Әлеумет

«Тараз химиялық паркі» мегажобасы

«Тараз химиялық паркі» мегажобасы

ТМД-да теңдесі жоқ гербицид-глифосат Шу өңірінде өндірілетін болады

Соңғы үш-төрт жылдың бедерінде Елбасының бастамасы бойынша, республика Үкіметі еліміздің оңтүстік облыстарының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеру мақсатымен өңірде ірі-ірі инвестициялық мегажобаларды қолға алуда. Солардың санатында Елбасының 2012 жылғы 13 қарашадағы № 426 Жарлығы негізінде Шу ауданы аумағында құрылған, жобалық-сметалық құны 2 миллиард 725 миллион долларды құрайтын, құрамында әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие ең жаңа химия өнімдерін өндіретін 16 кәсіпорны бар «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағын» атауға болады. Жаңа нысан толық қуатында іске қосылған кезде мұнда 2400 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылады, арнайы экономикалық аймақ кәсіпорындары жылына екі миллион тоннаға дейін химия өнімдерін өндіріп, олардың жыл сайынғы табысы 75 миллиард теңгеге дейін жетеді деп күтілуде. Оның үстіне химиялық парктің шығарған өнімдері негізінде облыста үш жүзге тарта шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының жұмысы жанданатын болады.

Тоғыз жолдың торабындағы толғауы тоқсан бастама

27

24ццХалықаралық тауар айналымы белсенділігін арттыру, инвестициялар тартуды жеделдету және интеграциялық экономикалық үдерістер ауқымын кеңейту есебінен серпінді экономикалық өсімге қол жеткізуге мүмкіндік беретін еліміздегі алты экономикалық аймақтың бірі, ел Үкіметінің шешімі бойынша Қазақстанның Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасына кіретін 29 инвестициялық жобаның бірегейі — «Тараз химия паркі» арнайы экономикалық аймағының» Шу өңірінде орналасуының да өзіндік себептері бар. Ең алдымен Шу қаласынан 15 шақырым жердегі Қорағаты өзенінің сол жақ бетінен бөлініп берілген, болашақ химия кәсіпорындары салынатын, аумағы 505 гектар алқап Тараз-Шу теміржолы мен Батыс Еуропа-Батыс Қытай транзиттік дәлізіне шығатын Меркі-Бурылбайтал автодаңғылынан – 5,8, «Шу» ПС-500 подстансасынан – 5, Тасөткел су қоймасынан – 38, Орта Азия-Батыс Қытай газ құбырынан 9,7 шақырым қашықтықта жатыр. Бұл — алғашқы кәсіпорындары таяудағы екі-үш жылдың ішінде салынып, іске қосылуға тиіс алып мегажобаны белгіленген мерзімде жүзеге асыруға қолайлы жағдай туғызатын химиялық парктің инфрақұрылым жүйесінің құрылысын тездетіп жүргізуге мүмкіндік береді. Екіншіден, химиялық парктің кәсіпорындар кешенінің өнім өндіруіне қажетті фосфорит, дала шпаты, барит, ас тұзы, түсті металл кен орындары сияқты бай шикізат көздерінің жақын орналасуы, бас-аяғы 250 шақырым жердегі облыс орталығында фосфор химиясы өнеркәсібінде еңбек етуге қабілетті мамандар контингентінің жеткілікті шоғырлануы да заманауи кәсіпорындарды орналастыратын орын ретінде Шу өңіріне таңдау жасауға ықпал еткендігі анық. Жалпы, «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының» жобалық-сметалық құны 24,5 миллиард теңгені құрайтын инфрақұрылымы құрамындағы тәулігіне 27,4 мың текше метр су өткізе алатын, ұзақтығы 35,2 шақырымдық магистралды су құбырының, ұзындығы 5,8 және 6,4 шақырым болатын екі жолақты, ені алты метрлік автомобиль жолы мен теміржолдың, 3,5 шақырымға созылатын, қос желілі электрмен жабдықтау жүйесінің және Орта Азия-Батыс Қытай газ құбырынан тартылатын сағатына 120 мың текше метр көгілдір отын өткізуге мүмкіндігі бар, ұзындығы 9,7 шақырым газ құбырының құрылысы биыл аяқталуға тиіс. Біз «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы» акционерлік қоғамында болғанымызда акционерлік қоғам басқармасы төрағасының міндетін атқарушы Динара Оразбаева инфрақұрылым құрылысында ауқымды істердің атқарылғандығын мәлім етті. Акционерлік қоғам мамандарының атап көрсеткеніндей, химиялық парк инфрақұрылымының сыртқы нысандарының құрылысын жобалау және жүргізу туралы акционерлік қоғаммен келісімшартқа отырған, «КАТЭК» компаниясы басшылық жасайтын, құрамына «Өркен», «KazHiTechEuroBuiding» және «ISS Engineering» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері кіретін консорциум маусым айының онына дейін су құбыры төселетін 24 шақырымдық орды әзірлеген, кәсіпорындарға апаратын автомобиль жолының негізін қалайтын топырақ қабатын үю, тегістеу, нығарлап-тығыздау жұмыстарын толық аяқтаған, теміржол желісі тартылатын жердің тең жартысына жуығында әзірлік жұмыстарын жүргізген. Бұдан өзге, консорциум құрамындағы заңды тұлғалар алдағы жылдан бастап, құрылысы қолға алынатын «Химплюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің глифосат, каустикалық сода, «үшхлорлы фосфор» және хлорлы өнімдер мен цианидті натрий шығаратын кәсіпорындары орналастырылатын 15 гектар жерді көлбеу тегістеуден өткізіпті. Біз Тараз-Шу теміржол магистралы бойындағы ел аузында 92-інші разъезд атанып кеткен шағын елді мекеннен Шу қаласына қарай бір шақырымдай жердегі теміржол өткелінен өтіп, жаңадан тартылуға тиіс теміржол желісі бойындағы жұмыс үдерісінің барысымен танысқанымызда, жер қазатын, тегістейтін, топырақ тасып үйетін және топырақ қабатын нығарлап тығыздайтын алып техникалардың қызу іс-қимылының куәсі болдық. Жұмыс қарқынының қауырттығы акционерлік қоғамның жобалау және күрделі құрылыс бойынша басқарушы директоры Бекет Молдахановтың «Магистралды су және газ құбырларын, электр және талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту, автомобиль және теміржол құрылысын жүргізу сияқты сыртқы инфрақұрылым жұмыстары жыл аяғына дейін толық аяқталады. Одан кейін барлық күш-жігер ішкі инфрақұрылым мен кәсіпорындардың құрылысын құрылтайшы белгілеген кестеге сай сапалы жүргізуге жұмылдырылатын болады», — деген тұжырымының ақиқатқа толық сай екендігін айғақтап тұрғандай.

