Саясат

Жаңа форматты көмектің жаңалығы көп

Жаңа форматты көмектің жаңалығы көп

 width=– Жорабек Нұрмергенұлы, жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмек кімдерге беріледі? – Атаулы әлеуметтік көмек – жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен төмен адамдарға (отбасыларға) ақшалай берілетін төлем. Бұл әлеуметтік жағдайына байланысты екі түрге бөлінеді. Соның біріншісі – шартсыз ақшалай көмек, ол жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысу мүмкіндігі шектеулі аз қамтылған адамдарға (отбасыларға) ай сайынғы ақшалай төлемдер түрінде көрсетіледі. Ал шартты ақшалай көмек – отбасындағы еңбекке қабілетті жандарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына және қажет болған жағдайда әлеуметтік бейімдеу шараларына міндетті түрде қатысу шартымен ай сайын немесе бір жолғы ақшалай төлем түрінде беріледі. – Бірыңғай жәрдемақы туралы түсіндіріп өтсеңіз? – Биыл 1 қаңтардан бастап Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша, «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарына сәйкес аз қамтылған азаматтарды қолдаудың жаңартылған түрі – атаулы әлеуметтік көмек беріле бастады. Бұған дейін көмектің кез келген түріне жүгіну процесі үш қадамнан тұратын және қайталанатын циклмен шектелетін. Ол – өтінішті беру, заңдылығын анықтау, ақшалай көмекті тағайындау және төлеу үдерістері. Қазір көп балалы және аз қамтылған отбасыларға берілетін 3 түрлі жәрдемақы, яғни азаматтардың табысына қарамастан тағайындалатын арнаулы мемлекеттік жәрдемақы, отбасылардың табысына қарай анықталатын балалар жәрдемақысы мен атаулы әлеуметтік көмек біріктірілді. Бұрын егер азаматтар осы үшеуін алу үшін 3 пакет құжат дайындап, үш түрлі мекемеге баратын болса, енді жаңа жүйе бойынша 1 пакетпен 1 ғана мекемеге – жұмыспен қамту орталығына жүгінеді. Жаңа жүйеде күнкөріс деңгейі 40-тан 50 пайызға дейін көтерілгендіктен, әрбір жанбасына қосымша берілетін көмектің сомасы шамамен 2000 теңгеге артып отыр. Бағдарлама 2014 жылдан бері тәжірибе түрінде «Өрлеу» пилоттық жобасы режімінде жүргізіліп келді. Нақты нәтижелері де жоқ емес. Оның көмегімен өмірде қиын жағдайға тап болған көптеген адамдарға қолдау көрсетілді. – Жаңа жүйенің мақсаты мен шарттары қандай? – Әлеуметтік көмекке үміткердің отбасында еңбекке қабілетті азаматтар болса, онда олар міндетті түрде жұмыспен қамту шараларына қатысуы тиіс. Яғни жұмыс істеуге жарамды жанға берілетін атаулы әлеуметтік көмекке қосымша мемлекет тарапынан оқып, мамандық алып, жұмысқа тұруына немесе шағын несие алып, өз ісін ашуға мүмкіндіктер жасалған. Егер олар мұндай қолдаудан өз еркімен бас тартса, атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмайды, ал жұмысқа тарту шараларына қатысуды өз бетінше тоқтататын болса, онда төленіп жатқан жәрдемақы да тоқтатылатын болады. Отбасындағы кәмелетке толмаған балаларға, бала күтімімен отырған аналарға, объективті себептерге байланысты еңбек ете алмайтын азаматтарға әлеуметтік көмек ешбір шартсыз тағайындалып, төленеді. Қиын жағдайға тап болған адам – әрқашан мемлекет қамқорлығында. – Мүгедектерді оңалту, сауықтыру бойынша қандай шаралар атқарылуда? – Елімізде 2015 жылы «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Заң қабылданды. Конвенцияның негізгі мақсаты мүгедектердің барлық адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын толық және тең дәрежеде іске асыруын көтермелеу, қорғауда және қамтамасыз етуде, сондай-ақ оларға тән қадір-қасиетті құрметтеуді көтермелеу болып табылады. Биылғы жылдың 1 сәуіріндегі мәлімет бойынша, облыста 43558 мүгедек бар, оның ішінде 3940-ы – бірінші, 18391-і – екінші, 15307-сі – үшінші топтағылар. Ал 18 жасқа дейінгі мүгедектер саны – 5920. Биылғы жылы мүгедектерге әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында облыстық бюджеттен 829,8 миллион теңге қарастырылып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 38,6 пайызға артық. Үстіміздегі жылы мүмкіндігі шектеулі 1927 азаматты емдеу-сауықтыру жолдамаларымен қамту жоспарлануда. Сонымен қатар басқармаға қарасты 5 медициналық-әлеуметтік мекемеде 1091 адам 8 бағыт бойынша арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылуда. Ал жартылай стационарлық жағдайда мүгедектерді және мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталықтарында 199 адамға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілуде. Оңалту орталықтарының желісін дамыту және көрсетілетін шаралардың сапасын жақсарту мақсатында Сарысу, Меркі, Талас, Жуалы аудандарында психоневрологиялық ауытқулары бар және тірек-қимыл аппараттары бұзылған мүгедек балаларға сыйымдылығы шағын үйлер ашу көзделіп отыр.

