Жамбылда не жаңалық?

Тараздық ұжым Еуропада топ жарды

Тараздық ұжым Еуропада топ жарды

Қандай әлеуметтік нысан болса да халықтың олжасы. Ел қазынасынан бөлінген қаражатқа біздің өңірден де еңселі спорт, денсаулық, білім, әлеуметтік салалар нысандары салынғаны белгілі. Жаңа ғимарат жаңа талапқа сай болуы тиіс. Осындай көрнекті, заман талабына жауап бере алатын нысандардың бірі – облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты №5 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы (бұрынғы №1 психоневрологиялық интернаты). Әлеуметтік салада мол тәжірибе жинаған мекеме басшысы Мұрат Бердалиев бұл жауапкершілікті сезініп келеді. Салынғанына 4 жылға жуықтаған ғимаратқа қоныстанған мекеменің жетістігі жаман емес. Өткен жылы республикадағы 65 әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ішінен жүлделі үшінші орыннан көрініпті. Директор Мұрат Әзімханұлы биыл бірінші орынға шығатын­дарына сенімді. Жыл басында мұнда демеушілер қаражатымен махаббаттың символына арналған ескерткіш ашылған еді. Аталған қызмет көрсету орталығының құрамасы шағын футболдан айды аспанға шығарды. Әуелі республикалық іріктеу жарысында топ жарды. Еліміздің әр аймағынан келген командалардың барлығын ұтып, Арнаулы Олимпиада ойындары аясындағы Еуропааралық турнирге жолдама алған болатын. Жақында жерлестеріміз сол турнирден олжалы оралды. Еуропа елдері қатысқан командалар арасында Отанымыздың намысын қорғаған жамбылдықтардың бәсі биік болды. Жерлестеріміз Өзбекстан құрамасын 3:1 есебімен ұтса, Әзірбайжан құрамасынан 2:1 есебімен басым түскен. Жартылай финалда Фарель аралдары (Солтүстік Исландия) құрамасын 4:1 есебімен айқын жеңіп, №5 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жігіттері шешуші ойында ғана Беларусь елінің құрамасына 1:3 есебімен жол берген. Қанжығада – күміс жүлде. Әрине, 16 команданың арасынан күміс жүлде олжалау – үлкен жетістік. Бұл жеңістерге команда бапкері, мекеменің спорт маманы Бақытжан Аманжолов, мерген шабуылшылар Дәулет Құрманбеков пен Костя Поников, қақпашы Серік Досжанов үлкен үлес қосты. Бұл турнир Арнаулы Олимпиада ойындарына 50 жыл толу құрметіне орай өткізіліпті.

Есет ДОСАЛЫ