гербицид, глифосат, натрий Цианиді... немесе іздегенің алдыңнан іздемей-ақ табылар

Елбасы 2012 жылғы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту — Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында «Үкіметке Жамбыл облысында құны шамамен 2 миллиард доллар тұратын кешенді минералды тыңайтқыштар өндірісін құру жөніндегі жобаны жалғастыруды тапсырамын. Бұл тыңайтқыштар ауылшаруашылығы үшін қажет. Жоба Жамбыл облысының және бүтіндей оңтүстіктің экономикасын көтеруге мүмкіндік береді», деп атап көрсеткен болатын. Мемлекет басшысының сол тапсырмасына орай ел Үкіметі жобалап, бекіткен «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында бастапқы кезде бұрын Қазақстанда мүлдем өндірілмеген немесе аз көлемде ғана өндірілген әрі шетелдік және отандық инновация мен ғылыми-техникалық ізденістердің нәтижесінде өмірге келген экономикалық тиімділігі аса жоғары, экологиялық таза 16 өнім түрі шығарылатын болады. Солардың бірі — келесі жылдың қаңтар айынан бастап, «Химплюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылысын қолға алатын, мегажобаның бірінші кезеңінде, яғни таяудағы екі-екі жарым жыл аралығында пайдалануға берілуге тиіс төрт кәсіпорынның бірінде өндірілетін, ТМД елдерінің ауылшаруашылығы саласында кең сұранысқа ие, бұрынғы посткеңестік елдерінің ешқайсысында да шығарылмайтын, тек алыс шетелдерден ғана импортталатын гербицид-глифосат өнімі. Кезінде технологиясын американдық «Monsanto» компаниясының қызметкері Джон Франц ойлап тауып, егіншілікке жарамды жерлерді арамшөптен арылтудағы тиімділігі мен экологиялық залалсыздығына байланысты Америка мен Еуразия құрылығындағы ірі агроқұрылымдардың тарапынан үлкен қолдауға ие болған глифосат өнімі «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының» басты брендтерінің бірі болады деп қарастырылуда. Әрі мамандардың солай деп ой тұжырымдауының да өзіндік мәнісі бар. Өйткені, сарапшылардың жүргізген мониторингі бойынша, бүгінде Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін Беларусь пен Ресей елдерінің, көршілес Қырғызстан мен Өзбекстан, Тәжікстанның және Украинаның техникалық глифосатқа деген жылдық қажеттілігі 24 мың тоннаны құрайды екен. Ал, Шу өңіріндегі Қорағаты өзенінің сол жақ жағасында бой көтеретін, жобалық-сметалық құны 264 миллион АҚШ долларынан асатын, құрылысына 650 адам қатысып, еңбек ететін, толық жобалық қуатында іске қосылған кезде ұзын саны 900-ге тарта жоғары және орта арнаулы білімі бар мамандарды қажетті жұмыс орнымен қамти алатын глифосат өндіретін зауыт жоғары қосымша құнды қоса есептегенде жылына жалпы сомасы 14 миллиард теңгеден асатын 10 мың тоннаға дейін өнім шығара алады. «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы» акционерлік қоғамының бас менеджері Мақпал Әбзелбекованың айтуынша, өндірілген даяр өнімнің үш мың тоннасын республиканың егін шаруашылығына деген қажеттілігін қамтамасыз етуге жұмсау, ал қалған бөлігін таяу шетелдерге экспортқа шығару көзделуде. Ең бастысы, Қазақстан жаңа химия кәсіпорнының өнімі арқасында глифосатқа қатысты импортқа тәуелділіктен құтылып, аталған гербицид түрін алуға жұмсалатын сан миллиондаған доллар қаржыны үнемдеуге және глифосатты экспортқа шығару арқылы қыруар валюталық табыс табуға мүмкіндік алмақ. «Химплюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылысын жүргізетін қалған үш кәсіпорында бұған дейін Қазақстан мен ТМД елдерінде аз көлемде шығарылып келген және соның салдарынан қажетті сұраныс көбінесе импорттау арқылы қамтамасыз етілетін каустикалық сода мен хлор, цианидті натрий және үшхлорлы фосфор өндірілетін болады. Бұл аталған өнімдердің алғашқысы химия, мұнай химиясы, целлюлоза-қағаз, медицина және тамақ өнеркәсібінде, түсті металлургияда, тоқыма кәсіпорындарында және халық шаруашылығының басқа да салаларында кең қолданысқа ие. Ал, жылына құны 70 миллион АҚШ доллары болатын 25 мың тонна цианидті натрий өндіретін зауыт өз өнімімен, қазақстандық алтын өнеркәсібі кәсіпорындары жыл сайын шетелден сатып алатын он мың тоннадан астам импорттық цианидті натрийдің орнын алмастырады және артылғаны Қырғызстан, Өзбекстан сияқты алтын өндірісінің жұмысы жолға қойылған көршілес елдерге экспортқа шығарылады. Жылдық әлеуеті 11,4 мың тоннаны құрайтын «үшхлорлы фосфор» кәсіпорнының өніміне келсек, оның ТМД елдері аумағындағы фосфорлы өнім өндіретін өндіріс орындарының денінен өз тұтынушысын табары даусыз. Оның үстіне әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие басқа да химия өнімдерін шығаруға маманданған химиялық парк құрылысының екінші кезеңінде, яғни 2018 жылға дейінгі аралықта тағы да 12 кәсіпорын іске қосылатын болады. Нәтижесінде, акционерлік қоғамның инженерлік инфрақұрылым департаментінің директоры Ерлан Ғалиевтің тұжырымдағанындай «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында» өндірілетін өнім көлемі жағынан да, ассортименті тұрғысынан да мегажобада белгіленген жобалық қуатына жетіп, Елбасы алға міндет етіп қойғандай Қазақстанның оңтүстігінде химия кластерін қалыптастыруға серпін беретіндігі даусыз. Өңірдің әлеуеті, ел-жұрттың әл-ауқаты артады

