Кейкі батыр туралы телехикая түсіріледі
Кейкі батыр туралы телехикая түсіріледі
«Қазақстан» телерадиокорпорациясы жанынан құрылған көркем телехикаяларды іріктеу жөніндегі Сарапшылар кеңесі Кейкі батыр туралы туынды идеясын мақұлдады.
«Телерадиокорпорация ұйымдастырған байқауға келіп түскен бірнеше телехикаялардың синопсистарының арасынан 1916 жылғы Торғайда болған ұлт-азаттық көтерілістің батыры, атақты мерген - Кейкі Көкембайұлы туралы телехикаяның идеясы қолдау тапқан болатын. Бүгін осы «Кейкі мерген» телехикаясы бойынша Кейкі батырдың өмір сүрген ортасы туралы зерттеулер жасап жүрген Шөптібай Байділдин ағамыз бен тарихшы Берік Әбдіғалимен кездесіп, осы телехикаяға байланысты ой-ұсыныстарын тыңдадық. Сондай-ақ, болашақ телехикаяның режиссері Мұрат Бидосов ұсынған сценарийдің алғашқы нұсқасын талқыға салдық», - деп жазды Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі парақшасына.
Кейкі (Нұрмағанбет) Көкембайұлы (1871-1923) - 1916 жылғы Торғайда болған ұлт-азаттық көтерілісінің батыры, атақты мерген. Орта жүз құрамындағы Қыпшақ тайпасының Құланқыпшақ руынан шыққан. Қостанай облысы Аманкелді ауданының Байтума қопасында дүниеге келген. Жастайынан аңшы, мергендігімен, өжеттігімен аймаққа танылған. Оның құралайды көзге атқан мергендігіне сай ел ауызында «Амангелдінің көзі мерген, Кейкінің қолы мерген» деген сипаттама сақталған.
Кейкі батырдың әдебиеттегі бейнесі Ғабит Мүсіреповтің «Амангелді» пьесасында Кете батыр болып бейнеленеді. Мақан Жұмағұловтың «Қыран қазасы қияда» кітабында жұмбақталып айтылады. Кейкінің қарасөзде жасалған көркем бейнесі Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» атты романы еді. Алайда кеңес заманында шыққан онда да аты анық айтылмаған. Кейкі бейнесі өз атымен анық айтылып, қанық бояу дерегімен түгелденіп шыққан шығарма Серік Тұрғынбекұлының «Кейкі батыр» тарихи дастаны (Алматы, «Білім», 2001).
Кейкі батыр Көкембайұлының ұрпақтары Қостанай облысының Амангелді ауданындағы Ақтас, Тасты елді мекендерінде тұрады. 1996 жылы Кейкі батырдың 125 жыл толуына байланысты ас беріліп, ескерткіш орнатылды.
Дереккөз: inform.kz