Мәдениет үйі халыққа қызмет етуі тиіс
Мәдениет үйі халыққа қызмет етуі тиіс
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстар қоғам өмірінің барлық саласын қамтуы керек. Халық тұрмысын түзетуде экономика мен өндірістен бөлек, мәдениетке серпін беру – кезек күттірмейтін мәселе.
Бүгінде мегаполистерден бұрын өңірлерде халықтың мәдени-рухани сұранысын қанағаттандыру қажеттігі жиі айтылуда. Сондықтан саланың қарқынды дамуы үшін мамандар бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай жұмылып еңбек етуі керек. Облыс әкімдігінде өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен кеңесте мәдениет нысандарын салу мәселелері талқыланды. Бүгінде облыс аумағында 26 елді мекен мәдениет нысанын қажет етеді. Бірінші кезекте олардың 8-ін қамтамасыз етуді ойластырған жөн. Бұл орайда 10 ауылдағы жекеменшікке өткен мәдениет ошақтарының жағдайы да назардан шет қалмайды. Жиында құрылысы таяу арада қолға алынатын нысандарды көп салалы орталық етіп салу жайы да сөз болды. Бұл орталық тұрғындарға мәдени-көпшілік іс-шаралардан бөлек, түрлі мемлекеттік қызметтерді алуға мүмкіндік беретін мекемеге айналуы қажет. Сәйкесінше, облыс әкімі жауапты тұлғаларға мәдени нысандар типіндегі көп салалы ғимараттар құрылысын жоспарлау, оларды ел игілігіне берген соң тиімді пайдалану тетіктерін мұқият қарастыруды тапсырды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі