«Ертіске» есе жіберді
«Ертіске» есе жіберді
Футболдан Қазақстан кубогінің 1/8 финалында павлодарлық «Ертіс» футбол клубын қабылдаған «Тараз» командасы келесі кезеңге өте алмады. Премьер-лигада сынға түсіп жатқан «Ертістің» бірінші лига командасынан бәсі басым екені түсінікті. Әйтсе де «Тараз» футболшылары тәжірибелі спортшылардан жасақталған павлодарлық командаға тегеурінді қарсылық көрсетті. Екі команда футболшылары жеңімпазды ойынның негізгі минутында анықтай алмады. Қосымша уақытта, яғни овертаймда да кім мықты деген сауалға командалар жауап таба алған жоқ. 120 минут бойы есеп аша алмаған «Тараз» бен «Ертіс» командалары футбол лотереясы саналатын 11 метрлік айып добы арқылы ширек финалға шығатын команданы анықтады. 11 метрлік айып добын мүлтіксіз орындаған «Ертіс» ойыншылары жеңісті жұлып алды. Олар 4:5 есебімен басымдық танытты. «Тараз» футболшысы Әділет Әбдінаби шешуші сәтте мүлт кетті. Осылайша павлодарлық команда келесі кезең жолдамасын иеленді. 120 минут бойы тәжірибелі қарсыластарына есе жібермеген «Тараз» футболшыларына да «Жарайсыңдар!» деуге болатындай. Жерлестеріміз енді бірінші лига ойындарында жеңіске жету жолдарын қарастырып көрмек.
Табиғат АБАИЛДАЕВ