Жаман «Жигулиіңіз» бар ма?
Жаман «Жигулиіңіз» бар ма?
Енді оны жаңалаудың мүмкіндігі туды
Бүгінде еліміздегі үлкен, кіші шаһарыңыздың бәрі де «машиналы қалаларға» айнала бастағаны екінің біріне мәлім. Жаяу жүргіншіден көлік көп. Оларыңыздың жолға сыймай кептеліп, апаттық жағдай туындатып жататыны да жиі кездесуде. Бұл елдің бақуаттана түскендігінің де белгісі. Қайсыбір кәсіпкерлеріңіздің меймандыққа, алыс сапарға мінетін автокөліктерінен бөлек, бизнесін жүргізуге пайдаланатын қос-қостан «шаруа» көліктері де бар. Екінің бірінің үйіндегі жеке гаражында машина дегенің ығып тұр. Өзіміздегі аздай, бір кездері шетелдің қаңсығы бізге таңсық болуының да кесепатын көрудеміз. Ескінің аты – ескі. Тетігі тозуынан жол апатының көптеп орын алуына, айнала-төңіректі көк түтінге көміп, экологияның айтарлықтай бұзылуына да «себі» тиіп жатады. Ең дұрысы – олардың біржола көзін жою ғой!
Міне, осы тұрғыда Энергетика министрлігінің бастамасымен «ӨКМ (өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері) Операторы» ЖШС тозығы жеткен көлік құралдарын жоюға өткізу бағдарламасын іске қосқан болатын. Бағдарламаның мақсаты – отандық паркті жаңартып, қазақстандық автоөндірісті ынталандыру және өтелдеу саласының инфрақұрылымын қалыптастыру. Бүгінде еліміздің 17 қаласында «ӨКМ Операторының» ескі көліктерді тұрақты қабылдайтын бекеттері жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар облыс орталықтарынан шалғайда жатқан елді мекендерді қамту мақсатында арнайы жылжымалы ықшам құрылым қызметтері де іске қосылған. Сараптама жұмыстарының нәтижесінде жоюға ең көп тапсырылған көліктердің басым бөлігін кеңестік кезеңде шығарылған «Жигули», «Москвич», «Волга» көліктері құрайтыны анықталған. Олардың арасындағы ең көнесі – зауыттан 1946 жылы шыққан «Москвич» болса, ең жаңасы – 2014 жылғы «LADA-21901» көлігі. Дегенмен өткізілген ескі техникалардың арасында шетелдік көліктер де аз емес. Ресми статистикаға сүйенсек, Қазақстанда 4 миллионға жуық жеңіл автокөлік тіркелген. Соның 60 пайыздан астамының қолданыста жүргеніне 10 жылдан асып кетіпті. Бизнес қауымдастығының ұсынысы мен тұрғындар (тұтынушылар) мүддесін ескере отырып, ӨКМ ұстанымын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органдар бекіткен тізбеге енгізілген өнімдерге қатысты кезең-кезеңімен жүзеге асыру қарастырылған. Өңірлік менеджерлердің айтуынша, Қазақстандағы ӨКМ әрекеті 2016 жылдың 28 қаңтарынан бастап автокөлік құралдары мен автоқұрамға да (шина, аккумуляторға, майға және арнайы сұйықтықтарға) қолданылуда екен. Бұл тізбеге жинау, тасымалдау, қайта өңдеу, алдын алу, залалсыздандыру немесе өтелдеу жағдайында қағаз, картон, шыны, пластмасса, металл бұйымдар мен тұрмыстық техника, электроника, батарея, құрамында сынап бар лампа секілді электрлі және электронды құрылғыларды түптеу де енгізіліп отыр. Бағдарламаға қатысу үшін автокөлік иелері есептен алынған көліктерін жинау, типтік өтініш толтырып, өтемақы алу үшін қабылдау пункттеріне жеткізуі қажет. Өткізілген автокөлік үшін өтемқаржы азаматтар үшін көлікті өтелдеуге өткізу туралы келісімге қол қойылған күннен бастап он күн ішінде аударым жасалады. Келісімге қол қойылған сәттен бастап көлік иесі барлық құқықтарын жоғалтады. Автокөлікті кері қайтару бұдан әрі мүмкін болмайды. Құжат ережесіне сәйкес, М1 санаттағы салмағы 3,5 тоннадан аспайтын жеті орынға дейінгі жеңіл автокөлік құралдары қабылдануға тиіс. Ескі көлігін жоюға өткізген көлік иелеріне ақшалай өтемақы төленеді. Берілетін өтемақы көліктің жиынтығына қарай екі санат бойынша анықталады. Яғни толық жиынтықтағы көлік 150 мың теңге және толық емес жиынтықтағы көлік 48 мың теңге көлемінде бағаланады. – Екінші