Әдебиет

Жыр дәптер

Жыр дәптер

Сыр

Нәрестедей нәзіктігін наз демеп, Сағынышын сездіргенде саз желек. Көктем неге табиғатқа жылаңқы? Себебі оған жалғыз ғана жаз керек. Барлық гүлдің сөлін сорып маздана, Аспан мен жер арманы боп аз ғана... Неге күзге айналады табиғат? Себебі ылғи көктем керек жазға да. Қағазымды қанат қылып қаламға, Шағала-шер шомылып жүр жағада. Түсіндің бе табиғаттың тағдырын? Ендеше тек сен керексің маған да! Асыру Көз жасымен көрінгенге ішілген, Көңіліммен көрінгенге түсірген, Мен ертерек ұйықтаймын кеш батса, Сені ертерек көру үшін түсімнен. Жұлдыздардай жалғыздықтың көгінде, Өлі түнді айырбастап өмірге, Мен ертерек оянамын таңертең, Сені ертерек ойлау үшін өңімде. Сезесің бе? Сыбырласып санаңда өмір сүрген үн, Естігенде естен танған гүл демің, Жалғыздық боп жауратады жаныңды, Кірпігіңмен парақталған түндерің... Түсімізді тұншықтырып жас дәмі, Өңімізді өтіріктер растады. Алдамшылау қуаныштар құшағы, Қасірет боп қылқындырды басқаны... Асықпашы, уақытқа «күт» деші, Онысыз да сезімдердің шықты есі. Мына өмірдің өзі өлең ғой, тоқтатсақ, Екеуміз ғой оның үтір, нүктесі! 11Нұржан ҚАДІРӘЛІ.