Экономика

Алма ағаштарды да «ауырады». Жеміс-жидек күйігі – өте қауіпті

Алма ағаштарды да «ауырады». Жеміс-жидек күйігі – өте қауіпті

Соңғы екі-үш жылда облыстағы жеміс-жидек егумен айналысатын шаруалардан, «алма, алмұрт ағаштары неге қарайып қурап жатыр?» деген шағымдар біздің инспекцияға көптеп түсе бастады. Бұл жағдай әрине, облыстық және аудандық инспекцияларының өсімдік қорғау және өсімдіктер карантині жөніндегі мамандарын да көптен бері толғандырып жүр. Бұдан үш-төрт жыл бұрын көктем кезінде, инспекция мамандары өсімдіктердің аурулары мен зиянкестеріне қарсы тексеріп-анықтау жұмыстары барысында қарайып қурап кеткен бұталарды Тараз қаласындағы карантиндік зертханаға өткізген болатын. Зертхана сараптамасының нәтижесінде алма ағашының монилиоз ауруы деген анықтама берілген болатын. Бұл аурудың белгілері жеміс ағаштарының күйігі ауруының белгілеріне қатты ұқсас болғандықтан және бұл ауру карантиндік аурулардың қатарына жатпайтындықтан, мамандар оған онша мән бермеген еді. Сонымен қатар, Тараздағы карантиндік зертханада да, Астана және Алматы қалаларындағы орталық зертханаларда да бұл ауруды терең зерттейтін жабдықтар жоқ екендігін айта кету керек. Ал, бұл ауру түрлерін терең, яғни клеткалық, гендік деңгейде әртүрлі бактериялық ортада өсіру арқылы анықтамаса, олар бір-біріне өте ұқсас болғандықтан дөп басып айту қиын. Сондықтан заманауи талаптарға сай келетін, яғни, жоғарыда айтылған ауру түрлерін клеткалық және гендік деңгейде зерттейтін жабдық – полимераздық тізбе реакциясы (ПЦР) тек қана Мәскеу қаласындағы карантиндік зертханасында ғана болғандықтан, Астана қаласындағы республикалық карантиндік зертхана басшылығы былтырдан бері ғана, солармен келісімшарт жасап, осы ауру түрін анықтауға мүмкіндік алды. Осыған байланысты, көпшілік тарапынан «ондай жабдықты өзімізге неге сатып алмасқа?» деген заңды сұрақ туындайды. Жоғарыда аталған жабдықта жұмыс істейтін арнайы дайындықтан өткізілген маман болуы қажет екендігі белгілі. Сондықтан арнайы мамандар Мәскеу қаласында даярлықтан өткізіліп, биыл аталған құралды өзімізге сатып алғандықтан, келесі жылдан бастап Алматы қаласында жұмыс істей бастайтындығын атап өту керек.

Елімізде 2002 жылғы 10 желтоқсандағы №1295 «Өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шаралар белгіленетін және жүзеге асырылатын карантинді объектілер мен бөтен текті түрлердің тізбесі және ерекше қауiптi зиянды организмдер тiзбесi» деген арнайы Үкіметтің Қаулысымен бекітілген тізбе бар. Үкімет тарапынан жыл сайын қаржы бөлініп, осы тізбедегі карантиндік нысандарға қарсы жою жұмыстары шаруа құрылымдарына тегін атқарылып беріледі. Ал жоғарыда аталған карантиндік ауру – жеміс ағаштарының бактериялы күйігі, бұрын Қазақстан аумағында тіркелмегендіктен, бұл тізбеге енбеген. Сондықтан қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан осы ауруды тізбеге енгізіп, жеміс-жидек бақтары жұлынып, жойылатын болғандықтан бақ иелеріне өтемақы төлеу жағы қарастырылуда. Осыған қарамастан, бүгінгі күні біздің инспекция тарапынан ауру анықталған аудандарда карантиндік режим енгізіп, карантиндік аймақ жариялау туралы облыс әкімдігіне ұсыныстар беріліп, аурудың таралуын болдырмау және оның алдын алу үшін карантин жарияланған аймақтарда кешенді фитосанитариялық іс-шараларды қолдану туралы ұсыныс хаттар берілуде. Осыған қарай, залалданған аймақтардан жеміс-жидек көшеттерін әкелуге тыйым салу және залалданған аумақтан сыртқа шығармау керек. Ауруға шалдыққан ағаштың жоғары жағындағы бұтақтарынан бастап, 1-2 жылда түгелдей қурап кететіндіктен, залалданған бұтақтарын, қураған жерден 30-40 см төмен ала кесу, кесілген бұта орындары бақ нұмымен (садовый вар) зарарсыздандырылып, кесіп алынған бұтақтарды тез арада өртеу арқылы жойылуы тиіс. Түгел қураған ағаштарды тамырымен жұлып, өртеу арқылы жою қажет. Ерте көктемде аздап болса да тиімділігі болатындықтан, тотияйын ерітіндісімен (бордосская жидкость) бірнеше рет (1-ағаш гүлі ашылмай тұрған кезде, 2-ағаш 20% гүлдеген кезде, 3-ағаштың гүлдеген кезінде, 4-гүл күлтелері түсіп болған кезде және 5-ағаш түгелдей гүлдеп біткен соң) және стрептомицин ерітіндісімен бүркіген дұрыс. Күзде, залалданған бұталарды қайта кесу жұмыстарын жүргізу, кесілген бұта орындары хлорлы цинк ерітіндісімен зарарсыздандырылып, бақ нұмын жағу керек. Кесіп алынған бұталарды тез арада өртеу арқылы жойып, пайдаланылған кесу құрал-саймандарын зарарсыздандыру іс-шаралары жүзеге асырылуы тиіс.

Серіжан Бексұлтанов, облыстық өсімдіктер карантині жөніндегі  бас мемлекеттік инспектор.