– Мүмкіндігі шектеулі жандардың өтініш-тілектері қаншалықты орындалып отыр, оларды қоғаммен байланыстыруға қажет құрылғылар кедергісіз беріле ме, тәртібі қандай? – Мүгедектерге тағайындалған жеке оңалту бағдарламасына сәйкес, биыл әлеуметтік оңалту құралдарына мұқтаж 4866 мүгедекті тиісті сурдо-тифло, кресло-қорап, емдеу-сауықтыру бұйымдарымен қамтамасыз ету жоспарланған. Одан басқа Тараз қаласы мен аудан бюджеттерінен бөлінген 1080,4 миллион теңгеге мүгедектерді әлеуметтік көмекпен қамту жұмыстары жүргізілетін болады. Бұндай қызмет түрін пайдалану үшін мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыспен қамту бөлімдеріне өтінішпен қайырылуы тиіс. Сол сұраныстар негізінде, «Мемлекеттік сатып алу» Заңына сәйкес аталған қажетті заттармен толық қамтылады. Облыста мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамнан оқшауламай, кедергісіз жүруін қамтамасыз ету мақсатында 904 нысанның толығымен паспорттары дайындалып, бейімдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған болатын. 2013-2017 жылдары 755 нысанды бейімдеуге 278,7 миллион теңге қаражат қарастырылып, 708 (78,3 пайыз) нысанда бұл жұмыстар толығымен аяқталды. Тараз қаласы мен Қордай, Сарысу, Жуалы аудандарында бұл бағыттағы жұмыстар тиісті дәрежеде жүргізіліп, облыстық көрсеткіштен асып тұрса, Шу және Мойынқұм аудандарында тиісті деңгейде атқарылмаған. Жалпы облыс бойынша 45 нысанда осы бағыттағы жұмыстар мүлде жүргізілмеген. Осы жерде назар аударатын мәселенің бірі – бейімдеу жұмыстарының сапасының сын көтермейтіні. Мәселен, орнатылған пандустары бүгінгі күнге дейін стандартта белгіленген нормаларға сәйкес келмейді, тактильді жолдар жүргізілмеген, Брайль қарпімен басылған тақтайшаларды негізінен мекеме кіреберісінде ғана орнатумен шектелген. Біз тек ғимараттарды бейімдеумен шектелмеуіміз керек. Қоршаған ортаны, оның ішінде тротуарлар, жол қиылыстары, аялдамалар, саябақтар, демалыс орындарын бейімдеуге көңіл бөліну қажет. Сондай-ақ бүгінгі күні облыс көлемінде инватаксиден басқа бірде-бір қоғамдық көлік мүгедектерді тасымалдауға бейімделмегені де ойлантады. Облыста жолаушыларға арналған 530 аялдама болса, оның ішінде 85-інде мүгедектерге қолайлы жағдай жасалынғанымен, олар стандарт талаптарына сай емес. Сонымен қатар облыс аумағы арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінде жолаушыларға арналған аялдамаларда мүгедектерге ешқандай жағдай қарастырылмаған. Өңірдегі 321 сайлау учаскесінің 275-і пандустармен қамтылып, тактильді жолдар жүргізілмеген, мүгедектерге арналған арнайы көрнекі, графикалық сайлау материалдарын, соның ішінде Брайль шрифтін пайдалану мүмкіндігі жоқ. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» демекші, алдағы уақытта осы жағдайларды жақсарту мақсатында жұмыстар жүргізілгенде аталған мәселелерді назарға алған жөн. – Сұхбатыңыз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан Камила БОРАШОВА