Ұшырған баптап ұядан...
Ұшырған баптап ұядан...
М. Төлебаев атындағы өнер мектебінде қолға алынған ілкімді іс көп
Аудан орталығындағы М.Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінде жасөспірімдердің өнерін ұштау, дарындарды демеуде ауыз толтырып айтарлықтай игілікті шаралар жүзеге асырылуда. Құлан ауылында музыка мектебі 1976 жылы ашылған кезде 3 мұғалім, 46 оқушы ғана болған екен. Қазір өнер ордасында 32 ұстаз сабақ береді, 335 жасөспірім музыкадан сауатын ашып, аспаптарда ойнау шеберліктерін шыңдауда. Жиырма мұғалімнің жоғары, 12-сінің арнаулы орта білімі бар. Құландағы балалар ыңғайластырылған тар ғимаратта оқиды. Орын жетіспегендіктен, Ақбұлақ, Жамбыл және Қарақыстақ ауылдарында музыка мектебінің филиалдары жұмыс істейді. Музыкаға бейімі бар бүлдіршіндер мектепке 7-8 жастан бастап қабылданады. Олар домбыра, фортепиано, терме, қобыз, аккордеон, баян және вокал сыныптарына бөлініп білім алады. Ұлт аспаптары сыныбындағылар – 5, фортепианода 7 жыл сауат ашады. Сыныпты толық тәмамдағандарға куәлік беріледі. Осы мерзімде өнер ордасын жүздеген шәкірт бітіріп, саз әлеміне қанат қаққан. Түлектер арасында музыкалық білімдерін Тараз, Шымкент және Алматы қалаларында жалғастырушылар аз емес. Ұжым осы мектепті ашуға ұйытқы болған Бибізура Тілеулиева, Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті өнер факультетінің деканы, мектеп түлегі Жамал Жәдікқызын мақтаныш етеді. Бұрын осында оқыған, музыкалық жоғары білім алған Оксана Павлова, Анар Әлімқұлова, Людмила Владимирова, Раушан Кабираева және Айша Ұзақбаева қазір ұшқан ұясында жемісті еңбек етіп жүр. М.Төлебаев атындағы балалар музыка мектебіне 2002 жылдан бері білікті маман, «Білім беру және мәдениет саласы бойынша еңбек сіңірген мемлекеттік қызметкер» төсбелгісінің иегері Бердібек Бабасов басшылық жасайды. Мектеп директорының орынбасары Жанат Әбілғазина, психолог Айгүл Тағыбаева – республикалық байқаулардың жеңімпаздары. Ұжым ұстаздары ғимарат тарлығына қарамастан, шәкірттеріне сапалы музыкалық білім беруге күш салуда. Осындағы үздік оқушылардан құрылған «Айналайын» хор ұжымы, «Балдәурен» домбырашылар ансамблі, «Бибі» вокалдық тобы облыс, республикалық деңгейдегі байқауларға қатысып, дипломат, лауреат атануда. «Акапелла» және «Құлан сазы» фольклорлық ансамбльдерінің өнеріне жұрт тәнті. Музыка мектебі ұстаздарының көпшілігі аудандық Мәдениет үйі жанындағы «Сұлутөр» ән-би ансамблінің мүшелері ретінде аудандық, облыстық мәдени іс-шараларға, байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр.
Ақылжан МАМЫТ
Т.Рысқұлов ауданы.