«Жорықты» жалғастырады
«Жорықты» жалғастырады
Мексика мен Голландия құрамасының кездесуінің басты фавориті «қызғалдақтар отанынан» келгендер саналғаны мәлім. Бірақ, жасыл алаңдағы жағдай басқаша өрбіді. Голландиялықтар бірінші таймда ойынды өте сылбыр бастады, көбінесе қарымта шабуылдарға иек артып отырды. Керісінше, қорғаныста ойнайтынын аңғартып, алаңға бес қорғаушы шығарған мексикалықтардың екпіні қатты болды. Алғаш есеп ашқандар да солар. Шабуылшы Дос Сантостың айып алаңына жақындау жерден соққан жойқын соққысын голландиялық қақпашы қайтара алмады. Бірінші тайм мексикалықтар басымдығымен аяқталды. Голландия құрамасы есепті екінші таймда теңестірер деп күткен көпшілік. 88-минутта таблодағы көрсеткішті Снейдер өзгертті. Ойынның нүктесін португалиялық төреші қойды. Мексика қақпасына белгіленген пенальти осы матчтың тағдырын шешті. Есеп – 1:2, «қызғалдақтар отанынан» келгендер жорықты жалғастырады. 1/4 финалында голландиялықтар Грекияны пенальти жарысында жеңген Коста-Рика құрамасымен кездеседі. Бір айта кететіні, Коста-Рика құрамасы үшін бұл тарихи кезең болып тұр. Өйткені, футбол тарихында Коста-Рика да, Грекия да мундиальда плей-оффқа шығып көрмеген құрамалар.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».