Экономика

Наурызда орташа айлық еңбекақы 153,2 мың теңгені құрады

Наурызда орташа айлық еңбекақы 153,2 мың теңгені құрады

Бүгін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2018 жылдың І тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің орындалу қорытындылары қаралды. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов бірінші тоқсанда ел экономикасында оң үрдістер сақталғанын мәлімдеді. Есепті кезеңде ЖІӨ өсімі 4,1% құрады, 2017 жылдың осындай кезеңінде 3,6% болған.

«Мұндай серпін өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығының және көрсетілетін қызметтер саласының өсуімен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, ЖІӨ ұлғаюына инвестициялардың жоғары өсуі мен төмен инфляциялық процестер септігін тигізуде», — деді Тимур Сүлейменов.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сәйкес, өнеркәсіптегі өсім 5,3% құрады (2017 жылғы I тоқсанда — 5,8%). Бұл ретте өңдеу өнеркәсібі озық қарқын көрсетіп отыр. Кен өндіру өнеркәсібінде өндіріс 5,1% өскен. Бұл салада табиғи газ өндірісі 6,2%, мұнай — 6,1% және темір кені — 3,7% құрады.

Өңдеу өнеркәсібі 6,2% өсімді көрсетті. Қағаз өнімдерін өндіруде (14,9%), химия өнеркәсібінде (14,3%), фармацевтикада (10,2%) екі мәндік өсім байқалып отыр. Басқа да өңдеу өнеркәсіптері жылдам өсуде. Машина жасау — 9%, жиһаз өндірісі — 8,5%, сусын өндірісі — 8,1% және азық-түлік өнімдерінің өндірісі — 6,5%, сондай-ақ металлургия — 5,6% құрайды.

Ауыл шаруашылығында динамика жақсарды. Өсім 3,6% құрады. Өсу мал шаруашылығы өнімдерінің 3,8% кеңеюімен негізделеді.

І тоқсанда құрылыс жұмыстарының көлемі екі айлық төмендеуден кейін өсу траекториясына шықты. Құрылыстағы өсу 5,9% құрады.

Негізгі капиталға салынған инвестициялар 39,5% ұлғайды. Инвестициялық салымдар көлік саласына (58,5%-ке), құрылысқа (57,2%-ке), өнеркәсіпке (51,6%-ке) және саудаға (47,3%-ке) артты.

«Еңбек нарығындағы жағдай орнықты болып қалуда. Наурыз айында жұмыссыздық деңгейі 4,9% сақталды. Еңбекақының өсуі байқалып отыр. Қаңтар–наурызда орташа айлық еңбекақы нақты көріністе 2,4% өсіп, 153,2 мың теңгеге дейін жетті», — деп түйіндеді Тимур Сүлейменов. Дереккөз: egemen.kz