Балуан Мұхит Тұрсынов - "Қазақстан Барысы"
Балуан Мұхит Тұрсынов - "Қазақстан Барысы"
Биылғы «Қазақстан барысы» турнирі күтпеген тосын жайттарға толы болды. Алыптар аламанында нағыз түйе балуандар алғашқы айналымдарда-ақ жарыс жолынан шығып қалып жатты. Алдымен, Шалқар Жоламанов, одан кейін былтырғы барыс Айбек Нұғымаров... Жамбылдықтар үміт артқан Бейбіт Ыстыбаевтың да бағы жанбады.
Нұғымаровтың жолын Руслан Әбдіразақ кесті. Руслан – 2012 жылғы «Қазақстан барысы» атанған қызылордалық Ұлан Рысқұлдың інісі. Сыр балуаны қарсыласына еш мүмкіндік қалдырмады, Айбекті айқын басымдықпен жеңді. Ал, түйе балуандар бәсекесінде ешкімге дес бермейтін Бейбіт шығысқазақстандық Мұхит Тұрсыновтан жеңілді. Басқа бір себептері болды ма, Бейбіт екінші белдесуге көңілсіз шыққандай көрінді бізге. Шығысқазақстандық балуан Мұхитпен ұзақ аңдысты. Бірнеше рет қарсыласын қапыда қалдыратын мүмкіндіктері бола тұра, тәуелкелге бармады. Әсіресе, Тұрсынов тік тұрып, оң аяғынан орай шалып, әдіс жасамақ болған кезде. Бәлкім, көп күш жұмсамай-ақ, ұпай айырмашылығымен жеңемін деп ойлаған шығар. Бірақ, Мұхит айласын асырды. Негізі, жанкүйерлердің барлығы осы жолы Мұхиттың «Қазақстан барысы» атанатынын сезген секілді. Әлеуметтік желілерде де, тікелей эфирде де алдын ала Тұрсынов көбірек «жарнамаланды». Кім білсін, бұған Мұхиттың жуырда ғана өткен ел біріншілігінде чемпион атануы да негіз болуы мүмкін. Қалай десек те, бұл жолы талай жылдан бері жеңісті қолдан бермей жүрген алыптар аламанды ерте аяқтауға мәжбүр болды. Есесіне, дүбірлі додада жаңа есімдер танылды. Соның бірі – жамбылдық Дәулетхан Жақыпов. «Талас қыраны» бұл турнирге былтыр қатысуы керек-тін. Тура сол кезде ел намысын қорғау үшін дүниежүзілік универсиадаға кетіп, жолы түспеген. Жақыповқа өз шеберлігін көрсетуге мүмкіндік осы жолы туды. Дәулетхан ер екен. Алыптар бәсекесінде боз кілемде кездескен қарсыластарын алып та, шалып та жықты. Әсіресе, бойы 2 метр, салмағы 135 килограмм тартатын солтүстікқазақстандық балуан Рүстем Жұмаевтың жауырынын жер иіскетті. Аса тартысты өткен белдесуде таластық тастүлек жарақат алғанына да қарамады. Жеңісті жұлып алды. Бірақ, осы жарақаты оның ақтық бәсекеге шығуына кедергі келтірді. Жартылай финалда Дәулетхан қарағандылық Асыл Бәрменовке есе жіберді. Қола белбеу үшін күресте жерлесіміз жеңіске жету үшін аянып қалған жоқ. Дегенмен, тәжірибесі мол Руслан Әбдіразақтың дегені болды. Қола жүлде қызылордалық спортшының қанжығасында кетті. Әйтсе де, жамбылдық балуанның өнері көпшіліктің көңілінен шықты. Жақыпов бойында жалын бар екен, кім-кімге де «келсең, кел» деп қасқайып қарсы тұрды. Сонысымен жанкүйерлердің ерекше ықыласына бөленді. Оның 28 балуанның ішінде «Көрермен көзайымы» аталымы бойынша марапатталып, «Астана моторс» компаниясының сыйлығы «Темір тұлпарға» ие болуы – соның дәлелі. «Қазақстан барысы» турнирінде биыл да Шығыс Қазақстан облысының балуанының мерейі үстем болды. Мұхит Тұрсынов алтын белбеу, алтын тайтұяқпен бірге 150 мың АҚШ долларына ие болды. Қарағандылық Асыл Бәрменов күміс белбеуге қол жеткізсе, қызылордалық Руслан Әбдіразақ қола жүлдегер атанды.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».