Жаһан

Астананың төрінде жаңа мешіт

Астананың төрінде жаңа мешіт

Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев Астанадағы Қабанбай батыр даңғылы бойында орналасқан жаңа ме­шітте болды.

Елбасы еліміздің барша мұсылман қауымын қасиетті Рамазан айымен құттықтады. – Бұл айда жұрттар, Құран Кәрімде өсиет етілгендей, ораза ұстайды. Құран қағидаттарына сәйкес, осы айда адам баласы Аллаға жақындай түседі және олар мейірім, бақыт, береке-бірлік, толеранттылық, өзге жандарға қайырымдылық жасау, күнәларынан арылу және медет тілеу жөнінде ойлануға тиіс. Еліміздің барша мұсылмандарына ұлық Ораза айының сынағынан сүрінбей өтуді тілеймін, – деді Қазақстан Президенті. «Пригородный» тұрғын алабында, Арнасай көшесі мен Қабанбай батыр даңғылының қиы­лысында орналасқан жаңа мешітті көру барысында Нұр­сұл­тан Назарбаев оның елордадағы сегізінші мешіт екенін атап өтті. – Мешіт елордамызға ке­ле­тін қонақтар үшін қолайлы. Бо­лашақта бұл мешіт тек ізгілік пен бірліктің құтты мекені болады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы. Мешіттің жалпы алаңы – 1087,6 шаршы метр, жерінің ау­мағы – 8 гектар, мұнарасының биік­тігі – 28,9 метр. Ғимараты 1500 адамға лайықталған.