Ынтымақ пен біртұтастыққа үндеген мереке
Ынтымақ пен біртұтастыққа үндеген мереке
Құрметті жамбылдықтар! Қадірменді жерлестер! Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтаймыз. Бұл – татулық пен ынтымақтың, ғасырлар бойы мызғымаған ұлтаралық келісімнің мерекесі. Осы айтулы күн біздің миллиондаған отандастарымыздың жүрегінен жол тауып, ұлтаралық татулық пен біртұтастықты насихаттаудың рухани дәстүріне айналды. Дана қазақта «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген қанатты сөз бар. Расында, күллі қоғамның дамуы қай кезде де оның біртұтастығына, ішкі татулығына байланысты. Бүгінде Мәңгілік Ел болу мұратын таңдаған мемлекетімізді бүгінде әлем таныды. Көп ұлтты Қазақстандағы түрлі этностардың берік достығының арқасында мемлекетіміз өркендеп, дамудың даңғыл жолына түсті. Еліміз әлеуметтік-экономикалық тұрғыда нығайып, рухани өрлеуде зор табыстарға қол жеткізіп келеді. Осылайша біз тұтас әлемге азаматтық татулық пен этносаралық өзара келісімнің озық үлгісін паш еттік. Елбасы бастамасымен әлемде баламасы жоқ институт – Қазақстан халқы Ассамблеясының іргесі қаланды. Бүгінде бұл қоғамдық ұйым барша ұлт пен ұлыстың ұйытқысы болып отыр. Жамбыл жерін мекен еткен ынтымағы жарасқан сексеннен астам этнос өкілдері ортақ Отанымыздың тыныштығы мен тұрақтылығын нығайтуға атсалысуда. Экономиканың барлық саласында елеулі еңбектің үлгісін көрсетуде. Бұл – туған елге деген сүйіспеншіліктің, ақжарма көңіл, ақ тілеудің белгісі. Қадірлі жерлестер! Халқымызды татулық пен мейірімділікке үндеген осынау мерейлі күні баршаңызға қуаныш пен шаттық, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілейміз.
Бірлік мерекесі құтты болсын!
Асқар Мырзахметов, облыс әкімі.
Бағлан Қарашолақов, облыстық мәслихаттың хатшысы.