Жансая мен бейбарыс жарады
Жансая мен бейбарыс жарады
Таиланд астанасы Бангкокта бокстан жастар арасында Азия чемпионаты өтті. Құрлық біріншілігіне 35 мемлекеттен 235 былғары қолғап шебері қатысып, өзара кім мықты деген сауалға жауап іздеді. Кіл мықтылар бас қосқан Азия чемпионатына ел боксшыларымен бірге жамбылдық жампоздар да аттанған болатын. Айтулы аламанда жерлестеріміз ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп, жанкүйерлерін бір қуантып тастады. Әсіресе арулар арасында бақ сынаған Жансая Әбдірайымова (жеке бапкері – Бауыржан Асқаров) жасындай жарқырады. 51 килограмм салмақ дәрежесінде топқа түскен Жансая қарсыластарының барлығынан басым түсті. Құрлық біріншілігінде өзінің жоғары деңгейлі боксшы екенін дәлелдеген спортшы қоржынымызға алтын жүлде салған соң, 56 килограмм салмақ дәрежесінде шаршы алаңға көтерілген Бейбарыс Жексеннің жолына үлкен үмітпен қарадық. Бейбарыс Жексен де байрақты бәсекені сәтті бастады. Алғашқы қарсыластарынан іркілмей өткен ол тек жартылай финалда ғана жеңілістің кермек дәмін татты. Нәтижесінде жас періге қола медаль бұйырды. Аттары аталған екі спортшымыз да ілгеріде бірқатар биіктерді бағындырған болатын. Талабы таудай боксшыларымызға тек табыс тілейміз!
Табиғат АБАИЛДАЕВ