Әлеумет

Субсидия уақтылы берілсе...

Субсидия уақтылы берілсе...

«Тоғызкент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қаракөл қойын өсіретін санаулы шаруашылықтың бірі. Бірақ, кезінде жіберілген кемшіліктерден шаруашылық әбден құлдырап, ұрала қалған. Мен оны қабылдап алғанда, 16 миллион теңге қарызы бар, банкрот болу жағдайына келіп қалған екен. Шаруашылық мүшелерімен ақылдаса еңбек ете отырып, ол қарыздан құтылдық-ау, әйтеуір. Әйтсе де өндірісті әрі қарай дамытуға күш-қуатымыз жете бермеді. Бас-аяғы 600 бастай ғана қойымыз, азын-аулақ техникамыз қай жыртығымызды жамауға жетсін. Біз құрамына кірген облыстық әлеуметтік кооперативтің көмегі жоққа тән. Биыл өз күшімізбен 400 гектар жерге егін ектік. Үкімет тарапынан субсидия беріледі деген соң, тәуекелге бел буып, мақсарыны мол септік. Шығымы жаман емес. Бірақ, оған бөлінген субсидия әлі қолымызға тимей отыр. Екіншіден, облыс басшысының Талас, Сарысу аудандарына сапары кезінде қаракөл қой шаруашылығын дамытып, оның елтірісін нарыққа шығарудың жолдарын табу керек деген тапсырмасы бізді қатты қуантты. Егер елтіріге де субсидия бөлінсе, оны ілгерідегідей өңдеу үшін кішігірім цехтар салып, дайын өнімді сатар едік деп ойлаймын. «Ауа райының барлық жағдайына төзімді қаракөл қойының жүнінен киіз, байпақ, елтірісінен неше түрлі бас киім тігуге болады» деген облыс басшысының сөзіне алып-қосарым жоқ.

Қыдырбек Әбдімәліков, «Тоғызкент» ЖШС директоры.

Сарысу ауданы.