«Тараз» «Каспий» командасын ұтты
«Тараз» «Каспий» командасын ұтты
Футболдан бірінші лиганың екінші турында Шымкентте ақтаулық «Каспий» командасына қарсы жасыл алаңға шыққан «Тараз» футболшылары қарсыластарынан айласын асырып, турнир кестесінде үшінші орынға көтерілді. Тартысқа толы ойынның алғашқы бөлігінде белсенділік танытқан жерлестеріміз 4-минутта есеп ашты. Евгений Шипицын ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланып, командасын алға шығарды. Бірінші кезеңде екі команда алма-кезек шабуылдар ұйымдастырғанына қарамастан, таблодағы көрсеткіш өзгеріссіз қалды. Есесіне жанкүйерлер екінші 45 минуттықта екі голдың куәсі болды. Ойынның қалған уақытында екі команда футболшылары да гол соғуға ұмтылып бақты. «Каспий» футболшылары есепті теңестіруге жанұшыра ұмтылса, «Тараз» ойыншылары есепті еселеуге талпынды. Кездесу аяқталар тұста «Тараз» жеңіске жетті деп топшылап отырған едік. Алайда «Каспий» командасы 89-минутта таразы басын теңестіріп кетті. Әйткенмен «Тараз» футбол клубының аяқдоп шеберлері төреші қосқан минуттарда жеңісті жұлып алды. Кездесудің 92-минутында Сағадат Тұрсынбай мергендігімен көзге түсіп, команда қоржынына маңызды үш ұпайды салды. Екі ойыннан кейін 4 ұпай иеленген «Тараз» футбол клубы қазіргі кезде турнир кестесінің үшінші сатысына орнықты. Алғашқы екі ойында жеңіс тойын тойлаған «Қыран» мен «Оқжетпес» командалары тиісінше бірінші және екінші орындарға жайғасқан. Енді жерлестеріміз 14 сәуір күні Тараз төрінде алматылық «Қайрат А» командасын қабылдайды.
Табиғат АБАИЛДАЕВ