Тараздық ардагерлер топ жарды
Тараздық ардагерлер топ жарды
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру және Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 73 жылдығына орай облыс ардагерлері арасында спорттың жеті түрінен спартакиада өтті. Ардагерлер арасындағы аламанның ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. 14 команда, 195 спортшы сынға түскен додада шахмат, дойбы, асық ату, үстел теннисі секілді спорт түрлерінен мықтылар анықталды. Жарыс қорытындысында шахматтан ерлер арасында тараздық Төлебай Сыдықов топ жарса, әйелдер аламанында байзақтық Елена Деревянко жеңімпаз атанды. Дойбыдан ерлер бәсекесінде шулық Әшім Сәлімовтің жұлдызы жанса, әйелдер сынында қордайлық Айсұлу Биғазиева бірінші орынды иеленді. Тоғызқұмалақтан байзақтық Сыпатай Төребеков өзінің шын мықты екенін дәлелдесе, әйелдер арасындағы тартыста Т.Рысқұлов ауданының үміті Түймекүл Әбілдаеваның мерейі үстем болды. Асық ату спортында тараздық Ермек Жанқожа жеңіске жетсе, бильярдтан өткен жарыста тараздық Асылбек Тайпақов бірінші орынды қанжығасына байлады. Ерлер арасындағы үстел теннисі додасында тараздық Шақтыбай Байғанов бірінші орынды иемденсе, әйелдер арасындағы сында колледждер құрамасының өкілі Флора Ем топ жарды. Волейболшы ардагерлер аламанында Жамбыл ауданының құрамасы жеңістің ең биік тұғырынан көрінді. Жалпы командалық есепте тараздық ардагерлер бірінші, байзақтық ардагерлер екінші, жамбылдық ардагерлер үшінші орынға лайық деп танылды.
Табиғат АБАИЛДАЕВ