Әлеумет

Алдымен “Aq jol”-ды парақтаймын

Алдымен “Aq jol”-ды парақтаймын

Сонау 70-жылдардан бері республикалық, облыстық басылымдарды жаздырып алып, әр санын жібермей оқып отыратын әдетім бар. Газет-журналдар кешіге қалса, асыға күткен досым келмей кеткендей алаңдаймын. Қолыма тисе алдымен «Aq jol»-ды парақтаймын.

Бұл газет өңіріміздің тыныс-тіршілігімен қатар, тарихи-танымдық дүниелерді көптеп жариялайтыны маған өте ұнайды. Елдегі, облыстағы, қаладағы болып жатқан жаңалықтарды алғашқылардың бірі болып оқырмандарына жеткізеді. Зейнетке шыққалы да жиырма жыл өтіпті. Содан бері «Aq jol» газетінен қол үзген емеспін, жазған мақалаларым да жиі жарияланып тұрады. Бір жақсысы, соңғы уақытта облыстық басылым ең алдымен ел жаңалықтарын жеткізуден бастайтын болды. «Aq jol» өзінің 95 жылдық тарихында өңірдің экономикалық, әлеуметтік дамуына үлес қосып, барлық саладағы серпілісті саралап жазып, түйінді тақырыптарды түгел қамтып келеді. Сонысына қарай оқырмандардың ойынан шығып, асыға күтетін газеттердің біріне айналды. Газет басшылығы мен шығармашылық қызметкерлерінің қауырт, тынымсыз еңбектері көзге көрінбегенімен, газет бетінен анық байқалып тұрады. Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде баспасөздің қосатын үлесі зор. Облыстың бас басылымының беделі артып, шығармашылық қызметкерлерінің қаламы ұшталып, оқырмандары көбейе берсін. «Aq jol» газетіне жазылуды ұмытпаңыздар, ағайын!

Тілектес ЕРІМПАШЕВ, ҰҚК-нің құрметті ардагері, Сарысу ауданының Құрметті азаматы, запастағы полковник