- Advertisement -

Естен кетпес екі кездесу

128

- Advertisement -

Биыл елордамыз Астана қаласы өзінің жиырма жылдық мерейтойын атап өткелі отыр. Бұл іс-шараға біз де атсалысып, үлесімізді қоссақ деген ниеттеміз. 2011 жылдан бері біздің тігін цехымыз еліміздің бас шаһарында жұмыс істеуде. Онда жеті жас тігіншіні қатарымызға қостық. Бүгінде әрбір арайлап атқан таңды жасампаз қаламен бірге қарсы алып келеміз. Бұл – мен үшін де, ұжым үшін де үлкен мәртебе, мақтаныш.

Өзім кезінде Жамбыл технологиялық институтын ойдағыдай тәмамдап, Тараз қаласындағы тігін фабрикасында алғашқы еңбек жолымды бастағанмын. Тоқсаныншы жылдары арнайы жолдамамен Ташкенттегі Орта Азия университетінде тоқыма өнеркәсібінің менеджменті мамандығы бойынша сырттай оқып, нарыққа өтпелі кезеңнің қыры мен сырын, кәсіпкерлік әліппесін облыста алғашқылардың қатарында оқып үйреніп, меңгеру мүмкіндігіне ие болдым. Ұққаным да, үйренгенім де көп, әрине.
Ол кезде жоғарыда аталған тігін фабрикасында бас технолог болып қызмет атқаратынмын. 1994 жылы оның жұмысы қожырай бастады. Бұрынғы экономикалық байланыстар үзіліп, қоғам өзгеріп, ескінің орнына жаңа келіп, орныға алмай жатқан тұс еді. Оның үстіне бір жыл бойы айлық алмағанымыз бар. Әрі-бері ойланып, жеке ісімді бастауға тәуекел еттім. «Әсел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сол кезде дүниеге келген. Қазіргі «Офелия» дәмханасы орналасқан ғимараттан жалға орын алып, үш тігін машинасымен жұмысымды бастадым. Алғашында 10, 1997 жылы 15 тігінші қызды жұмыспен қамтамасыз еттім. Сол жылдары мемлекет есебінен жұмыс істейтін тігін фабрикасы жабылып тынды. Керісінше, біздің шағын цехымыздың жұмысы жандана түсті, бірқатар зауыттар жұмысшыларының арнайы киімдерін тіктік.
Азды-көпті жетістіктерге қол жеткізгендіктен, атымыз аймаққа танылып қалған. Соның арқасында 2001 жылы тәуелсіздіктің 10 жылдық мерейтойында Астанадағы Конгресс холда өткен көрмеге қатысу мәртебесіне ие болдық. Біздің кәнігі тігіншілеріміздің қолынан шыққан түйежүн көрпені алу үшін астаналықтардың ұзын-шұбақ кезекке тұрғаны есімде қалып қойыпты. Бұны еңбегіміздің, Елбасының қолдау-қамқорлығының айқын жемісі деп білемін.
Мемлекет басшысы 2005 жылы сәуір айында кезекті рет Таразға келгенінде, ең алдымен Байзақ ауданындағы кірпіш зауытына барды. Оған өңір кәсіпкерлері де қатысқан. Менің қасымда аты дүрілдеп шыққан «Айвенго», «Дизайн-Сұлу» тігін цехтарының басшылары тұр еді. Біз сол тұста мұнай-газ қызметкерлеріне арналған қапшықтар тігумен айналысқанбыз. Өніміміз жоғары сұранысқа ие еді. Елбасы амандасып, танысу барысында менен «Киімді кімдер үшін тігесің?» деп сұрады. Жауап бердім. Ол кісі көп кідірмей әрі өтіп кетті. Әркім мінберге шығып, атқарған жұмыстары жөнінде айтып жатты. Осы кезде Байзақ ауданының ақсақалдары Президентке арнайы келіп амандасты. Олардың қатарында әйел кәсіпкерлер де бар. Неге екенін, сол тұста Нұрсұлтан Әбішұлы маған тағы қайырылып, «Не айтарың бар, бірақ сен бәрін өзің істеген қызсың» деп қалды. Шынында да мемлекеттен бір тиын алмай, шаруамды тіктегенімді қалай білді деп қайран қалдым. Сөз орайы келгенде, мен де:
– Құрметті Елбасы, сізбен кездескеніме қуаныштымын. Бұл – әркім үшін де арман. Кәсіпкерлерді демеп, көтерудесіз. Сіздің тарапыңыздан, әсіресе қазақ әйелдері арасынан шыққан кәсіпкерлерге үлкен қолдау бар, – дедім ағымнан жарыла. Ол кісі күлді. Мен сөзімді асыға-аптыға одан әрі жалғастырдым. – Биыл Жеңістің 60 жылдығы ғой. Жеңісті жақындатқандардың бірі – менің әкем, қызымды ылғи да биіктен көрсем деп армандайтын. Мен сол әкем арман еткен межеден көрініп отырмын.
Сөзімді ықылас қоя тыңдаған Елбасы мен туралы мәліметке әбден қанық болып шықты. Үлкен кісінің көңіліне тоқығанын ұмытпайтындығы, есте сақтау қабілетінің, жадының беріктігі қайран қалдырған.
– Маған сізбен кездесудің өзі – зор бақыт, – дедім күмілжіп. Сол сәтте ол кісі кәсіпкерлер қауымының өзімен бірге суретке түсуіне ықылас білдірген. Сол сурет менде әлі күнге дейін сақтаулы. Айтпақшы, Президентпен бірге түскен сол фотосурет біраз жыл Байзақ, Т.Рысқұлорв аудандарының орталықтарында билборд ретінде ілулі тұрды.
Нұрсұлтан Назарбаевпен екінші мәрте Тараз қаласына 2007 жылы келгенде «Жастар сарайында» кездестім. Өзін қарсы алып, қаумалаған жұрттың арасынан мені көріп қалып, «Халың қалай?» деп сұрады. Мен «Жақсы» деп жауап бердім. Осы екі жүздесу еш ұмытылмайды. Елбасы бір көрген адамын өмірі есінен шығармайды екен. Менің соған көзім жеткендей болды.
Бұл жерде айтайын дегенім, Астана мен Елбасы – егіз ұғым. Астана десе, Елбасы, Елбасы десе Астана ойға оралады. Нұрсұлтан Әбішұлының өзін Астананың авторы деп те санаймыз. Кезінде бізге де тікелей өзі қамқорлық көрсетті. Осындай қолдаудан қанаттанып, қуат алып, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары тәуекел деп алғаш кәсіпкерлікті бастаған едік. Ал ол – үлкен жұмыс, біле білгенге. Біздің бұл мұратты ісімізді кейінгі толқын – жастар жалғастыруда. Соның арқасында олар өздері де бақуатты, молшылықта ғұмыр кешіп, еліміз жылдан-жылға көркейіп, гүлдену үстінде. Мұның барлығы Елбасының сарабдал саясаты мен алысты болжайтын көрегендігінің жемісі деп білеміз.

Дина ӘБДІРАХМАНОВА,
«Әсел» ЖШС директоры.

Астана қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support