Әлеумет

Бір ротадан бір өзі аман қалған

Бір ротадан бір өзі аман қалған

 width=Біздің бала кезімізде, жігіттік шағымызда үздіксіз тартқан шылымының түтінінен, едірейген қою мұрты сарғайып тұратын Жанұзақ Қосыбаев айналасын атжалманша жайпаған нәубет туралы, күрсіне-күрсіне, үзік-үзік әңгіме айтатын. Біз қызыға тыңдайтынбыз. Ол әңгімелер көріп жүрген киноларымызға мүлде ұқсамайтын. Енді, міне, сол Ұлы Жеңістің 73 жылдығында есімі ертегіге, бейнесі алып батырға айналған майдангерді еске алып, өмір тарихына көз жүгіртіп, өткенді ой елегінен өткізіп, сексенінші онжылдықтың соңына таман 75 жасында колхозшы, жылқышы бола жүріп дүниеден озған ата туралы өзіммен-өзім сырластым. 1942 жылы әскер қатарына алынып, Алматы қаласында жасақталған Панфилов дивизиясының №489 артиллериялық полкінің сапында алғашқы ұрысқа кірген ол кейіннен осы дивизияның №166 минометчиктер полкында да минометчик болып, жаумен айқасты. Оған оның омырауы толған жауынгерлік наградалары куә болатын. Атамыз Курск доғасындағы шайқасқа қатысқан кезінде мынандай адам сенбес жағдай болды дейтін. – Аспан мен жер үсті түтін мен шаң топалаңға айналған, көктен жауған снаряд айқыш-ұйқыш зуылдаған оқ, күңіренген дала, оққа ұшқан, жараланған адамдардың даусынан, ыңырсығынан құлақ тұнады. Кей жерлерде неміс солдаттарымен қолма қол ұрысқа кіруге де тура келді. Жан алып, жан беріскен күндер болды. Сол ұрыстардың бірінде неміс солдаттарын тұтқынға түсірдік. Қараңғы орманның іші. Кімнің қайда екенін біліп болмайды. «Атып тастайды», – деді ме жаудың жап-жас солдаты мені мият тұтып, менің ығыма тығылып, ыңғайыма көніп, томпаңдап алдыма түсіп бүкшеңдеп ерікті ілесіп жүрді. Қанша фашист болса да адамның баласы ғой, жетектеп штабқа әкеліп өткіздім, –дейтін қарт жауынгер. Барлаушы, автоматшы, минометші де болған ержүрек жауынгер өздерінің Қара теңіз арқылы Кавказға бір батальон жауынгер десант болып түсіп, жүзуді білетіні бар, білмейтіні бар солдаттар теңізден арқанмен жалғасып, бірін-бірі сүйемелдеп, батып бара жатқанын жоғары көтеріп жағаға шыққанда жауып тұрған оққа ұшырайды. Теңізден шинелімен малмандай су болып шыққан қаруластар бір сағаттың ішінде ұрыстың қызуынан үстілері құп-құрғақ болып шыға келгенінен текетірестің қаншалықты өрттей қызу болғанын білуге болады. Қалай дегенмен кескілескен шайқаста келген көмектің арқасында Кеңес жауынгерлері жауды бекіністен қуып шығады. Солай болғанымен бір батальоннан жүзден аса ғана солдат, ал өзінің ротасынан жалғыз бір өзі қалғанын көзіне жас ала есіне түсіруші еді. Атамыз Белоруссиядағы бірінші, екінші майданда да ерлік көрсетіп, Кенисберг қаласына дейін жеңісті жолын жалғастырады. 1945 жылы Жеңіс мерекесінен соң, май айының соңында Қиыр Шығыстағы жапон әскерлеріне қарсы соғысқа қатысып, тек 1946 жылдың басында елге қайтады. Отбасын құрап, екі ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсіреді. Құдай қосқан қосағы Арзанкүл екеуі 41 жыл отасып, бейбіт өмірдің қызығын бірге көрді.

Серік ҚҰРАЛБАЙ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Меркі ауданы.