Саясат

Бұл құжатты бұқараның өзі жасады

Бұл құжатты бұқараның өзі жасады

Серікбай ТӘПЕЕВ, облыс әкімдігі жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы:

– Біршама уақыт талқыланып, терең талдаудан өтіп, кемшіліктері түзетілген Жер туралы заң кемеліне келтіріліп, қабылданды. Сенаттың тұрақты отырысында құжатты таныстырған Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев оған қандай өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені жайында толыққанды мәлімет беріп өтті. Заңда ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жалға беру нормасын сақтау және жетілдіру мақсатында жалға берудің жаңа әрі арнайы тәртібі қарастырылып отыр. Соған сәйкес, конкурсқа қойылатын жерлер тізбесі міндетті түрде қоғамдық кеңестермен және үкіметтік емес ұйымдармен келісіледі. Бұлар – жер беру тәртібінің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету үшін жасалып отырған шаралар. Яғни жерді «бармақ басты, көз қысты» жолмен емес, нақты конкурстың жеңімпазы алатын болады. Сонымен қатар заңда жалға алушылардың жер пайдалану жөніндегі қабылдаған міндеттемелерінің орындалуын қадағалауға үлкен мән берілген. Яғни жерді мемлекеттен алған адам оны өз мақсатында пайдаланып отыр ма, жоқ па – осының барлығы жіті қадағалауда болады. Бұл мақсатта жалға алудың алғашқы бес жылында әр жыл сайын, келесі кезеңдерде суармалы жерлерде – әр үш жыл сайын, ал суарылмайтын жерлерде әр бес жыл сайын мониторинг жүргізу белгіленіп отыр. Бұл да қолданыстағы жерлерді тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Жамбыл облысы Қырғыз Республикасымен шекаралас жатыр. Ертеден Алатаудың баурайына мал жайып үйренген ел ондағы жердің шұрайлы екенін жақсы біледі. Бұл ретте көрші мемлекет азаматтарының біздің жайылымдық жерлерге қызығушылық танытып, оны жалға алғысы келетіні анық. Талқылау кезінде халық қолында қаражаты бар бөтен адамның жерге иелік етуінің бұрыстығын айтқан болатын. Ел пікірі ескеріліп, заңда шекаралық белдеуде орналасқан ауыл шаруашылығы алқаптары ешкімге берілмейтіні, тек жергілікті халыққа жайылым, шабындық ретінде ғана пайдалануға рұқсат етілетіні тайға таңба басқандай етіп көрсетілген. Шекаралық аумақта орналасқан жер учаскелерін шетелдіктерге, Қазақстанның шетелдіктермен некеде тұрған азаматтарына немесе құрамында шетелдіктер бар Қазақстанның заңды тұлғаларына беруге тыйым салынған. Тиісінше, бұл аумақта орналасқан ауыл шаруашылығы жерлері тек қазақстандықтарға ғана жалға берілетін болады. Өздеріңізге белгілі, құжат қабылданбас бұрын халықтың талқылауына салынды. Жиындар өткізіліп, бұқаралық ақпарат құралдарында, ғаламтор беттерінде ел өз пікірін білдірді, ұсыныстарын айтты. Олардың барлығы жерде қалмай, ескерілді. Бұл заң – бұқараның өзі құрастырған құжат.