Әлеумет

«Диуани Хикметтің» түпнұсқасы Таразда

«Диуани Хикметтің» түпнұсқасы Таразда

«Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығына қойылған «Ұлы Дала елінің жазба жауһарлары» атты көрмеде Түркістан қаласынан әкелінген «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық музейінің құнды жәдігерлері көпшілік назарын бірден өзіне аударары анық. Елорданың 20 жылдық мерейтойына арналған көрменің ашылу салтанатында аталған музейдің директоры Нұрболат Ахметжанов шараның маңыздылығына тоқталды. – Тараз бен Түркістан – тарихи тамырлас шаһарлар. Екеуінің де ел тарихында алар орны бөлек. Елорданың 20 жылдық мерейтойына орай, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өткізіліп отырған көрме экспозициясында Қожа Ахмет Ясауидің телегей теңіз мұралары мен ұлы тұлғаның соңынан ерген шәкірттерінің еңбектері қойылған. Атап айтар болсақ, олардың ішінде бұған дейін ешқандай көрмеде қойылмаған «Диуани Хикмет» кітабының қолжазба түпнұсқасы бар, – деді Нұрболат Қадірұлы. «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық музейіндегі көшпелі көрмені тамашалаушылар Түркістаннан әкелінген 50-ге жуық құнды жәдігермен танысты. Әсіресе ғұлама ғалымның еңбектеріне деген жұрттың ықыласы ерекше. Солардың бірі Тараз қаласының тұрғыны Гүлбала Мұхамеджан: «Көрмеден тамаша әсер алдым. Ясауидің мұралары туралы көп естіп, оқығанбыз. Бүгін «Диуани Хикмет» кітабының түпнұсқасын көрдім. Бұл менің тұлғаның өмірі мен шығармашылығына, оның шәкірттерінің де еңбектеріне деген қызығушылығымды арттыра түсті», – деп ағынан жарылды. Көшпелі көрмедегі жәдігерлер бұған дейін Астана, Алматы, Петропавл қалалары тұрғындарының назарына ұсынылған екен. Тарихи мол мұраны басқа мемлекеттерге таныту үшін «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық музейі экспонаттар қатарын толықтырып, келесі айда Түркия мемлекетіне бармақшы екен. Ал Тараз жұртшылығы көрмені 30 сәуірге дейін тамашалай алады.

Жанғазы АХМЕТ