Шыңғысайтмат, Назымхикметтер ән шырқады
Шыңғысайтмат, Назымхикметтер ән шырқады
Белгілі композитор, шәмшітанушы Қалдыбек Құрманәлінің өз балаларының есімдерін Шәмшіқалдаяқ, Бекзатсаттархан, Мұхтаршахан, Иманғалитасмағамбет деп атағаны былайғы жұртқа біртүрлі қызық көрінері бар. Бұл берідегі әңгіме ғой. Ал Талас ауданындағы Ойық ауылының азаматы болған, кезінде балаларға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген Әбілжан Елібаев ағамыздың бұдан көп жыл бұрын ұл-қыздарына Сталинжан, Шыңғысайтмат, Мұхтарәуез, Назымхикмет, Нұрфидельхан, Нұрдана, Жанкүміс деп ат қойғанын екінің бірі біле бермес. Сол балалардың бес жасында шетінеп кеткен Сталинжаннан өзгесі дін аман, бүгінде бәрі үйлі-баранды. Бір ғажабы, ағамыздың отын өшірмей отырған Зоякүл жеңгеміз де, оның келіні де «Күміс алқа» иегерлері екен. Бүгінде Ойық ауылындағы Ә.Тәжімбетов атындағы Мәдениет үйінің жетекшісі болып қызмет ететін ұлдың үлкені Шыңғысайтмат келіншегі Кенжекүл екеуі «Әбілжан» отбасылық ансамблін құрып, өнерлерімен елдің ілтипатына бөленуде. Ансамбль құрамында олардың үш ұлы мен үш қызы да бар. Өнерлі отбасы өткен сенбіде «Баласағұн» мәдениет сарайында көрермендеріне отанасы Зоякүл Шілдебайкелінінің 65 жасқа толуы құрметіне «Асыл анам» атты концерттік бағдарлама ұсынып, би де биледі, күй де күмбірлетті, ән де салды. Жоғары музыкалық білімі бар әнші-сазгер Ш.Әбілжанұлы әнді әрлеп, өңдеуде, бейнеклип түсіруде болсын бейнетқорлық танытқан. Әсіресе оның өзі, қызы – Гауһар, қарындасы – Жанкүміс, інісі Назымхикметтер нәшіне келтіре орындаған, ақындар Н.Қашағанов, С.Томанов, З.Шілдебайұлы сөзін жазған, таластық сазгерлер Ә.Салабековтің, С.Бәкірдің, Ж.Молдабековтің Отан, туған жер, ана, әке туралы әндері көпшіліктің көңілінен шықты. Іс-шара соңында Ойық ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Панас Рахманбердіұлы мен осы жолдардың авторы жерлестері атынан алғыс айтып, өнегелі отбасының өнерлерімен өрге жүзе беруіне тілектестіктерін жеткізді.
Баймаханбет АХМЕТ