санаттағылары үшін кузовының қаңқасы мен моторы, ең бастысы, есептен шығарылғаны жөніндегі заңды құжаты болуы керек. Әсіресе жүріп-тұратын машина осы аталған екі-ақ бағада ғана қабылданатыны тұрғындар жадында болса деймін. Рас, ауылдағы ағайындардың қолындағы ескі техникалардың өтемақысының басым бөлігін сенімхат арқылы әрекет етуші делдалдардың «жымқырып» кетіп жатқанынан да мысал аз емес. Апатты азайту, экологияны оңалту мақсатында қолға алынған іс қой бұл. Күніне 20-30 машина қабылдаймыз. Халықтың қолында ескі техникалар баршылық. Қайтыс болған азаматтар атында болуы, басқа да жағдайларға байланысты көбісінің құжаттары дұрыс емес. Заңды құжаты болмауынан оны иелері де ешқайда өткізе алмай жатыр. Оны байқап, көріп те жүрміз. Биыл 6 мың ескі машина қабылдаймыз деп тапсырыс алғанбыз. Жылдан-жылға олардың саны кемімесе, көбеймесі белгілі, – дейді бұл тұрғыда «ӨКМ Операторы» ЖШС өңірлік менеджері Асқар Нұрлыбаев. Оның айтуынша, мұнда ескі автокөліктер босалқы бөлшектері көпке шыдамайтындығы ескеріліп, тек металл есебінде қабылданады, бекетке кіргізілген бойда майы төгіліп, аккумуляторы бөлек жиналып, престеліп жіберіледі екен. Сатылмайды, қайта берілмейді. Бүгінде бұл жұмысты жүзеге асырушы мекеме өңіріміз бойынша бір-ақ жерде – Тараз қаласындағы Ниетқалиев көшесінің бойындағы бұрынғы «Рембыттехника» мекемесінің базасында жұмыс істейді екен. Барлық тірлік үш менеджер, алты жөндеуші-жүкші, барлығы 9 азамат күшімен тындырылу үстінде. Бағдарламаға жалпы тұрғындар тарапынан да қолдау мол. Олар үйлеріндегі ескі жеңіл автокөліктерін тікелей өздері әкеліп тапсыруда екен. Әрі мұнда «Қайқарметке» қарағанда, екі-үш есе қымбатқа өткеру мүмкіндігі бар. Олар үшін де тиімді-ақ. Осы тұрғыда Астана қаласындағы «ӨКМ Операторы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне хабарласып, ескі көліктерді жою жұмыстарының жай-жапсарына қаныққан едік. – Бұрнағы жылдың қараша айында Энергетика министрлігінің бастамасымен ескі көліктерді жою бағдарламасы қолға алынып, бүгінгі күнге дейін 51 099 техника өтелдеу жосығынан өткізілді. Соның ішінде Жамбыл облысы бойынша 2016-2017 жылдары 3203, ал биыл 275 автокөлік қабылданды. Жалпы, былтырғы жылдың 26 маусымынан бастап сертификат бағдарламасы іске қосылып, 23 мың квота бөлінген-ді. Оның 20 мыңы жеңіл автокөлік қабылдауға, 3 мыңы жүк көліктеріне арналып отыр. Осы бағдарлама бойынша жеңіл және жүк көліктерін өткізіп, 315 мыңнан 650 мың теңгеге дейінгі жеңілдік сертификатын алуға болады. Жеңілдік сертификаты бойынша өткізілген техникалардың шығарылған жылы 1980-1993 жылдар аралығын қамтиды. Осы жерде айта кетерлігі, ережеге сәйкес екі сертификатты біріктіріп, кез келген санаттағы көлік құралын сатып алуға да болады. Және де берілген сертификатты өзге тұлғаның атына екі реттен артық қайта тіркеуге болмайды. Сертификат берілген күннен бастап 12 айға жарамды, – дейді ондағылар. «Қазақстанның Даму банкі» акционерлік қоғамы негізгі операторы болып табылатын жеңілдетілген автокөлік несиесі бағдарламасының да бұл істің оңына қарай шешілуіне тигізер септігі мол екені анық. Оны жүзеге асыру үшін Ұлттық қор есебінен 26 миллиард теңге бөлініп, бұған дейін екі траншы жүзеге асырылған-ды. Биыл бағдарламаны қаржыландыру аясы 8 миллиард теңгеге артып отыр. Ең бір атап өтерлігі, үйіндегі тозығы жеткен екі көлігін өтелдеуге өткізіп, сондай-ақ қолына бұдан тыс 650 мың теңгенің жеңілдік сертификатын алған азаматтардың осы бағдарламаға қатысып, сатып алар жаңа көлігінің бастапқы жарнасын төлеу мүмкіндігіне ие болып жатқандары аз емес. Отандық автоөндірушілер бастамасына қолдау көрсету бұдан әрі де басты назарда бола бермек.
Баймаханбет АХМЕТ