз жан-жақтан әкемнің неге көркем фильмді аяғына дейін көрмейтінін, соғыстың шындығында қалай болғанын сұрап, мазасын аламыз. Сонда ол: – 1942 жылдың қыркүйек айында 16 жасымда Қызыл Армия қатарына жазып, соғысқа аттандырды. Біздің полк Ленинград қаласында қоршауда қалып, бізге қаланың азық-түлік қоймасын күзету тапсырылған. Бір үзім нан алу үшін қала тұрғындары темірдей тәртіпке бағынды. Ал жаңағыдай әуеден неміс ұшақтары ұшып келе жатқанда қарсы шабуылға шықпақ тұрмақ, кеудесінде жаны бардың бәрі інге кірген аңдай бас сауғалап, тығылып қалатын, – деп, біршама уақыт үнсіз қалатын. Кім біледі, есіне Ленинград қаласында аштық пен суықтан, бомба жарықшақтарынан қынадай қырылған балалар мен қарттар түсті ме, әлде өзінің бір емес, үш рет жараланып, екінші топтағы мүгедек болып, 1945 жылдың қаңтар айында елге қайтқаны түсіп отырды ма екен?.. Бұл – бір ғана біздің отбасында болған жағдай. Ал кең-байтақ қазақ жерінен аттанған қаншама жан бұл нәубетті көзбен көрді. Елде қалғандары «Тек майдан үшін, тек жеңіс үшін» деп, күндіз-түні тынымсыз еңбек етті. Иә, Ұлы Отан соғысының бас сұқпаған ошақ-шаңырағы, анығында, жоқтың қасы. Ұлы Отан соғысы тарихының беттерін парақтаған адам жеңіс сағатын соқтыруға Қазақстанның, оның ішінде біздің облысымыздың да қосқан үлесі телегей-теңіз екенін байқар еді. Ендеше сонау сұрапыл жылдарда елі үшін жанын қиған боздақтардың, Жеңіс күнін жақындатқан ардагер-жауынгерлердің ерлігін ұлықтау – бүгінгі бейбіт күннің ұрпақтарының парызы.
Қибат АСҚАРБЕКОВ, Тараз қалалық мәслихаты аппаратының қызметкері.