Спорт және туризм

«Тараз» төртінші орынға сырғыды

«Тараз» төртінші орынға сырғыды

Футболдан Қазақстан бірінші лигасының ойындары жалғасын табуда. Премьер-лигаға қайта оралуды мақсат санаған «Тараз» футбол клубы алтыншы турда қарағандылық «Шахтер Болат» командасын қабылдап, ұпай жоғалтты. Турнир кестесінде оныншы орынға жайғасқан қарағандылықтарды жерлестеріміздің жеңетініне шүбәміз болмаған. Алайда іс жүзінде жамбылдық футболшылар өз мүмкіндіктерін ұтымды пайдалана алмады. Төреші ысқырығы естіле салысымен, «Тараз» футболшылары шабуылға иек артты. Қарсылас команданың қақпасынан саңылау табуды басты мақсат етті. Десе де тиісті нәтижеге қол жеткізе алмай-ақ қойды. Қысқасы, қорғана жүріп қарымта шабуылдар ұйымдастырған қарағандылықтар бірінші кезеңде гол жіберген жоқ. Футболда «Сен соқпасаң, саған соғады» деген қағида бар. Жерлестеріміз екінші кезеңді де жақсы бастады. Алайда ойынның 56-минутында Темірлан Әділов өз мүмкіндігін мүлт жібермей, есеп ашып, қарағандылықтарды жеңіске жақындата түсті. Бұдан соң «Тараз» футбол клубының ойыншылары жан ұшыра алға лап қойды. Қалайда ойынды құтқаруға тырысты. Әйткенмен бұл күні жамбылдықтарға жеңісті жұлып алу бақыты бұйырмады. Тіпті жерлестеріміз аутсайдер ұжымға ұтылып қалар ма екен деп, дегбіріміз қашты. Дегенмен төреші қосқан қосымша минуттарда Илья Воротников қарсылас команда қақпасына гол соғып, «Тараздың» абыройын сақтап қалды. Қорытынды есеп – 1:1. «Тараз» футболшылары соңғы екі ойында бес ұпай жоғалтты. Ілгеріде Көкшетаудың «Оқжетпес» командасынан жеңіліс тапқан еді. Жамбылдық футболшылар осылай сәтсіздікке ұшырай берсе, премьер-лиганың ауылы алыстай түсетіні анық. Алты турдан кейін «Тараз» командасы төртінші орында келеді. Осы ойыннан кейін команданың бас бапкері Ваит Талғаев өз еркімен қызметтен кетіпті.

Табиғат АБАИЛДАЕВ