Қай уақытта да болсын, белгілі бір өңірде ауқымды құрылыс жұмыстарының қолға алынуы, жаңа өндірістік қуаттардың іске қосылуы ондағы бюджеттің кіріс бөлігі көлемінің артуына әрі сол арқылы және жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылуы нәтижесінде жұртшылықтың тұрмыстық деңгейінің жақсаруына игі ықпал ететіндігі белгілі. Ал, Шу ауданы аумағында салынып жатқан «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы» сияқты алып мегажобаның жүзеге асырылуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін, инфрақұрылымын, халықтың әл-ауқат деңгейін түбегейлі өзгертіп, айтарлықтай оң өзгерістердің туындауына септігін тигізетіндігі анық. Олай деуіміз, химиялық парктегі 16 кәсіпорын толық қуатында іске қосылған кезде, химия алыбы жобада атап көрсетілгендей жылына 75 миллиард теңге көлемінде табыс алатын болса, онда жергілікті бюджеттің қоржыны мүлік, жер, корпоративтік, жеке табыс, әлеуметтік және қосымша құн салығы сияқты салықтың және басқа да бюджеттік төлемдердің артуы есебінен қазіргісімен салыстырғанда кем дегенде екі-үш есеге ұлғаятындығы даусыз. Оның үстіне жаңа өндірістік құрылымның демеушілігі есебінен аумақта әлеуметтік мәні бар жаңа нысандардың бой көтеретіндігіне, жол, көлік инфрақұрылымының жақсаратындығына және басқа да игіліктердің қолға алынатындығына сенім мол. «Өңіріміздегі Шатыркөл кенішінде кен өндірумен айналысатын «Қазақмыс корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өзі ғана санаулы жылдар аралығында жол құрылысын жүргізіп, балабақша ғимаратын тұрғызып, аудан тұрғындарының ризашылығына ие болып отыр. Сондықтан, шулықтардың Елбасының бастамасы бойынша жүзеге асырылып жатқан мына мегажобадан күтері көп», — деді Шу ауданы әкімінің бірінші орынбасары Ержан Өмірәлиев аумақтағы жұртшылықтың өңірдің келешекте дамып, өркендеп, гүлденуін «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының» іске қосылуымен байланыстыратындығын аңғартып. Несі бар, Мемлекет басшысы Үкіметке жүктеген міндет тез арада орындалып, ел сенімі де ақталғай.

Тараз-Шу-Тараз.

28Сапарғали Әлібай,«Ақ жол».