«Бокста әлі де бағымды сынап көргім келеді»
«Бокста әлі де бағымды сынап көргім келеді»
Жамбыл бокс мектебінің түлегі, 52 келі салмақ дәрежесінде Азия біріншілігінің қола жүлдегері, чемпионы, «Астана арландары» командасы сапында бүкіләлемдік бокс сериясының жеңімпазы, жасөспірімдер (кадеттер) арасындағы әлем чемпионы, жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, әскерилер арасындағы әлем біріншілігінің жеңімпазы, бес дүркін Қазақстан чемпионы (жасөспірімдер – 1, жастар – 1, ересектер – 3), Рио-де-Жанейро Олимпиадасының қатысушысы, жамбылдық жампоз Олжас Сәттібаев кеше орда бұзар отыз жасқа толды. Осыған орай, «Астана арландары» кәсіпқой бокс клубы командасының экс-капитанын туған күнімен құттықтап, аз-кем әңгімелескен едік. – Олжас, орда бұзар отыз жасқа аяқ бастың. Құттықтаймыз! Енді артыңа қарайлап, осы күнге дейін не істегеніңді, қандай жетістіктерге жеткеніңді саралап, қысқаша айтып өтсең... – Рахмет. Шынымен артқа қарайлайтын уақыт жеткен секілді. Әрине, спортпен байланысты өткен жылдарға айтар арыз-шағымым жоқ. Керісінше, алғысым шексіз. Алланың бұйырған биігінен көріндік. Азия чемпионы, кадеттер арасында әлем чемпионы атандым. «Астана арландары» сапында екі дүркін бүкіләлемдік бокс сериясының жеңімпазы болдым. Талай боксшы армандаған Олимпиада ойындарында өнер көрсетуге мүмкіндік алдым. Міне, осының барлығына спорт арқылы қол жеткіздім. Сондықтан мен спортты, оның ішінде боксты құрметтеймін. Әлбетте, болашақта бұдан да биіктерден көрінгім келеді. – Адамның арманы таусылған ба?.. Олимпиададан кейін «Астана арландары» командасының капитаны болдың. Алайда биыл көрінбедің. Мұның себебі неде? – Биыл ел біріншілігіне қатысып, төрешілердің әділетсіздігіне ұшырадым. Содан кейін туған жерім Таразға оралып, бүгінде отбасымның қасындамын. Жалпы, биылғы жыл мен үшін демалатын уақыт десем де болады. Ал қалғанын сәтімен көре жатармыз. – Алдағы уақытта жүзеге асыратын жоспарларың бар ма? Мәселен, кәсіпқой боксқа ауысып, сонда бағыңды сынағың келмей ме? – Дәл қазір айтарлықтай жоспарым жоқ. Әрине, кәсіпқой боксқа ауысуға ұсыныстар келіп жатса, дайынмын. Жаттығудан да қол үзген емеспін. Өйткені спортшы үнемі жаттықпаса, нәтиже көрсете алмайды. Сол себепті демалыста болсам да, жаттығу залына барудан бас тартқан емеспін. Тіпті біраз уақыт бұрын Шымкентке барып, тауда оқу-жаттығу жиынын өткізіп қайттық. Алдағы уақытта Қытай елінде ересектер арасында іріктеу өтеді. Бұйыртса, облыс құрамасымен бірге Қытайдың Үрімші қаласында өтетін оқу-жаттығу жиынына барсам деймін. Ал болашақта қандай жарыстар бар екенін әзірге өзім де білмеймін. Бапкерлер құлағдар ете жатар. Кәсіпқой боксқа келер болсақ, барлығын уақыт көрсетеді. Болашақта көреміз. Еліміздің намысы үшін неге жұдырықтаспасқа?! Өзің білетіндей, мен жеңіл салмақта өнер көрсетемін. Ал Америкада бұл салмақта жұдырықтасатындар аса сұранысқа ие емес көрінеді. Керісінше, орта салмақтағы боксшыларға деген қызығушылық көп екен. Оның үстіне кәсіпқой боксқа ауысқан сәтте промоутерлік компаниялар сенің жеткен жетістіктеріңе қатты мән береді. Олимпиада чемпионы болсаң, онда әңгіме басқа. Мәселен, Данияр Елеусінов кәсіпқой боксқа ауысқан бетте атақты компаниямен келісімшартқа қол жеткізді. Міне, осы факторлар да рөл атқарады. Одан бөлек, қаржылық қолдау керек. Сондықтан демеушілер табылса, кәсіпқой бокста бағымды сынап көргім келеді. Жастардың дені уақытын әуесқой бокста өткізуден гөрі, кәсіпқой рингке ертерек ауысып жатады. Сол дұрыс секілді. Егер кәсіпқой боксқа бет бұрған жағдайда кем дегенде 5 жылда өз салмағымда әлем чемпионы атағын иемденсем деймін. – Лайым солай болғай! Туған күніңде уақыт тауып, әңгімелескеніңе рахмет!
Сұхбаттасқан Есен Өтеулиев.