Саясат

Ел игілігіне жарар ерекше бастама

Ел игілігіне жарар ерекше бастама

Кейбір ауылдық округтер аудан орталығынан тым шалғайда жатыр. Олар кейбір анықтамалар мен дереккөздерді, қажетті құжатты, мемлекеттік қызметті алу үшін ат шалдырып аудан орталығына сабылуға мәжбүр. Ал осы қашықтықты қысқартудың жолы қандай? Ол үшін ауыл-аймақтарда орналасқан қоғамдық нысандарды, клубтар мен Мәдениет үйлерін пайдаланып, толық қуатында жұмыс істетіп, көп салалы кешенге айналдырған ләзім. Бұл бағытта атқарылған жұмыстар тиімді ме? Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиында осы мәселе кеңінен қаузалды. Басқосуда аймақ басшысы Асқар Исабекұлы облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаевтан елді мекендерде шоғырланған мәдениет нысандарының жай-күйін сұрады. – Ауылдардағы мәдениет ошақтарының жұмысын көп салалы бағытқа бейімдеу бойынша аудан, ауыл әкімдіктеріне тиісті ұсыныстар беріліп, жұмыс жүргізу мәселелері таразыланды. Қазіргі таңда өңірдегі 200 клубтың 160-ы типтік үлгіде, 40-ы ыңғайластырылған. 26 ауылда жаңадан клуб салу мәселесі туындап отыр. Айталық, Жамбыл ауданына қарасты Гродиково ауылының Мәдениет үйі 1892 шаршы метрді құрайды, бөлме саны – 20. Осы секілді типтік үлгідегі нысандарда заманауи бағытта жұмыстар жүргізуге ұсыныстар берілді, – деді басқарма басшысы. Осы сәтте облыс әкімі өз ойын ортаға салды. – Біз бірінші кезектегі мәселені түсінбей отырмыз. Ең бастысы, бұл жерде Мәдениет үйін, клуб салу ісін талқылап отырмағанымызға назар аударған жөн. Біз ауыл халқы қандай қызмет түрлеріне мәжбүр, ауылдарда қанша шаруа қожалық бар, қандай қызметтерді өз ауылында пайдаланғысы келеді деген сауалдардың шешімін табуымыз қажет. Ол, бәлкім, өндіріс, мүмкін, ауыл шаруашылығы, әлде әлеуметтік мәселе болуы ықтимал. Осыларға зерделеу жұмыстары жасалуы тиіс. Ауыл халқының сұранысына сай қызметтерді реттеуге еңбектенгеніміз жөн. Айталық, ауыл тұрғыны қарапайым бір анықтаманы алу үшін аудан орталығына баруы керек пе? Елді мекен мен орталық арасы шалғай болса, қайтеді? Мәдениет – мен айтып отырған кешеннің ішіндегі бір ғана тармақ. Сондықтан мәдениет деп нақтылап айтудың қажеті жоқ, ол кешен немесе орталық ауыл жұртының ондаған сұранысын қанағаттандырып, бірқатар мәселелерді шешуі тиіс. Сол себепті бұл – өте ауқымды шара. Оған немқұрайды қарауға болмайды, – деді Асқар Исабекұлы. Бұдан соң Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Үміткен Найманова өңірдегі ахуалды баяндады. Мәселенің мәнісіне қаныққан облыс әкімі өз ойымен бөлісті. – Сөздеріңізге қарасам, сіздер әлі идеологияны ұқпай отырсыздар. Мәселен, маған осыншама елді мекен бар, жұрт тарапынан мынадай мемлекеттік қызметтерге сұраныс жоғары деп ешкім айта алмай тұр. Жалпы тілмен айтсақ, Халыққа қызмет көрсету орталықтары деген бар. Әрине, оның функциясы бөлек. Біз мынаны білейік: ауыл халқы өзіне қажетті қызметті қалай алуда, қайдан тұтынуда? Барлық мәселе бойынша аудан орталығына шабылудың қажеті бар ма? Елдің тұрмыс-тіршілігінің сұраныстары қалай орындалып жатыр? Ауылдық округтердегі жер көлемі, техникалар саны, олардың мүмкіндігі, тағы басқа мәселелерді назардан тыс қалдырмайық. Дерекқор құрылуы тиіс. Жұрт ауылында отырып, барлық мәліметті білгені, қажет болса облыста, елде қандай ЖОО, арнаулы оқу ордасы бар екенінен, оларға қанша грант бөлінгенінен хабардар болуы керек-ақ. Оны туысқандарынан емес, сол жердегі мамандардан білгені дұрыс. Әлеуметтік мәселелерді де өз ауылдарында отырып білуі, деректерге қанық болғаны жөн. Оған әлбетте, ауылдық әкімдіктерде штат жоқ. Дегенмен шешу жолдарын қарастыру – міндетіміз. Бұл – елімізде қолға алынбаған іс. Біз алғаш болып бастасақ, басқалар біздің жұмыс механизмімізді ескеретіні анық. Сонда ол мекеме кешендік нысанға айналып шыға келеді. Қазіргі кезде 220 адам ауылдық клубтардың штатында бар. Олар жыл бойы мұрындарынан шаншылып жұмыс істеп жатыр дей алмаймыз. Қажет болса сол қызметкерлерді оқытайық, білмегенін үйренсін, ел мүддесі үшін еңбектенсін. Ең бастысы, жұрт қандай қызмет түрлеріне зәру екені терең талданып, зерделенуі керек. Бұл мәселемен мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасынан бұрын салалық басқармалар, аудан, ауыл әкімдері тыңғылықты айналысуы шарт, – деді аймақ басшысы. Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов, онлайн байланысқа шыққан Байзақ ауданының әкімі Рахматілда Рахманбердиев, Сарысу ауданының әкімі Балабек Нарбаев, Шу ауданының әкімі Қайрат Досаев сөз алып, мән-жайға қаныққандарын айтып, жұмысқа жедел кірісіп, қысқа мерзімде талдау жүргізетіндіктерін жеткізді. Ауылдық округ әкімдері мәселені түсінгендерін, бір аптаның көлемінде жұмысты жүйелейтіндіктерін баяндады. Жиналысты қорытындылаған облыс әкімі Асқар Мырзахметов жұмысты жандандыру бойынша нақты тапсырмалар берді.

Табиғат Абаилдаев