2018 жылы ҰБТ-да қандай өзгеріс болады
2018 жылы ҰБТ-да қандай өзгеріс болады
Ағымдағы жылы 200-ден астам мектеп түлегі Ұлттық бірыңғай тестіні ағылшын тілінде тапсыруға ниет танытып отыр. Бұл туралы бүгін Астанада халықпен есептік кездесу өткізген ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев айтты.
«Ағымдағы жылы Ұлттық бірыңғай тест тапсыру ережесі өзгерген жоқ. Дегенмен, тест тапсырушыларға ыңғайлы болуы үшін аздаған түзетулер енгізілді. ҰБТ бес пәннен тұрады: үшеуі міндетті және екеуі таңдауы бойынша. Бүгінгі күні тест тапсырмалары базасының 50 пайызы жаңартылды. Сонымен қатар ҰБТ-ны ағылшын тілінде де тапсыруға мүмкіндік беріледі. Қазірдің өзінде шамамен 200 адам жазылды», - деді министр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ұлттық бірыңғай тестілеуді ағылшын тілінде тапсырғысы келетін түлектерден өтінімдерді қабылдау 10 наурыз күні басталды. Бұл жұмыс мамырдың ортасына дейін жалғасады. Тестті ағылшын тілінде тапсырғысы келетіндердің нақты саны сол кезде белгілі болады.
ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асxат Аймағамбетовтың айтуынша, ағылшын тіліндегі сұрақтардың қазақша және орысша нұсқадан айырмашылығы жоқ.
«Ағылшын тіліндегі сұрақтар дайын және тест кітапшаларына енгізілді. Барлық сұрақтар оқу бағдарламасын қамтиды және білім беру талаптарына сай келеді. Қазақша болсын, орысша болсын, мазмұны жағынан көп айырмашылық жоқ», - деп атап көрсеткен еді А.Аймағамбетов.
Дереккөз: inform.kz