Спорт және туризм

Тоғызқұмалақ турнирі мәреге жетті

Тоғызқұмалақ турнирі мәреге жетті

Облыстық «Ақ жол» газетінің жүлдесі үшін биыл он тоғызыншы мәрте ұйымдастырылған тоғызқұмалақ турнирі төрт күнге созылып, өз мәресіне де жетті. Турнирге республиканың сегіз облысынан барлығы – 126 ойынша қатысқаны белгілі. Айта кетейік, олардың арасында әлем, Азия және республика біріншіліктерінде топ жарғандар да бар. Бұрнағы күні Тараз қаласындағы №53 мектепте ұлттық спорт ойынының үздіктері анықталды.

Бас төреші Ербол Нұрхановтың айтуынша, жарыс жеті турда швейцариялық жеребе тарту әдісі арқылы өткізілген. Жеңімпаздарды марапаттау салтанатында облыстық «Ақ жол» газетінің редакциясы» ЖШС-нің Директор-Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы тоғызқұмалақ ата-бабадан жеткен мұра екенін, бұл жарыс ұлттық ойынымызды әлемдік, халықаралық деңгейге көтеру жолындағы жұмыстардың бастамасы екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, ол тоғызқұмалақ турнирі алдағы уақытта қазақ күресінің мерейін асырып, әлемдік аренаға шығарған «Қазақстан барысы» мен «Еуразия барысының» деңгейіне жетсе деген игі тілегін жеткізді. Ал, турнир ұйымдастырылған алғашқы жылдан бастап оның бас қазысы болып келген, жақында ғана Алматы қаласындағы «Спорт және туризм» академиясына тоғызқұмалақ бойынша бапкерлер дайындау қызметіне ауысқан спорт шебері Мейрамқұл Ноғайбаев өзінің шәкірті, спорт шебері Ербол Нұрхановқа төрешілік тізгінін табыстады. Әрі қарай облыстың бас басылымының басшысы ересектер арасында (14 жастан жоғары) ешкімге дес бермей, алтыннан алқа таққан қыздар арасында қостанайлық Қымбат Нөсерованы, ерлер арасында қызылордалық Рамазан Айшыққанды марапаттады. Болашақтарына сәт сапар тілей отырып, үздіктерге теледидар тарту етті. Ересектер арасында алматылық Рахат Айтбаев пен оралдық Айгерім Лесқалиева күміс жүлдеге қол жеткізсе, жерлесіміз тараздық Ерқанат Аманов пен Сыр елінің спортшысы Үміт Сақташова қола жүлдені қанжығаларына байлады. 14 жасқа дейінгі қатысушылардың да қарасы қалың. Олардың арасында қарсыластарынан басым түскен қарағандылық Ж. Рахымжан мен сырдариялық Н. Маханова бірінші орынға табан тіреді. Қызылордалық Д. Өркембай мен оралдық Ш. Мұратова екінші, ал, атыраулық Т. Ғалламов пен сырдариялық А. Кенжебаева үшінші орынды иеленді. Жеңімпаздардың барлығына арнайы диплом, медальдармен қатар, бағалы сыйлықтар табысталды. Ал, турнирдің ең жас қатысушылары Сұлтан Амангелді мен Айжан Мәлік небәрі жеті жаста екен. Бұғаналары енді қатқан балақайлардың төл спортымызды меңгеріп, өзінен үлкендермен табан тірестіргендерін көргенде қайран қаласың. Төрешілер балалардың талабын елеп-ескеріп, оларды да сыйлықсыз қалдырмады. Мүмкін дәл осы бүлдіршіндер болашақта төл спортымыздың мерейін үстем етіп, қазақтың тоғызқұмалағын әлемге танытар.

Назгүл Әбушәріпқызы, «Ақ жол».